Қазақстанның инвестициялық әлеуеті қандай
Бүгінде елімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасты. Мәселен, соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанға жыл сайын 20 млрд доллардан астам инвестиция тартылған. Жаһанды жайлаған пандемияға байланысты 2020 жылы тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) көлемі азайғанымен, 2021 жылы қайта қалпына келіп, 23,7 млрд долларды құраған. Ал өткен жылы ТШИ көлемі 27 млрд долларға жетіп, 17,8%-ға өсім көрсетті. Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасына сәйкес, ТШИ көлемінің жыл сайынғы ағыны 2026 жылға қарай 25,5 млрд долларды құрауы тиіс. Қазіргі таңда елімізге инвестиция салатын елдер қатарында Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Қытай, Бельгия, Ұлыбритания секілді экономикасы дамыған алпауыт мемлекеттер бар.
Қазіргі таңда шетелдік инвесторларды тарту мақсатында ауқымды іс-шаралар қолға алынып жатыр. Олардың ірі жобаларды іске асыру мүмкіндіктері де едәуір кеңейтілді. Еліміздегі қолайлы инвестициялық климатты қалыптастыру шаралары, инвестиция көлемі артқан салалар, өңірлердегі инвестиция мәселесі, шетелдік инвесторлар тап болуы мүмкін қиындықтар, сонымен қоса саладағы проблемалар туралы ҚазАқпарат сарапшысының материалында.
Қазақстанға қанша инвестиция тартылды?
Бүгінде елімізде жұмыс істеуге ниетті шетелдік инвесторлар қатары артып келеді. Соңғы 30 жылда Қазақстанға әлемнің 120-дан астам елінен 370 млрд доллардан астам шетелдік инвестиция тартылған. Олардың басым бөлігі Еуропа елдеріне, АҚШ-қа тиесілі. Өткен жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, елімізде шетел капиталының қатысуымен 45 800-ден астам компания тіркелген. Олардың саны 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42%-ға артып отыр.
Содан да болар, елімізге тартылған инвестиция көлемі де өскен. Мысалы, 2022 жылдың тоғыз айында Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы көлемі шамамен 22,1 млрд долларды құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8%-ға көп. Алдын ала мәліметтер бойынша, 2022 жылы ТШИ-дің жалпы көлемі 27 миллиард долларға бағаланған. Қазіргі таңда жалпы құны 30 триллион теңге болатын 850 инвестициялық жобадан тұратын республикалық пулмен жұмыс жүргізіліп жатыр.