Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Несиеге неге құмармыз?

Несиеге неге құмармыз?

Цифрландыру әр саланы өзгеше сүрлеуге салып, қолжетімділік басты шартқа айналды. Соның ішінде түрлі деңгейдегі банктер алам деген адамның «бетін қақпай, белін буып» қысылғанға қарыз беріп келеді. Статистика бойынша әр үшінші қазақстандық несие алған. Ал Ұлттық банк 2020 жылы берілген несиелердің жалпы сомасы жарты триллион теңгеге жуықтағанын жария етті.
Несие арқылы қарапайым ұялы телефон мен түрлі тұрмыстық техника, автокөлік, тіпті, көлемді қаржыға қол жеткізу қиын емес. Қазақтың үйленгенінен үйлі болуына дейінгі әрекеттері банктерге байланғандай. Мамандар мұны қазақстандықтардың қаржылай сауатсыздығымен байланыстырады. Себебі ел халқының тең жартысында депозит салымдары емес, бас-басында бір-екі банкке қарызы бар. Қазақ неге несиеге құмар? Қарызды алу оңай, ал қайтаруда неліктен қиналамыз? Осы сұрақтар төңірегінде мәселенің мәнісіне үңілейік.

Қарыз жабу үшін қарыз алу
Кез келген 21 жасқа толған ел азаматы несиеге қол жеткізе алатынын атап өттік. 2020 жылдың соңына қарай Dauletten.kz сайты өз оқырмандары арасында сауалнама жүргізіп, несие туралы біраз сұраққа жауап алған еді. Оған 27 842 адам қатысса, басым бөлігі – жастар. Бүгінгі күні жастардың орта және үлкен буыннан гөрі тұтынушылық несиеге жиірек жүгінетіні рас. Жаңа буынға қарызға қаржы алу қалыпты құбылысқа айналған.
Сауалнама арқылы қазақтардың несиені қандай қажеттілік үшін алғанын сараласақ, техника мен электроника сатып алу себебі екінші орында тұр. Басты орында тұрғын үй, көлік алу, жеке кәсіп ашу және той жасау үшін алынған несиелер орналасқан.
Банк қызметкері әрі заңгер Әсем Сатыбалдиева қазіргі таңда несиенің түрлі мақсатта алынып жатқанын жоққа шығармады. Оның айтуынша, қазақстандықтардың көбінде кездесетін жағдай – қарызды қарызбен жаба тұру. «Оған көзім жетті. Тіпті, қазақтар қайта қаржыландыру жасауға тырыспайды. Себебі кредитті қайта қаржыландырса, әлдеқайда ұтымды. Дегенмен олар бірден банкке жүгіріп, тағы бір кредит рәсімдейді. Шыны керек, пайыздық мөлшерлемесіне де аса назар аудармай жатады», – дейді маман.
Оның айтуынша, соңғы жылдары дүркіретіп той ұйымдастыру, маңызды отбасылық мерейтойлар үшін де жиі несие алынады. Бұл мақсаттағы қарыздың мөлшері 10 миллион теңгеге дейін жетеді деуге болады. Қазақтар тойды атқарып шығу үшін кем дегенде 3-4 миллион теңгеге дейін қарызға кіреді екен.
Қазір – нарық пен маркетинг кезеңі. Соған қарамастан көбісі бұрынғы жүйеге сай, жалақыдан жалақыға дейін өмір сүруге үйреніп қалған. Айдың соңына жетпей, қиналған жұрт жамырап, банкке қарай жүгіреді. Міне, сарапшылардың зерттеулеріне мән берсек, қазақстандықтар түгелдей материалдық, қаржылық жетіспеушілікті қарызбен жаба тұруға ұмтылады екен.

Өңірдің ахуалы қалай?
Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов жеке парақшасында облыс тұрғындары арасында тұтынушылық несиелеудің артқанын, соған сәйкес қарыз жүктемесінің жедел өсіп келе жатқанын жазған болатын.
2020 жылы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша облыс тұрғындарының банктен алған тұтынушылық несиесі 161 миллиард теңгені құраған. Бұл – республикалық көрсеткіштен 2 есе жоғары. 2015 жылдан бері соңғы бес жыл ішінде тұтынушылық несие көлемі аймақта 1,9 есеге өскен, ал бұл уақытта азаматтардың жалақысы 1,5 есеге ғана артқанын айта кету керек.
Ол: «Тұтынушылық несие талдауы көрсеткендей, несиенің бұл түрінің көлемі халықтың кірісіне қарағанда 1,5 есе тез өсуде, бұл пандемия салдарынан халықтың әлеуметтік әл-ауқатының нашарлауы аясында әлеуметтік шиеленістің катализаторына айналуы мүмкін. Ойланатын жағдай», – дейді.
– Пандемия шынымен бәрін өзгертті. Қаржылық жағынан қиналып, азық-түлік, киім, дәрі-дәрмек қымбаттай түскенде, балалар онлайн оқитын болды. Үш балам да мектеп оқушысы. Сол кезде несиеге телефон сатып алдық. Бөліп төлейтін болған соң оңай көрінгенімен, ай сайын уақытылы ақша салып отыру да шығын. ­Бастысы азық-түлік жеткілікті, шүкір дедім. Себебі әлі күнге дейін «Kaspi Red» арқылы азық-түлікті бөліп төлеуге алатын таныстарым бар, – дейді Айзада Жақсылықова есімді тұрғын. Азық-түлік үшін қарыздану – халық мұқтаждығының көрінісі. Пандемия кезінде тұралап қалған сантүрлі сала қайтадан нық қадам басып, арақашықтықта жұмыс істеудің жаңа тәсілдеріне көше бастады. Аудандағы кәсіпкерліктің тың жолға түсуіне тікелей әсер еткен күрделі кезең жұмыссыз, көпбалалы отбасылардың жағдайын одан әрі қиындатып, несиеге жүгінген жөн екенін көрсеткендей. Дегенмен аз пайызбен, ұзақ уақытқа бөліп төлеу арқылы несие алу «ауырдың асты, жеңілдің үстімен» жүретіндер үшін оңай шешім ғана сияқты.

Қаржылық сауаттылық керек
Психологтар адам туындаған мәселені жылдам шешу, бір сәтке бәрін оңайлату үшін несиеге жүгінетінін айтады. Бірақ шын мәнінде қарыз алу – өзіне, ақша табу қабілетіне сенімсіз адамның әдеті. Ал ауру қалса да, әдеттің қалмайтыны айтпаса да белгілі.
Экономист Жарас Ахметовтың пікірінше, Қазақстанда банктер үшін халық қарыз алушы ғана. Тұтынушылық несиенің өсуі қауіпті дүние емес. Жинаған қоры жоқ, табысы төмен халық несиеге жүгінеді. Қажеттіліктерін қарыз алып қана қанағаттандырады. Алайда несие берер кезде екі жақ үшін де қарыз беру мен алудың барлық шарты сақталуы қажет. Пайыздық мөлшерлеме мен банктың шартына мән бермегендер кейіннен шатылып, қарызын қайтара алмайтынын білгенде, қашқынға айналады. Осылайша бір қарызын жабу қайта несие алып, қашып жүргендер қаншама.
Мұның бәрі айналып келгенде елдің қаржылық сауатсыздығын білдіреді. Сондықтан білім ордаларында оқушылар мен студенттерге, жұмыс орындарында орта буындағыларға осы бағытта білім беруді қолға алатын уақыт жеткен сынды.
Қанша уақыт өтсе де банктердің ұраны: «Қарыз, қарызды беру – парыз» болып қала бермек. Тұрғындардың бір бөлігі несиені кешіруді өтініп, президенттен көмек сұрауға да көшті. Бірақ бар жауапкершілікті мемлекетке артып, қаржылық қиындық туындағанда қабылдаған шешімімізді жоққа шығару мәселені шешпейді.

Дина БӨКЕБАЙ
23 қараша 2021 ж. 552 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 84

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930