Салық түспей – бюджет бүтінделмейді
Салық жүйесі – мемлекеттің қаржылық қуатының басты тірегі һәм негізгі кіріс көзі. Сол арқылы мемлекет өзінің көптеген қоғамдық-әлеуметтік, саяси-экономикалық мәселелерін шешіп, азаматтарына жағдай жасап, тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сондықтан азаматтарынан салық алмайтын мемлекет жоқ. Оның ішінде әр аймақ, әр аудан салық базасын ұлғайту шараларын үздіксіз ұйымдастыруға күш салатыны анық. Ал біздің ауданда бұл бағыттағы ахуал қандай? Расында, қырық жылға жуық қаржы органдарында қызмет істеген мені осы саланың сауалдары алаңдатады және жаңалықтарына құлағым түрік жүреді.
Жуырда Қазалы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновке жолығып, хәл-жағдайын сұраған едім. Ол ауданның мемлекеттік бюджетінің кіріс болжамының жылма-жыл тұрақты орындалып келе жатқанын айтты. Онысына қуанып қалдым. 2017 жылдың болжам жоспары 105,3 пайызға орындалған екен.
Кезінде әлем нарығында «қара алтынның» құны шарықтап тұрғанда Қызылорда субвенциялыдан донорлық аймаққа айналады деп топшыланған. Алайда, соңғы жылдары жаһанда мұнай бағасының күрт төмен түсуі өңір экономикасына кері әсерін тигізгенін білеміз. Қазалы ауданының 2017 жылғы бюджеті 11 млрд 104 млн теңге болып жоспарланған. Оның ішінде: өз кірісіміз – 1 млрд 250 млн теңге; субвенция – 9 млрд 859 млн теңге; салық қызметкерлерінің еселі еңбегі арқасында өз кірісіміз – 1 млрд 288 млн теңге болып орындалған. Сөйтіп, бюджетке 38 млн теңге болжамнан артық түсуі қамтамасыз етілген. Соның өзінде өз кірісіміз аудан бюджетінің 13 пайызын ғана құрап отыр.
Үстіміздегі жылы аудан бюджеті 11 млрд 834 млн теңге болып бекітілген. Оның ішінде: өз кірісіміз – 1 млрд 442 млн теңге; субвенция – 10 млрд 392 млн теңге. Ал өз кірісіміз 13,8 пайыз ғана.
Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады? Аудан тіршілігіне қажетті қаржының 87 пайызы мемлекет есебінен өтелуде. Басқаша айтқанда, өндірісі дамыған табысты аймақтарға, мемлекетке масылдық көзқараспен қарап отырмыз деуге негіз бар. Бюджет тайқазанына ожауды салып, жантайып жатып іше бермей, субвенцияны аз қолдану жолдарын қарастырып, аудан бюджетінің салық салу базасын ұлғайту қажет. Осылайша, масылдықтан арылатын, өзін-өзі қамтамасыз ететін жағдайға ұмтылыс жасау керек. Бұған қатысты Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда; өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында: «Мемлекеттік шағындар мен субвенциялар жүйесін қайта қараған жөн. Бүгінде бүтіндей бір салалар мемлекет есебінен өмір сүруде», – деген болатын.
«Түйесі жоқ ауылға тайлақ атан көрінер» демекші, көрші аудандарда ірі-ірі кәсіпкерлік нысандар мен өндіріс орындарының ашылып жатқанын білгенде қызғана да қызыға еріксіз таңдай қағатынымыз рас. Кәсіпкерлік – ел экономикасының негізі. Сондықтан, Елбасы осы салаға аса мән беріп отыр. Дамыған елдерде мемлекет бюджетінің басым бөлігін кәсіпкерлер толтырып отырады.
Ауданда 4000-нан аса кәсіпкер тіркеліп, облыста көш бастап тұр. 2017 жыл қорытындысы бойынша кәсіпкерлерден 120 млн теңгеден астам салық өндірілген, ол өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 23 млн теңгеге артық. Бұдан бөлек, қосымша 75 млн теңге әлеуметтік салық түсіп отырғандығын атап өтпеуге болмас. Бұл жөнінен басқа аудандармен салыстырғанда оқ бойы озық тұр. Осы ретте, біздің аудандағы салық саласы қызметкерлерінің қажырлы еңбегін айта кеткен абзал.
Десек те, кәсіпкерлерден түсетін салық әлі де көңіл көншітерлік деңгейде емес. Себебін айтайық. Қазір ауданда құрылыс қарқынды жүргізіліп жатқанымен, өз өлкемізден өндіруге мүмкіндік бола тұра материалдар (кірпіш, брусчатка т.б.) сырттан тасымалдануда. Қазір баяғыдай асарлатып үй салу да жоқтың қасы. Оның орнын алмастырған жабайы құрылыс бригадалары заңды органдарда тіркелместен жұмысын жайбарақат істеп жүр. Айтпағым, неге аудандағы заңды құрылыс мекемелері жеке тұлғалармен келісімшарт жасасып, қолжетімді бағада олардың үйін салмасқа?! Елбасы бір сөзінде өзін-өзі қамтамасыз етіп жүрген жандарды әңгіме еткен еді. Мұндай адамдар біздің ауданда жетерлік. Оны көріп те жүрміз. Олардың әлеуметтік жағдайлары жұмыспен қамтылған адамдардан артық болмаса кем емес. Мемлекетке ешқандай салық төлемейді, бірақ мемлекеттік бюджет есебінен балаларын мектепке оқытып, ауырса медициналық тегін көмек көріп отыр. Ал шоу-бизнес өкілдерінің (асаба, әнші, фото-видео түсіру, би топтары т.б.) көбісі тіркелмеген. Сондықтан, олардан салық өндірудің жолын қарастырған жөн және тойхана иелерінің жауапкершілігін арттырған жөн.
Мұны неге айтып отырмын? Негізінен біздің аудандағы кәсіпкерлердің дені сауда-саттық пен той бизнеске бетбұрыс жасаған. Жасыратыны жоқ, өнім өндірушілер саусақпен санарлық. Бұл тұрғыда, Самұрат Имандосов, Мінәжадин Өтеев, Аманбай Ерқатов, Төребек Игіліков, Мерей Есқожаев сынды кәсіпкерлермен ұялмай мақтануға болады. Сондықтан, жергілікті кәсіпкерлер жиған қаражатын мемлекет бюджетінің бүйірін қампайтатын әрі тұрақты жұмыс көзін көбейтетін өндіріске құйғаны қайырлы болар еді. Осы орайда облыс әкімінің «Дағдарысты еңсеріп еңселі ел болу үшін өндіріс орындарының санын арттыру қажет» деген сөзі ойға оралады. Мақсат – өз өнімдерімізді шығару және пайдалану арқылы сырттан келетін өнімдерді ығыстыру. Бір сөзбен айтқанда, өзгеге жалтақтамаудың қамы.
Бұған қоса, облыс әкімі 2018 жылы кәсіпкерлікті дамытуға айрықша назар аудармақ. Бұл өз кезегінде салық базасын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көлеңкелі бизнеспен бел шеше күреспесе болмас. Мәселен, ауданымызда 800-ден астам жеке кәсіпкер бақылау-кассалық машинасымен халыққа қызмет атқарады. Осылардың басым бөлігі неше түрлі құйтырқы әрекеттер жасап, тұтынушыларға түбіртек (чек) бермейтіні жасырын емес. Тұтынушыларға сатып алған тауарларына немесе алған көрсетілген қызметіне қасақана кассалық чек бермеу – табысты жасыру арқылы салықтан жалтаруда. Бұл аз десеңіз, қара басының қамын ойлаған кейбір кәсіпкерлер мемлекеттік тіркеуде жоқ бақылау-кассалық машинасымен тұтынушыларға жалған түбіртек шығарып жатыр. Мұндай жымысқы әрекеттің де тамырына балта шабу қажет.
Ендеше маман әрі салық саласының жанашыры ретінде тұтынушыларға ескерте кететін, бір қолыңызбен ақшаны төлеп, екінші қолыңызбен түбіртекті талап етіп, салықтан жалтаруға машықтанған кәсіпкерлерді тойтарсаңыз, көлеңкелі экономиканы жоюға қосқан үлесіңіз деп біліңіз. Ал бақылау-кассалық машинасының түбіртегінде мынадай ақпараттар болуы тиіс:
– салық төлеушінің атауы;
– ЖСН нөмері;
– касса машинасының зауыттық нөмері;
– салық органында тіркелген нөмері;
– түбіртектің реттік номері;
– қызмет көрсетілген күні, уақыты;
– тауардың, қызметтің бағасы, жалпы сомасы.
Бұл деректер түгел болмаған жағдайда түбіртек жарамсыз болып саналады.
Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «біздің санамыз ісімізден озық жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деген ойды алға тартты. Демек, санамызды жаңғыртуымыз керек. Сондықтан, кәсіпкерлердің заң талаптарын бұзып, табысын жасырып, салықтан жалтару мақсатында түбіртек бермеу әрекетіне бей-жай қарамау керек. Бірінші кезекте мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала қызметкерлері халыққа үлгі болып, осы іске ұйытқы болуы керек деп ойлаймын.
Қорыта айтсақ, нарықтық экономика салыққа тәуелді болғандықтан, салық базасының көзін тауып ұлғайту – басты міндет. Көлеңкелі экономикамен күрес жүргізіп, қазына қаржысын еселеген жөн. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтауға тиіс емес.
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы саласының ардагері.