Салғырттықты көтермейтін сала
Кез келген мемлекетті қаржыландырып отыратын қалыптасқан өзіндік салық жүйесі бар. Өркениетті қоғамда ол мемлекеттің діңгегі әрі тірегі болып саналады. Егемен елдің тәуелсіздігін нығайту және мемлекет бюджетінің қаржы қорын реттеуде қаржыгерлер еңбегі ерекше. Бұл қырық жылға таяу осы саланың қыры мен сырына қанығып, қызмет атқарған тәжірибеден туған пікір. Қазір зейнеткерлік кезеңді бастан өткерудемін.
Жастық шақта Күнтуған Көшімов, Әлима Ақбаева, Арыстанбек Жұмағалиев, Саядин Қайыпназаров, Бақытжамал Биболова, Зейнеп Тасмағамбетова, Қалмырза Аймағамбетов сынды қаржы жүйесінің қазанында қайнап, ел экономикасын дамытуға үлес қосқан майталман мамандармен қызметтес болып, олардан тәрбие алғанымды мақтан тұтамын. Бұлардың бәрі бүгінде бақилық болды. Алайда олардың іскерлік, ізденімпаздық, талапшылдық, қызметке адалдық қасиеттері кейінгі ұрпаққа өнеге болып қала бермек.
1991 жылдың 9 шілдесінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Мемлекеттік салық салу қызметін кұру туралы» №380 Жарлығы қабылданды.
Әлі есімде, сол кездегі облыстық финанс бөлімінің бастығы, марқұм Камал Шөкенов келіп, Сәндібек Аманжоловтың облыстық салық комитетіне бастық болып тағайындалғанын, енді ауданымызда да салық комитеті кұрылатынынан хабардар етті. Он екіде бір сайманы жоқ, «қазығы кағылмаған» мекемеге жылы орнын суытып ешкім барғысы да келмеді.
Камал Шөкенов орысша араластырып сөйлейтін кісі еді. «Жасырмаймын, бұл мекеменің жұмысы оңай болады деп айта алмаймын. «Будете пахать как лошадь», – деді. Ауылда екі күн болып, жоғары білімді, іскер жас маман Базархан Ақжігітовті жаңа мекемеге басшы, оның орынбасары етіп Күлмариям Байсалбаеваны (халық оны Майра дейтін) тағайындады.
Мен қаржы бөлімінде қалып қойған болатынмын. Салық инспекциясы өз алдына отау тігіп, шаңырақ көтерісімен көп ұзамай Базархан Төреқұлұлы кооперативтер мен жеке кәсіпорындардан салық алу бөліміне бастық болып ауысуымды сұрады. Осылайша жаңа саланың қызметіне кірісіп кеттім.
Салық инспекциясы құрылуы мен қалыптасуының қиын кезеңінде әртүрлі әдістермен мемлекеттен табыстарын жасырып, салық төлеуден жалтарушылар қарасы көбейе бастаған. Сегіз қызметкермен бірге біздің бөлім мұндай тұрғындармен заң аясында жұмыс жүргізді. Базархан халықпен де, ұжыммен де тіл табыса білетін. Қандай да бір жағдай болмасын қатты келмей, әзілдеп отырып-ақ айтайын дегенін еркін жеткізетін қабілетті, білікті басшы болды. Орынбасары Майра жұмысқа жан-тәнімен берілген адам еді. Оның жүрегі салық «дертімен» ауырып, соның қиындығынан азап шегіп, жетістігімен гүлденіп, бақытқа кенелетін.
Біздін назарымызда міндетті түрде салық төлеушінің шығындарының кұрылымы, өнім бағасының өсуі, жергілікті нарықтағы жағдайы, оның рентабельдігі тәрізді маңызды бағыттар болатын. Қайнаған істің ортасында Ерғали Адиров, Ұлтуған Әбдібаева, Бекбатыр Айдосов, Жақсыбике Жұмахметова, Фердоуси Қожабергенов, Серік Нарегей, Мінәжадин Өтеев, Оңдасын Махамбетов, Оразбике Шамшаева, тағы басқа салық мамандары барлығы 38 қызметкер шаруаны бір ізге салып, нәтижесіне көз жеткізгенше, тыным таппайтын. Есеп-қисап жұмыстарын тынбай жүргізіп, том-том кітаптарға енгізіп, ауызбірлікпен қызмет атқардық.
Өзім басқаратын бөлімде кәсіпкерлердің фотосуреті, төлқұжат деректері, тұрағы, қызмет жасайтын орны, тағы басқа мәліметтер бар қолдан жасалған кәсіпкерлерді тіркеу кітабын жүргіздім. Қызметкерлерді тексеруге жұмсағанда соны пайдаланатынмын. Ол кезде ауданда 800-ге таяу кәсіпкер болды.
1994 жылы салық өмірінде үлкен жаңалық болды, инспекцияға алғашқы компьютер келді. Аталмыш қызметке білікті маман-программист Роза Қонысбаева қабылданды.
Тұрақты кеңсе ғимараты жоқ, мекеме казіргі әуез мектебі болып тұрған ғимаратқа орналасқан. Роза болса жалғыз өзі табиғи жарығы жоқ, терезесіз, есігі жуан темірмен торланған, темір есіктің арғы жағында жұмыс істейтін. Күнделікті мәліметтер мен ақпараттарды енгізу, аудан тұрғындарына, кәсіпкерлеріне СТН беру сияқты ауыр жұмыстарды жүргізетін оның қасына баруға әдепкі кезде тиым салынды.
Майра апай компьютерге сенімсіздік білдіріп, қосымша бұрынғы қолданылып жүрген жазбаша кітапқа тіркеу әдісін жүргізіп отыратын.
Салық заңдылықтары мен нормативтік актілерді алдымен салықшылар жақсы білуі керек, содан кейін барып салық төлемгерлері зердесіне жеткізе түсіндіру ләзім. Сондықтан ұжымда аптаның бір күні тәжірибе жинақтауға арналып, заңдардағы, әдіснамалардағы өзгерістер мен толықтырулар Майра апайдың басшылығымен талқыланып отыратын.
Тағы бір айта кететін жайт, бұл кезеңде елде кәсіпкерлердің контрабандалық заттар өткізу, тіркелмей сауда істеу, спирт сату, қолдан акциздік маркасыз арақ жасау сияқты заң талаптарын өрескел бұзу фактілері орын ала бастады.
1994 жылдың ақпанында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ішкі істер бөлімі және салық инспекциясы мамандарынан іріктеліп жасақталған салық полициясы дүниеге келді. «Полиция» дегеніміз грек тілінде мемлекеттік жұмыстарды бірқалыпты ұстау деген ұғымды білдіреді. Аталмыш мекемеге жас, білікті салық мамандары Серік Нарегей, Нұрлан Көшімов, Бауыржан Өтемұратовтар ауысып, олармен қойын-қолтық бірлесе жұмыстар атқарылды. Түрлі құрылымдардың мемлекеттен жасырып жүрген табыстарын, салық төлеуден касақана жалтарушыларды анықтап, мемлекет қорына тиісті қаржыларының түсуін қамтамасыз ету үшін қажыр-қайрат жұмсап, тер төктік.
«Қазақстан Республикасында тауарларды сату құқығы үшін алым алу тәртібі» туралы 1995 жылғы 12 шілдеде жарияланған №955 санды ҚР Үкіметі қаулысын жүзеге асыру мақсатында базарларға жаппай рейдке шығатынбыз. Бұл да жауапкершілігі мол, ауыр тапсырма болатын.
Қазақстанда ТМД елдері арасында бірінші болып, екі жылғы жұмыс нәтижесімен 100 күндік сынақ мерзімінен кейін 1995 жылы салық Кодексі дүниеге келді. Оны талқылауға қазақстандық белгілі экономистер, халықаралык экспорттар қатысты. Салық кодексін жасау барысында салықшылардың, отандық және шетелдік кәсіпкерлердің жүздеген ұсыныстары еске алынды. Елбасы мен Қазақстан Үкіметі жаңа кодекске ерекше мән берді.
1997 жылдың желтоқсан айында Қазалы ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы болып, аудандық мемлекеттік қаржы-бақылау комитетінің бастығы қызметін атқарған Талайлы Бөріқұлақов келді.
Талайлы Әмитжанұлының да салық комитетінде атқарған еңбегі ерекше. Салық жүйесін қалыпқа келтіру мен күрделі реформалардың жүзеге асуына, аудан экономикасының өсіп-өркендеуіне аянбай атсалысты. Ол қызметкерлердің жақсы ісін ардақтай білетін, орын алған кемшіліктерді кешіре білетін азамат. Қандай істе болса да ұстамды, туындаған проблемаларды шешу жолдарын басшыларға батыл жеткізіп, барынша орындалуына күш салды.
Салық инспекциясының алғашқы кұрылған мезгілінде тұрақты қызметтік ғимаратымыз болмай бес жерге қоныс аударған болатынбыз. Тәкеңнің табандылығының арқасында қазіргі қолданыстағы кеңсе ғимаратына қол жеткіздік.
«Ұжым – күрделі оркестр, онда әркімнің өз аспабы болады» демекші, Талайлы әрбір жұмысшы-қызметкерлердің қандай жұмысқа бейім, қабілетті екенін жақсы сезетін. Қазақстан Республикасы Кіріс министрлігінің 2.03.2000 жылғы №172 бұйрығына сәйкес «Салық бақылаушыларының жедел топтары» кұрылғанда Тәкең мені аталмыш топтың жетекшісі етіп бекітті.
Осы орайда заң талаптарын орындамай жүрген көптеген кәсіпкерлер анықталып, тиісті шара көріліп, дұрыс жолға бағытталды. Басшылықтың тапсырмасы бойынша ауданның алғашқы геосалық картасын жасап шығардық. Онда кәсіпкерлік нысандардың орналасқан орындары ерекше белгілермен айқындалды.
Салық аудиты және салықты мәжбүрлеп өндіріп алу бөлімдерінде Жасұлан Жұмахметов інімізбен бірге үлгілі жұмыстар атқардық. Қазір Жасұлан ауданның белді кәсіпкерлері қатарында. Жұмыс нәтижесі көбіне жұмыс орнындағы тәртіпке байланысты өрбитіндігінде дау жоқ, сондықтан қызметкерлер арасында осыған аса мән берілетін.
2014 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 15 тамызындағы №933 «Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары туралы» қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің салық комитеті және Кедендік бақылау комитеті бірігу жолымен қайта кұрылды. Соған байланысты «Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Қазалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» болып қайта құрылып, бұрынғы штат бірлігімен өз функциясын атқарды. Мекеменің атауы өзгергенімен жұмыс ауқымы өзгермеді. Керісінше жылдан-жылға кәсіпкерлік саласының дамуына сәйкес оларға көрсетілетін қызмет көлемі еселеп өсуде.
Бүгінгі танда аталған мекемеге Темірлан Нұрланұлы Қожаназаров басшылық етеді. Бұған дейін Сырдария ауданы бойынша кірістер басқармасының басшысы, облыстық кірістер департаментінің басқарма басшысы қызметтерін абыроймен атқарған азамат.
Ол мекеме тізгінін Фердоуси Қожабергеновтен алған. Менің пікірімше, Фердоуси білімді де білікті, өзіне жүктелген жұмыстың түпкі нәтижесіне жеткенше тыным таппайтын, көрген, естігендерін жадында жақсы сақтайтын, алғыр, аңғарымпаз жан. Фердоуси Әбілқасымұлы 2014 жылдың қорытындысымен ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының бұйрығымен «ҚР Салық қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Қазіргі таңда Фердоусидің Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы қызметінде жүргенін мақтан етеміз.
Қашан да басқармада сапалы кадрлар дайындап шығару, оларды өз ісіне баулып, бейімдеп қана қоймай, жұмыстың өнімділігін арттыруға бағыттау ісі дәстүрге айналған. Жуырда аталмыш мекемедегі түрлі қызмет салаларында шыңдалған жас маман Жұлдызхан Байназарұлы Ерқосаев Жамбыл облысы бойынша кірістер департаментінің басқарма басшысы болып тағайындалуы сөзімізге дәлел бола алады. Ұжымдағы Оңдасын Махамбет, Нартай Ержанов, Ғабит Өмірзақов, Мейірбек Дәкібаев, Азамат Әбдірашев бүгінде өз қызметтерін абыроймен атқарып келе жатқан білікті де іскер қызметкерлер.
Экономикасы тұрақты ел – даму бағыты айқын мемлекет. Осы ретте табыс тайқазанының тасып, тиісті түсімдердің толықтығын уақытылы қамтамасыз етіп, бюджеттің сапалы орындалуы жолында қызмет ететін кіріс органдарының жауапты жұмысы қандай кұрметке де лайық.
Сала қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтаймыз!
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы саласының ардагері