Ерлер салонының шебері

– Шаштараз ісіне 16 жасымнан қызығушылық таныттым. Бұл істі әкемнің жанында жүріп үйрендім. Екі жүзге жуық тұрақты клиентім бар деп айта аламын. Олар әрдайым қызметіме риза және қайталап келіп отырады. Орта есеппен алғанда бір адамға 30-40 минут уақыт кетеді. Ерлер шашын қиған кезде бас жуу қызметін де орындаймын, – дейді іскер жігіт.
Бауыржан “Арай” шаштаразында орналасқан «Barber shop» ерлер салонында еңбек етеді. Оның жұмысы құралдарды талдау мен тазалаудан басталады. Мұнда әр шаштараздың өзінің орны мен құралдар жиынтығы бар. Барлығы залалсыздандырылып, өңделеді. Жұмыстан соң ерітіндіге салынып, таңертең жуылғаннан кейін қолдануға дайын болады. Кәсіпкер жігіт күніне орта есеппен он-он бес келушіге қызмет көрсетеді. Шаш қию мен сәндеуден басқа сақал алумен де айналысады. Көрсетілген қызмет түріне байланысты бағасы да жоғарылай түседі. Бауыржан барлық трендтегі соңғы шаш үлгілерді интернеттен қарап, алады екен. Сақал өсіретіндерге оны үш күнде бір түзулеп тұруға кеңес береді.
Бауыржан Талғатұлының айтуынша, соңғы кезде қазалылық жігіттер бет күтіміне ерекше қарайды. Сол себепті ерлер сымбатын сәндейтін айрықша салон ашуды көздейді. Бұл орайда жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар біршама септігін тигізуде. Ол 505000 теңге өтеусіз гранттың арқасында өз мақсатын іске асырып, бетке бу беретін, балауыз ерітетін және бетке массаж жасайтын құрылғылар сатып алған.
Бүгінде қарамағында Айбек Әлімқұл, Сайран Омаров, Нұрбек Әбиболла, Абзал Аманбаев сапалы қызмет көрсетуге күш-мүмкіндіктерін жұмылдырып келеді. Алдағы уақытта жас кәсіпкер жаңа ісін тұтынушы талабына сай заманауи талғамда түрлендіруді діттеп отыр.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА