Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоршаған ортаны қорғаушылар

Қоршаған ортаны қорғаушылар

Былтырдан бері қазан айының үшінші жексенбісі орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні ретінде аталып өтілуде. Кәсіби мереке үстінде Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінде болып, сала қызметкерлерінің марапат мінберінен көрінген қуанышымен бөлісіп қайттық. Аталған мекеме қалай құрылды? Орманшылар немен айналысады? Озат орманшылар туралы не білеміз? Бізді қызықтырған сауалдар оқырмандар көкейінде жүргені де сөзсіз.
Мекеме қалай құрылды?
Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің тарихы тереңде. 1961 жылға дейін Қармақшы орман шаруашылығы аталған мекеме Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Орман шаруашылығы және орманды қорғау бас басқармасының бұйрығы негізінде Қазалы орман шаруашылығы деп өзгертілді.
Орманшылар 1965 жылы сексеуіл ағашын тұқымынан себу арқылы көбейтуді қолға алды. Бұл Қарақұм беткейіндегі бос жатқан жерлерді құм көшкінен тоқтату мақсатында атқарыла бастады. Қазіргі таңда Қарақұмдағы тұқымынан себіліп өсірілген сексеуіл ормандарының көлемі 56310 гектарды құрайды. 1968 жылдан бері мекеме екі бағытта жұмыс атқарып келеді. Бюджет саласы бойынша мемлекеттік орман қоры жерін заңсыз бүлдіріп қиратуға жол бермеу, елдімекендерді көгалдандыру мақсатында екпе көшеттер өсіріп, (питомник) оларды аудан мен ауылдық округтердегі тұрғындарға таратады. Екпе көшеттерді орман қоры жерінің жасыл аймағына егіп, молықтырумен және өсіріп, күтіп-баптаумен айналысады. Шаруашылық есептеме саласы негізінде толысып, пісіп жетілген, құру дәуіріне келген сексеуіл ағаштарын отындық мақсатқа пайдалану үшін кесіп дайындайды. Автомашина, трактор тіркемелеріне тиеп, мекемелер мен халық сұранысына сәйкес тарату, сіпсе тұқымын сеуіп, өсіріп, одан үй сыпырғыштарын дайындау, қамыс орып, үй құрылысына пайдаланатын шом буып, сатады. Кезінде қараша үйдің қаңқасын (каркас) кереге, уық, шаңырақ жасап, халық сұранысын қамтамасыз етіп отырды.
Арал теңізі суының деңгейі 1968 жылдан 1990 жылдар аралығында өзінің бұрынғы жағалауынан 100-150 шақырымға дейін қайтып, су жатқан ұлтандар жалаңаштанып, тұзды ұлпа мен құм басты. Оны жел көтеріп, бірнеше мыңдаған шақырым жерге ұшырып, қашықтағы елдімекендердің аумағында сорлану үдерісі жүрді. Осыған орай 1991 жылдан бастап «Арал» консорциумы бірлестігі құрылды. Бірлестік Одақтың орман шаруашылығы комитетіне қарады. Сол кездегі орман шаруашылығы басқармасының басшысы Мұхитдин Исмаилов Одақтық орман шаруашылығы комитетінің төрағасы Г.М.Медведевтің атына хат дайындап, қазіргі жағдайда орман шаруашылығы басқармасына қарасты орман шаруашылық мекемелерінің алда тұрған бұндай үлкен міндеттерді орындауға мүмкіндігінің жоқ екендігін жазбаша баяндайды.
Онда штаттың аздығын, қолдағы бар техникалардың ескі екендігін, олардың Арал ұлтанында жүре алмайтындығын толық көрсетіп, 15-20 см борпылдақ құм аралас тұзда алды-арты тарта алатын жаңа техникалар, Беларус тракторлер, сексеуіл көшетін отырғызатын арнайы агрегат машиналары, жұмысшылар жататын вагондар, жанармай жеткізетін автомашинамен қатар су таситын көліктер керек екендігі айтылған. Комитет төрағасы хаттың мазмұнымен жете танысып, қойылған мәселеге байыппен қарап көмектесетінін, қажетті техникалар мен құрал-жабдықтар алуға және жұмысты тез арада бастау үшін қаржы бөлетінінен хабардар етті. Одақтық «Арал» консорциумы үкімімен облыстың барлық орман шаруашылықтары Арал теңізінің құрғаған ұлтанына жұмылдырылып, нәтижесінде 50265 гектар орман алқабы ағаштары отырғызылған. Қазір осының 20746 гектары орман басқан алқапқа айналды. Осындай ауқымды және күрделі жұмыстардың атқарылуына атсалысқан Қазалы орман шаруашылығы мекемесінің басшысы Киікбай Әймішев, бас орманшы Сақтаған Ешмаханов, инженер Байназар Ерқосаев және орманшы Тілепберген Мұхамбетовтің еңбегі ерекше.
«Ояз бағы»
Патша үкіметі кезінде Қазалы қаласы уезд орталығы болғаны белгілі. Осыған орай сол кезде аталған «Уездный сад» бау-бақша орталығы жасалынған. Патша үкіметі құлағаннан кейін «Ояз бағы» деп аталып, 1947 жылы орман бөлімшесінің қарауына берілген. Бөлімшені Байділдә Ахметов басқарып, қорғау жұмыстарын жүргізген. Сол кездегі көзкөрген қариялардың айтуы бойынша, Қазалы қаласына кіреберістегі жолдың екі қапталына егілген ағаштарды керуен болып келе жатқан түйелердің жемеуі үшін, олардың аузына қапшық кигізіп қояды екен. Бірнеше жыл Байділдә ақсақал қорыған «Ояз бағы» қазір орман шаруашылығы мекемесі қамқорлығында. Алғашқыда бақ ішінде алма, өрік және тағы басқа түрлі ағаштар өскен. Кейін келе 1968-1969 жылғы қатты қыстың әсерінен көптеген жеміс ағаштары үсіп кеткен. Міне осы кезеңнен бастап «Ояз бағының» күйі тайып, ағаштар қурай бастады. Оның үстіне жанынан ағып жатқан Сырдария өзені жаңадан қазылған арнаға бұрылғаннан кейін қатты қыстан аман қалған ағаштар суғарылмай қалады. Тіпті біразы отындыққа пайдаланылды.
2005 жылы «Ояз бағы» қалпына келтіріліп, қала халқының демалыс орнына айналдыру мақсатында көне Сырдария арнасынан канал қазылып, оң жаға каналының бір саласынан су жіберілді. Көтерме сорабы арқылы суғарылып, жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызу жұмыстары қайта қолға алынды. Нәтижесінде бүгінде 11 гектар жеміс ағашы отырғызылып, күтіп-бапталуда. Бақтың 7 гектары сары өрік, 3 гектары алма, 1 гектары шие және 1 гектары қара өрік. Мекеме инженері Тілепберген Мұхамбетов Көкшетау қаласынан түрлі ағаштардың тұқымын алдырып, екті. Білікті маман «Ояз бағына» катальпа, сунак, айлант, туя, можевельник, қарағай ағаштарын жерсіндіріп, ауласын көгалдандыруға ниетті тұрғынға екпе көшеттерін таратуда. Елдімекендерді де көшеттермен қамтамасыз етуде. 2 гектар жерде ағаш көшетін өсіретін тұқымбақ жұмыс істейді.
«Қазақстан Республикасы аумағында ормандарды сақтау және ормандарды молайту» бағдарламасына сәйкес дүниежүзілік банкінің қолдауымен 2009-2013 жылдар аралығында жалпы көлемі 79000 гектар Арал теңізінің суы қайтқан ұлтанына сексеуіл көшетін отырғызумен қатар, тұқымын себу жұмыстарына 10 миллион доллар қаржы қаралған. Осыған байланысты Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесі өзінің үлесіне тиесілі Арал теңізінің құрғаған табанына орман мелиоративтік жұмыстарын жүргізді. Тұрақты тұқымбағының 8,5 гектарына күзде сексеуіл егілді, отырғызылатын материалды өсіру кезінде түйіршіктелген тұқым, тамшылатып суғару және тағы басқа иновациялық технологиялар қолданылды.

Бүгінгі бет-бейне
Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі аң шаруашылығы саласында жабайы аңдар мен құстарды қорғаумен бірге олардың есебін алумен де айналысады. Соңғы үш жылда жабайы аң-құстарды қорғау бағытында атқарылатын биотехникалық шаралар жоспарға сәйкес жүргізіліп, қаралған қаржы толығынан игерілген. Қазалы ауданы бойынша балық шаруашылығына маңызы бар 19 су айдыны тізімге алынған. Оның 17-сі табиғат пайдаланушыларға ұзақ мерзімге бекітіліп берілсе, 2-уі резервтік қорда тұр.
Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің атқарған жұмысы туралы мекеме басшысы Ардақ Кәдір: «Бізге қарасты орман қоры жерінің жалпы көлемі 1 785 579 гектар. Оның ішінде орман басқан алқабы – 896267 гектар жер. Орман қоры Қарақұм, Қызылқұм және Қасқақұлан орманшылығына бөлінеді. Аумақты қорғауға 3 орманшы, 3 орманшының көмекшісі, 6 орман шебері және 36 орман күтушісі қызмет етеді. Мемлекеттік орман қоры 14 айналымға бөлініп, әр айналымның паспорты жасалынып, орман қорушыларына бекітіліп берілген. Жыл басында кезекшілік кестесі жасалып, орман қорушылары Басықара, Қарлаң, Абай және Әлсейіт бекеттерінде көктем мезгілінде тиісті кезекшілікте тұрады», – деді.
Оның айтуынша, мемлекеттік орман қоры жеріне ағаш егу жұмыстарынан Арал теңізінің құрғаған ұлтанына көктем мезгілінде көлемі 1000 гектар жерге 207999 дана сексеуілдің көшеттері отырғызылған. «Ояз бағына» 3 гектар жерге 624 дана алма көшеті егіліп, 0,5 гектар жерге қаламшадан мектеп жасалынған. Қосымша күтіп-баптау, қолмен отау, ағаштарды орман потологиялық зерттеу жұмыстары жүйелі жүргізіледі.
Орман өртін болдырмау және алдын алу шараларын жасау мақсатында, көктемде аудандық ішкі істер, өртке қарсы бөлімдерімен бірлескен іс-шараға сәйкес барлық ауыл әкімдеріне арнайы қосымшаға байланысты өрт болған жағдайда қажетті техникалар мен адамдар бөлуге тапсырма берілген. Көктемгі егіс егу науқаны кезінде шаруашылықтарда өрт қауіпсіздігін сақтау және алдын алу мақсатында арнайы ескерту хаттары мен үнпарақтар таратылған.
– Сонымен бірге орман қоры жеріне орман аң аулау заңдылықтарын сақтау, өрт болдырмау тақырыптарына сәйкес жаңадан 6 аншлаг орнатылды. Жергілікті тұрғындар арасында орман өрті қауіпсіздігін сақтау жайлы үгіт-насихат жүргізіліп, орман қорғау қызметкерлері шалғайдағы 10 елді мекенде түсінік жұмыстарын жүргізді. Орманды өрттен қорғау мақсатында 600 шақырым жердің минералды жолақтары жаңартылып, 20 шақырымына жаңадан жолақтар жүргізілді. Қарақұм орманшылығына 2 бақылау мұнарасы орнатылды, – дейді мекеме басшысы Ардақ Кәдір.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

22 қазан 2019 ж. 2 892 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 74

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 69

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930