Дұрыс жөтелудің 5 ережесі
Дұрыс жөтелу - жұқпалы ауруды таратпау мен одан сақтанудың кепілі. Жөтел адам ағзасында басқа бір аурудың барын білдіреді. Дұрыс жөтеліп жүрміз бе? Дәрігер Гүлмаржан Құрманованың осы жөніндегі кеңесіне назар аударыңыз.
- Жөтелгенде немесе түшкіргенде жаныңыздағы адамдардан теріс айналып, басты еңкейткен дұрыс. Сол кезде ауызды сүлгімен, майлықпен жабу керек. Негізі ауырып жүрген адам бірреттік майлықты пайдаланғаны жөн. Пайдаланылған майлықты дереу қоқысқа тастауды ұмытпаңыз.
- Ылғал жөтел кезінде кез келген жерге емес, бірреттік майлыққа немесе сүлгіге қақырынған абзал. Ал көшеде қақырып, түкіру айналадағы адамдардың ашуына тиіп қана қоймай, қоршаған ортаға вирус таратуы мүмкін.
- Егер сүлгі, майлық болмай қалса, оң қолдың жұдырығын түйіп жөтелген дұрыс емес. Дұрысы – сол қолдың сыртқы бетімен немесе шынтақпен жабу.
- Вирус жұқтырған адам басқалармен қарым-қатынасқа түспеуі керек. Кем дегенде үш күн үйде жатып, емделгені жөн.
- Қолды жиі жуу көп қатерді болдырмайды. Қолмен бетті, мұрынды, көзді ұстамауға тырысыңыз. Себебі қолдағы вирус көзге жұғуы мүмкін. Жөтеліп, түшкіргеннен кейін қолды бірден жуу – негізгі этика.
- Дегенмен жөтел – тынысалу жолдарын тазартудың тиімді тәсілі. Егер сізде жөтел пайда болса, оның себебімен дереу күресіп, кезекті ауруды болдырмаудың амалын жасаңыз.