Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Кальмар ойыны» һәм Қазақстан

«Кальмар ойыны» һәм Қазақстан

Технологиялық прогресс ұлғая түскен сайын түрлі саладағы бәсекелестік өзгеше бағытта өрістеп, өнер маркетинг пен белгілі бір ұлттың мәдени құндылықтарын таратушы құралға айналды. Соның ішінде кино әлемінде шектеу азайып, технология қолжетімді болғанда, көрермен талғамынан шығу оңай емес. Оңтүстік Корея мемлекеті «Паразиттер» кинотуындысынан кейін, «Кальмар ойыны (Squid game)» сериалымен әлемді тағы да таңғалдырды. 17 қыркүйекте жарияланған телехикая көрерменге ұсынылған 10 күннің ішінде әлемнің 90 елінде белсенді пайдаланылатын Netflix ойын-сауық платформасының ондығынан бір-ақ шыққан.

40 миллион доллар үшін адам неге дайын?
Netflix твиттердегі ресми парақшасында «Сериалдың көрілімі 111 миллионға жетті. Бұл біздің тарихымыздағы ең көп қаралған туынды» деп жариялаған болатын. Әлемді жалт қаратқан кәріс киносының ерекшелігі неде? Сюжет бойынша өмірде жолы болмай, қарызға кіріп, тығырыққа тірелген 456 адам әлдебіреудің ұйымдастырған құйтырқы ойынын ойнауға мәжбүр. Басты мақсат – ақша. Яғни, балаларға арналған қарапайым шарттары бар 6 түрлі ойыннан сүрінбей өтіп, соңына дейін жеткенге 40 млн доллар тиесілі. Ал әр ойын барысында жеңілген адам сол сәтте жан тапсырады. Алғашында қатысушыларға ақшадан бас тартып, жөніне кету немесе басын өлімге тігіп, ойынның соңына дейін баруға таңдау мүмкіндігі беріледі. Адам өлімін алға тартқан ойын шартынан шошынғандар жүрексініп, үйлеріне оралады. Алайда өзі мен жақындарын жоқшылықтан құтқарып, қарыздан құтылу үшін қатысуды жөн санайды.
Басты кейіпкерлердің арасында жұмыссыз, қарызға батқан, клиенттердің ақшасын ұрлаған қаржыгер, Солтүстік Кореядан келген босқын, ми ісігі бар қарт адам, казинода көп ақша жоғалтқан қарақшы, әйелдер мен мигранттар бар. Әркімнің ойында қалуға өз себебі, түрлі деңгейде өз мәселесі бар.
Құрылымдық жағынан «өмір үшін тартыс» жүретін триллер, фантастика фильмдері ешкімге жаңалық емес екені анық. Алғашқыда бас ойыншы санауды аяқтап, артқа бұрылғанда қалғандары қатып қалуы тиіс. Кім қозғалады, сол ойыннан шығады. Келесі кезеңде қатысушылар қанттан жасалған тәтті бәліштерден белгілі бір пішінді сындырмай алуы керек. Үшінші ойында 10 адамнан екі командаға бөлініп, арқан тартысса, одан кейін жұптасу арқылы қарсыласына берілген 10 кішкентай шарды ұтып алып, өзінікіне қосады. Кім толық 20 шарды алады, сол келесі кезеңге өтеді.
Бесінші ойында қатысушылар бірі қалың, бірі жұқа әйнек көпірден аттап, соңына дейін баруы керек. Яғни, жұқа әйнекке секірген сайын адам өліп, ойыннан шығып отырады. Ал соңында бас кейіпкерлер Ги Хун мен Сан У бала кезіндегі «Кальмар ойынын» ойнайды.

Маркетингте маңызы
Телехикая жұртты өлім сахналарымен шошытса да, оңтүстік кореялықтар мен кәсіпкерлерге табыстың тура жолы іспетті. Әсіресе, Кореядағы тоқыма өнеркәсібінің оң жамбасына келгендей. Мәселен, кейіпкерлердің спорт киімдері мен бетперделеріне сұраныс артып, сауда қыза түскен. Бірнеше ай бұрын Сеулдің орталығындағы базар бос тұрса, карантиндік шектеулер жеңілдетілген соң сатып алушылар саны өскен. Оған телехикая да тікелей әсер еткенін ескеру керек. Кореялық БАҚ-тың айтуынша, шетелдікдерден көп сұратылатыны да ең көп сатылатыны – 426 нөмірлі спорттық костюм. Одан бөлек «Кальмар ойынының» бірнеше мың костюмін жергілікті кәсіподақ мүшелері сатып алып, сол киіммен шеруге қатысқан. Бір ғана Сеулдің өзінде 27 мыңға жуық адам наразылық акциясына шығып, сериал олардың шынайы өмірін көрсететінін айтқан. Олар да жұмыссыз қалып, кемсітушілікке ұшыраған.
Сонымен қатар, Кореяның бірнеше қаласында нағыз «Кальмар ойынын» ұйымдастыру әрекеттері жасалған. Сериалдан басты айырмашылығы – жеңілген адам тірі қалады. Мәселен, 24 қазанда Канн қаласында өтуге тиіс ойынға қатысуға мыңнан астам адам өтініш білдіріп, 4200 доллардан асатын жүлде қоры бекітілген. Алайда билік карантиндік шектеуге байланысты ойынға тыйым салған. Әлеуметтік қашықтық ережелері жеңілдетілгеннен кейін ойын қайта ұйымдастырылуы мүмкін. Себебі кино туындысының кейіпкерлері сияқты тез байып кеткісі келетіндер жетерлік.

Идея өмірден алынған
Сериалдың режиссері, сценарист Хван Донг Хёк елуде болғанымен, кино әлеміндегі мансабын 2000 жылдары бастаған. Ол сериалдың идеясы туралы: «Мен жапон анимациясы мен мангаларынан шабыт алғанымды мойындаймын Сценарий жаза бастағанымда өзімде де қаржы жағынан мәселелер болды. Комикстерге уақытымды арнап, соның ішінде «Патшалар шайқасын» оқып шықтым. Егер дәл сондағы ойындарға қатысу мүмкіндігі туса, не істер едім деп ойладым. Идея осылай туындады. Бірақ ойындар өте қиын көрінді, сондықтан сценарийде балалар ойынына назар аудардым», – дейді сұқбатында.
Идеяны дамыту туралы Хван: «Біздің пәк кезіміздегі балалық естелігіміз бір-ақ сәтте қорқынышты шындыққа айналып кетуінің өзінде бір мән бар», – дейді. Сериалдың визуалды стилінде де қос тараптағы ойыншылардың көгілдір костюмдері мен күзетшілердің қызғылт комбинезондары, ойыннан кейінгі қанға толы жер мен сыйлық қорап түріндегі өлген адамдардың табыттары – балалық аңғалдық пен есейгендегі қатыгездіктің үйлесімі қарама-қайшылық тудырады. Алты ойында да тірі адамға жамандық көрсетпеген мейірімді кейіпкер, №456 ойыншы Сон Ки Хунның жеңімпаз атануы «өмір- бумеранг» идеясын алға тартқандай. Өйткені финалдағы қарсыласы №218 ойыншы Чхо Сан У қатарынан озып, атақты университетте білім алғанына қарамастан, өзіне сенген адамдарды алдап, ақша ұрлаған. Әр кейіпкердің өзінше қиын тағдыры, көтерер жүгі бар. Дегенмен кімнің өмірінде мән бар, махаббат бар, сол ғана жеңіске жетті. Бірақ ойыннан кейін оған азғындықпен табылған 40 миллион доллар керек болмай қалды.
Қазір қоғамда қолжетімділікті пайдаланып, кредит алған, қарызға батқан жан қаншама. «Оңтүстік Корея – халқының кредиті көп әлемдегі екінші ел» деген үзіндіні байқаймыз. Мұнда әр кейіпкер әлі келмейтін қарыз арқалап, өз өмірінен, жақын адамдарынан қашқысы келеді. Қоғамның жанды тұсы да осы.

Қарыз бен қазақстандықтар
Қарыз тақырыбы қазақстандықтардан алыс емес. «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС мәліметінше, Қазақстанның экономикалық белсенді халық саны 9,23 миллион болса, оның 7,46 миллионында несие бар. Ал ешқандай кредиті жоқ, қарызсыздар саны қалған 1,77 млн адамнан тұрады.
IDF Eurasia қаржы-техникалық компаниясы 18 бен 65 жастағы жерлестер 2020 жылы қандай мұқтаждық үшін кредит алғаны жөнінде зерттеу жүргізген. Оның нәтижесі бойынша, 50 жастан асқандардың 7 проценті үй жөндеу жұмысына, 25-50 жастағы респонденттердің 9 проценті ауыл шаруашылығы үшін, 17 проценті бизнесін дамыту үшін банктерге қарызданған. Ал 14 проценті автомобиль алуды, 12 проценті оқуға төлеуді мақсат еткен. 18-25 аралығындағы азаматтардың 11,5 проценті түрлі гаджеттер алу үшін кредитке жүгінгенін айтқан.
«Кальмар ойыны» көруге тыйым салынғанына қарамастан балалар арасында кең таралуда. Әлеуметтік желідегі жұрт сериал жайлы пікірлерін жазып, дүрлікті. Еркін Сыдық есімді қазақстандық: «Сериалды балаларға көрсетпеу керек. Алайда мұндағы ойындар шарты басқа демесек, өмір ойынына ұқсайды. Өзімді солардың орнына қойып, қарызға батсам, мен де қатысар едім. Ақша бірінші орында болмаса да, көп нәрсені шешеді» десе, Айнагүл есімді келіншек: «Қазір бөліп төлеуге жақсы деп кредит ала беретін болдық. Өзімнің сондай таныстарым көп. Қарызы көп адамның жаны тынышсыз, отбасының, өмірінің де берекесі кетеді. Сериалды көріп, денем түршігіп кетті, біраз ойланып та алдым», – деп өз пікірін жазған.
Қарыз алу – таңдау. Көпшілікті шулатқан сериал адамның шарасыздығы, таңдауы мен тағдырын көз алдымызға әкеледі. Мұндай жайлар айналамызда да орын алуда. Соған қарамастан, ойын шынымен өмірде ұйымдастырылса, қатысуға бел байлайтындар қатары көп секілді. Сіздің таңдауыңыз қандай?

Дина БӨКЕБАЙ
30 қазан 2021 ж. 596 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930