Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жапония қалай жанданды?

Жапония қалай жанданды?

Екінші дүниежүзілік соғыс ресми түрде КСРО мен Германия сынды екі мемлекеттің арасында болғанымен, ұлы дүбірдің артында қаншама ұлттың тағдыры жатты. Майдан біткен соң тоқырауға ұшырағандар бар. Осы кезеңде өзінше даму жолына түсіп, ұлттық ерекшелігін сақтап қалған мемлекеттің бірегейі – Жапония.
Кеңестік жүйенің саясатынан жазықсыз қаза болған Алашордалықтар жеке мемлекет құруда Жапонияны үлгі етуге шақырды. «Қазақтың әрбір тасы қазақтың өңіріне түйме болып тағылып, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып киілуі керек» деген Әлихан Бөкейханұлының ұстанымы өмірлік қағидаға айналып, жапондықтардың арманымен ұштасып жатты. Түрі мен тіршілігі ұқсамайтын екі ұлтты біріктіретін не? Жапония даму жолының Алашордаға әсері қандай болды?

Соғыстан кейінгі серпіліс
Қай ұлттың болмасын болашағын бүгінінен, бүгінін кешегі тарихынан болжауға болады. Екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде оңбай жеңіліс тапқан жапондықтардың 500 әскері өз-өзіне қол жұмсап, қалғандары трибуналдың шешімімен өлім жазасына кесілген. Жалпы мемлекет бойынша әскер ұстауға тыйым салынып, Америка тарапынан бақылауда болған қиын-қыстау кезеңді де бастан кешіреді. Экономикалық, саяси әлсіреуден кейін аз уақыттың ішінде қадамын қайта нық басып, әлемдік аренада өз орнын қалыптастырып үлгерген жапондықтардың жанкештілігіне таң қалмау мүмкін емес. Соғыстан кейінгі 1950-1970 жылдары ел экономикасы жыл сайын 15,2 процентке өсіп отырған. Ал ол уақытта бұл өсім Францияда – 6,2, Англияда – 3, АҚШ-та 4 процентке ғана тең болған. Ес жиып, етегін жинаған күншығыс елі жалпақ дүниенің көп бөлігін жайлап, соғыстағы жеңісіне мастанған Кеңес Одағын да, өндірістен алдына жан салмайтын даңқты Қытайды да басып озады.
Соғыс аяқталғаннан кейін Жапония қиын кезеңдерді бастан кешірді. Соғыс салдарынан мемлекет өзінің материалдық жағдайының 40, ауыр өнеркәсіп жабдықтарының 30 процентінен айрылды. Барлығын қайтадан, жаңадан бастауға тура келді.
1947 жылы оккупациялық әкімшілік жаңа Жапондық Конституция даярлап шығарды. Өз ішінде ғылыми-техникалық базаның жоқтығынан алдыңғы қатардағы технологияларды шетелдерден алып, оларды өндірісінде жетілдіріп отырды. 50 жылдардың орта шеніннен бастап мемлекет экономикасы қарқынды дамып, «Жапондық ғажапқа» қадам басты.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі дамудың негізгі мәні – шетел, соның ішінде америка көлігін жоғары, тиімді пайдалана білу, аграрлық реформа есебінен ішкі нарықты ұлғайту мен шетелдік ғылыми-техникалық жетістіктерді молынан пайдалануда.
1947 жылдың өзінде-ақ елде 9 жылдық ақысыз міндетті білім беру енгізілген. Конституция негізінде соғысқа қарсы 3 қағида қалыптасты: ядролық қару-жарақты қолданбау, өндірмеу, енгізбеу. Нәтижесінде әскери шығындар жалпы ішкі өнімнің 1 пайызын ғана құрайды.
Халық санағы 127 миллионды көрсететін бүгінгі күншығыс елінің 98,5 проценті – тілі, менталитеті, дәстүрі бір «таза» жапондықтар. Яғни, бір сөзбен айтқанда ұлттық ерекшелігін, ұлттық менін сақтаған мемлекет. Бердяевша айтсақ: «Ұлт дегеніміз – халық емес». Ал мемлекеттің өз діні мен дәстүрі, тілі мен тіршілігі бір адамдардан құралуының қандай артықшылығы бар? Жапония 1945 жылдан бері қылмыс ең аз тіркелген елдің қатарында. Мұның себебін ұлттық сана-сезімді сіңірген адам үшін темір тордың ар жағынан ардың алдындағы жаза ауыр болатындығынан түсінсек болады. Әр халықтың генетикасымен сақталып, атадан балаға мирас болып келе жатқан қағидалары ұлтты ұлт ететін әрі оған құрмет қалыптастыратын негізгі көрсеткіш.
Ал мектептегі алғашқы үш жылда балаларына өзгелерді құрметтеу, табиғатқа, адамдарға қамқорлық, әділдік сынды қасиеттерді сіңіртуге тырысатын, студенттерді өз кабинетін, асхана, сондай-ақ дәретхананы тазалауға баулитын жапондықтар бала тәрбиесіне қатысты да өзіндік принцип ұстанатын ел. 6 жылдық бастауыш мектеп, 3 жылдық кіші орта мектеп, 3 жылдық жоғары орта мектеп оқу жоспарын қарағанда, онда гуманитарлық пәндерге ерекше мол көңіл бөлінетіні байқалады. Мысалы, музыка пәні 1 сыныптан бастап 10 сыныпқа дейін 9 жыл бойы оқытылады. Адамгершілікке тәрбиелеу – 1-9 сыныптарда, үй шаруашылығы – 5-12 сыныптарда, әлеуметтік сабақтар – 1-9 сыныптарда, өнер 7-12 сыныптарда оқытылатынын, ал денсаулық сақтау және дене шыныктыру пәніне бізге қарағанда барлық сыныпқа көбірек сағат берілетінін байқауға болады.

Алаштың арманы немесе Мейдзи мұраты
Мұстафа Шоқай «Жас Түркістан» газетінің 1929 жылы 12-санында жарық көрген «Біздің жол» атты мақаласында бұл туралы: «...Біздің мұратымыз болса Түркістанда түрі тұрғысынан да, мағына жағынан да ұлттық мемлекет құру, себебі тек осындай түрде ғана халқымыз өз жұртында өз тағдырының құқықты иесі бола алады»,– деп жазған болатын.
Жапония тарихына үңілген жанға 1868 жылы Токугава сегунаты құлағаны белгілі. Жаңа мемлекет құруға кіріскен Мэйдзи реформасы мемлекетті толық жаңалады. Бұрынғы хандар жойылып, ел префектураларға бөлінді. Сауда толық еркіндікке шығып, өнеркәсіпті дамытамын дегенге үкімет жеңілдіктер берілді. Халық толықтай сауатты болуға міндеттелді. Сол кезеңдегі білім реформасында “қала мен ауылда бірде бір отбасы біліммен қамтылмай қалмасын, бұл мемлекетті нығайту үшін қажет” деп көрсетілген. Бүкіл әлемнің білімін жинастыру басталып, жастар жан-жаққа жіберіліп отырған. Қандай әлеуметтік тапқа жатса да, заң алдында бәрі тең болды.
25 жылда өз жемісін берген «Мейдзи» реформасы жапон тілінен аударғанда “ағартып басқару” деген ұғымды білдіреді. Жапонияның бейнесін ширек ғасырда өзгертіп, әлемдік озық елдердің қатарына шығарған жоба Алаш қайраткерлерінің назарында болды.
Жапондықтардың даму жолына деген арыстардың көзқарасын өздері жазған мақаласынан көруге болады. Мәселен, Қошке Кемеңгерұлы «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» мақаласында: «Осы күнде Күнбатысты қорқынышқа түсіріп отырған Күншығыс халықтарынан Қытай мен Жапония Күнбатыстан үлгі-өрнекті көп алды. Бірақ, Күнбатыстың рухани мәдениетін арам астай көріп, өзіне алмайды. Онымен Қытай, Жапония халқының мінезі бұзылып, Еуропа үкіметтерінен артық қан төгіп, жетім-жесірді жылатып отырған жері жоқ», – деп таразылайды.
Әлихан Бөкейханұлы Мэйдзи бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесiнде артта қалған аграрлық елден 21 жылда әлемнiң ең дамыған мемлекетiне айналған тәжiрибесiн үлгi етiп, Алаш мемлекетiн 20-25 жылда әлемнiң төрiне жеткiзудi жоспарлаған. Біртуар азамат бұл идеяны қазақ елiне сол қалпында орната салмай, өзiндiк мәдениетi мен салт-дәстүрiнiң негiзiн сақтай отырып жетiлдiрудi көздедi. Біріншіден, жапондар 1868 жылға дейiн қазақ елi сияқты артта қалған аграрлық ел болса да, тәуелсiз дербес мемлекет болды да, реформаларын сыртқы күштердiң ықпалынсыз, араласуынсыз жүзеге асыра алды. Қазақ Ресей империясына тәуелді болғандықтан Әлихан «Алаш» қозғалысының стратегиялық мақсаттарының бiр бөлiгiн ұлттық автономия құрмай тұрып-ақ патшалық Ресей тұсында орыс оппозициясының көмегiмен жүзеге асыруға ұмтылған. Ұлт-азаттық қозғалыстың стратегиялық мақсаттардың көрінісі – 1905 жылғы «Қарқаралы петициясы».
«Еуропада Швейцария жұрты жерi Түркiстан, Алтай, Алатаудай ғұмырында қар кетпейтiн биiк тау, малға жақсы, егiнге жаман, адамы отырықшы болып қалада отыр, шаруасы – мал бағу. Жер аз болған соң малдың басын азайтып, сүйегiн асыл қылып мал бағып тiршiлiк қылып отыр» деген алаш көсемi қазақты егiн, мал шаруашылығын жедел дамыту үшiн кооперативке бiрiгуге шақырды. Оған үлгi ретiнде Әлихан тағы бiр Еуропа елiнiң үздiк тәжiрибесiн келтiредi.
1924 жылы «Ақ жол» газетiнде шыққан мақаласында «Дания – Еуропадағы кiшкене мемлекеттердiң бiрi. Жерi бiздiң қазақтың бiр оязының жерiнен аз, адамы – орташа екi облыстың елiндей. Данияда жалпы жұрттың күнелткенi – егiн салу мен мал бағу. Жалпы елдiң бiлiмi молдығынан, кооперативке сүйенiп iстегендiгiнен байлық Дания елiне күйедей жаққан. Бiздiң қазаққа қазiргi кезде баласын оқытатын мектеп, жерiн гүлдететiн су, елге май алатын, жүн жуатын, терi илейтiн, ет сататын, мал өсiретiн, егiн салатын кооператив керек», – деп жазды. «Гәп егiн салғанда, мал баққанда ғана емес: егiн сал, мал бақ, кен қаз, бiрақ – шебер бол!» деп үндеген көсемнің әр ойы – болашақ ұрпаққа сын. Түрі басқа тілегі бір қазақ пен жапонның «ұлттық» мемлекет құру ­идеясы бір жерде тоғысып, Батыстың жаңалығын да, өзінің даралығын да сақтауды басты орынға қоюы қос ұлттың болашағына бастар даңғыл жол екенін ұмытпау керек.

Дина БӨКЕБАЙ
10 шілде 2021 ж. 849 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930