Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызықты кітапханалар

Қызықты кітапханалар

Соңғы рет кітапханаға барған кезіңіз есіңізде ме? «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», – дейді абыз-ақын Әбіш Кекілбаев. Кітап – жаңа ақпараттық технология орнын алмастыра алмайтын бар білімнің бастау бұлағы. “Кітап ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына” десек, кітап үйі қадірін түсінген жанға қасиетті мекен. Кітапхана тарихы да қызықты деректерге толы. Ең бірінші кітапханашының аты кім екенін білесіз бе? Ол Александрия кітапханасында алғаш болып жұмыс істеген Эфес қаласынан шыққан әдебиет сыншысы Зенодот. Оқырманның кітаппен ауруы қалыпты жағдай. Ең атақты кітап ұрлаушы – Стивен Блумберг. Құны 20 миллион долларды құрайтын 23 мың кітапты ол 268 кітапханадан алып кеткен. Нью-Йорк көшелерінде жалғыз адамға арналған кітапхана жұмыс жасайды. Онда жалғыз жанға 40-тан астам шығарма ұсынылады. Осы сынды бай тарихы бар саланың оқырмандарына қазіргі таңдағы әлемдік ең үлкен қор жинақталған, ауқымы кең кітапханаларды ұсындық.
Томас Джефферсон мен
Джон Адамстың үйі
1800 жылы АҚШ астанасы Филадельфиядан Вашингтон қаласына көшкен кезеңде құрылған. Бастапқыда «басынан бұлты арылмаған» бұл кітапхана 1861-1865 жылдарда құрама штаттарды құлдырауға алып келген азамат соғысынан тыс қалмаса да одан кейін де бірнеше рет сөрелерін сұсты от шарпыған.
Қазіргі таңда кітапхана өзара жерасты жолдары арқылы жалғасып жатқан екі ғимаратты қамтиды. Негізгісі, рухани ошаққа 6000-ға жуық кітап сыйлаған АҚШ-тың үшінші президенті Томас Джефферсонның құрметіне аталған. 1899-1939 жылдарда Герберт Патнем басқарған уақытта салынған екінші бөлігі кітапхананың негізін қалаушы Джон Адамстың атында.
Мұнда 1460 оқырман сыйдыра алатын 18 оқу залы бар. 470 тілде жазылған 155,3 миллион кітап, 13 миллион сурет, 4 миллион музыкалық шығарма, 5 миллион әртүрлі кезеңдегі карта мен 300 жыл уақыт аралығында басылған 1 миллион газет сақталған.
Еуропада 1501 жылға дейін жарық көрген инкунабул кітаптарымен қоса 1450 жылы Гутенберг басып шығарған батыстағы ең алғашқы «Киелі Кітапта» кездеседі. Кітапхана күніне 22 000 материал қабылдайды. Мұндағы ең кішкентай кітап «Old King Cole» парақтарын инемен ашуға ғана рұқсат етілген.
Келушілер саны жылына 1,7 миллионды құрайды. Әлемдік көрсеткіште бұл тек төртінші орында.

Карл Маркс пен Владимир Ленин
қызмет еткен кітапхана
Британ аралының бас кітапханасы 1753 жылы ағылшындық дәрігер, натуралист Ганс Слоанның күш салуымен құрылған. Лондондық корольдік қауымдастығының президенті сэр Слоанның қолында құнды қолжазбалар мен көне манускриптілер болғаны айқын. Алғашында кітап музейі болып жұмыс істеген орынға король Георг II патша әулетінің қорындағы әдеби шығармаларды тарту еткен. 1973 жылдан кейін толық кітапхана ретінде қызмет көрсеткен. Оның құрылымы үш бөлімнен тұрады. Негізгі бөлігі Сент-Панкрас теміржолына қарсы орын тепсе, газеттерге арналған кітапхана Колиндал Авенюде. Ал оқу залы өз алдына Батыс Йоркширде орналасқан. Мұнда барлығы 150 миллион кітап жиналған.
Тек осында ғана христиандардың қасиетті кітабы «Көне Өсиет» пен «Жаңа Өсиет» жиынтығы «Синай кодексі» қолжазба күйінде сақтаулы тұр. Оны Ресей империясының тұсында Александр II-ге сыйға берген. Бірақ Сталин 1933 жылы киелі жазбаны қажетсіз құжат деп тауып, сатылымға қойған. Ағылшындар бір күннің ішінде 100 000 фунт-стерлинг жинап беріп, өздеріне алып қалған.
Кітапхана қабырғасынан ежелгі герман тайпасының эпикалық поэмасы «Беовульфтың» жалғыз данасы мен классикалық музыка майталмандары Моцарт пен Малердің, Бах пен Бриттеннің жиынтық композициялары, Леонардо да Винчидің сирек кездесетін туындыларын табуға болады.
Кезінде кітапхананың оқу залында әлемге әйгілі тұлғалар Карл Маркс пен Владимир Ленин қызмет еткен деген дерек бар.
Келушілер саны жылына 2,29 миллионды құрайды. Әлемдік көрсеткіште екінші орынды еншілеп тұр.
Тоналған томдар
Копенгаген қаласында Скандинавия түбегіндегі ең үлкен кітап үйлерінің бірі орналасқан. 17 ғасырдан бері қарай дат тілінде жазылған барлық шығарма осында сақтаулы.
1648 жылы король III Фредерик іргетасын қалаған. 1793 жылдан бері жұртқа қолжетімді кітапхана ретінде жұмысын жалғастырды. 2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап корольдік кітапхана атағына ие болған. Төрт бөлікті қамтитын ғимараттың үшеуі Копенгаген университетінде де, ал орталығы Слотсхольмен аралында 1906 жылы салынып, 1999 жылы ескі ғимараттың кейбір бөліктерін сақтай отырып, «Қара алмаз» атанған жаңа құрылыс бой көтерді. 33,3 миллион кітап қоры бар орындағы Ганс Христиан Андерсеннің жұмыстары, философ Серен Кьеркегордың мұрағаты, Карл Линнейдің зерттеу құжаттары басты байлықтарының бірі саналады.
Қызықты жағдайдың бірі – 1968-1978 жылдар аралығында тарихтағы ең үлкен тонау осында тіркелген. Ұрылар құны 50 миллион доллар шығатын 3200 тарихи туындыларды қолды қылған. Оның ішінде адамзаттың ақылгөй ойшылдары Мартин Лютер, Иммануил Кант, Томас Мор және Джон Милтонның қолжазбалары бар. 1998-2002 жылдарда ұрланған дүниенің бір бөлігін аукциондарда 2 миллион доллар шамасында сатып үлгерген. Қылмыскерді 2003 жылы ғана анықтау мүмкін болды. Ол кітапхананың бұрынғы қызметкері Фреде Мёллер-Кристенсен болып шыққан. Ол өмірден озып кеткендіктен, 2003 жылдың қыркүйек айында Лондонда ұйымдастырылған Кристи аукционында әкесінің кәсібін жалғастырған ұрпақтары құрықталған. Тінту кезінде сатылымға шықпаған 1500-ге жуық құнды қолжазба кездескен.

Франция ұлттық кітапханасы
Жеті жүз жылдық тарихы бар бұл кітапхана өз бастауын король V Карл кітап топтамасынан алады. 1368 жылдан бастап Луврда жұмыс жасай бастаған. Франциск I 1538 жылы заңға өзгеріс енгізіп, баспа үйлері мен кітап саудагерлерін патшалық аумағындағы басылған шығармаларды Блуа қамалындағы кітап дүкеніне әкелуге міндеттеді. 1544 жылы кітапхана Блуа қамалынан Фонтенблоға көшірілді. Осы кездің өзінде мұнда 41 грек, 4 иврит, 2 араб тіліндегі 1500 том жинақталған.
Франсуа Миттеран атындағы негізгі кітап сақтау қоры Сена өзенінің сол жағалауында орын тепкен. Мұнда қазіргі кезде ауқымы 400 шақырымға созылып жатқан 31 миллион кітап бар. 2700 қызметкердің 2500-і толық бір күн келушілерге қызмет жасайды. Жылына тарихи орынды 1,3 миллион адам аралайды екен.
Бұл төрт кітапханадан бөлек Қытай ұлттық кітапханасы, Санкт-Петербург қаласындағы Ресей ұлттық кітапханасы, Жапония ұлттық-парламенттік Кокурицу Коккай Тосёкан, Оттава қаласындағы Канада ұлттық кітапхана мен мұрағаты әлемдегі ең үлкен ондықтың тізіміне кіреді. Оның әрқайсысының қалыптасу тарихы, қолға түсе бермейтін құнды қолжазбалар сақталған кітап қоры жеке тоқталуды қажет етеді.
Алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттер өзінің бай тарихын жинақтап, күллі адамзатқа мұраға қалған кітап жауһарларын өздерінде сақтағанды жөн көреді. Біз атап өткен кітап үйлері Птолемей әулеті негізін қалаған осы күнге дейін жер бетіндегі ең алып кітапхана саналатын Александрия мен қазақ жеріндегі екінші ұстаз әл-Фараби шыққан көлемі жағынан Александриядан кем түспеген Отырар кітапханасының заңды мұрагері іспетті.
«Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп ұлы Абай айтқандай, кітап пен білімге құштарлық қай заманда да жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамдық өркениеттің, мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы болып келгені ақиқат. Құдайдың өзінен жерге қасиетті төрт кітаптың түсуі оның ең ұлы мәртебеге лайық екенін көрсетеді.
Дайындаған
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ
12 қазан 2019 ж. 3 581 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 80

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930