Ақыл мен білім ордасы
Қазалы ауданы бойынша 26 көпшілік кітапхана халыққа рухани-мәдени қызмет көрсетеді. Олар аудандық орталық, балалар, №5 кенттік, №1 қалалық, қалалық балалар және 21 ауылдық кітапхана.
№1 Қазалы қалалық кітапханасының алтын қорында 78 дана кітап сақталған. Алтын қордағы сирек кездесетін құндылықтар қалың оқырманның қажетіне пайдаланылып келеді. Құнды кітаптар арқылы ел тарихы, мәдениеті мен ғылымына қатысты көне қолжазбалар, сирек кездесетін басылымдар, көне ғасырдан бері қалыптасқан отандық жазба мәдениеті көпшілікке таныстырылады.
Ақыл мен білм ордасына айналған аудандық кітапханада 589 000 кітап қоры бар. Оқырмандардың бұл жақтан өзіне керекті кез келген мәліметті табуына кітапхана қызметкерлері жәрдемдеседі. Заман талабына сай жаңашылдыққа тез ілесетін ұжым үнемі ізденіс үстінде. Жағымды жаңалығымен оқырманын қуантуға асығатын кітапхана қызметкерлері жуырда ғана «Kitap Fest – 2019» кітап фестивалін өткізді. Фестивальдың мақсаты – қазақ әдебиетін насихаттау, тарихи, мәдени рухани мұраны сақтау, кітап мәдениетін қалыптастыруға тәрбиелеу, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын арттыру, көпшілікті кітап оқуға тарту, жастардың көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту болатын. Шараға қатысқан оқырмандардың ыстық ықыласы фестивальдің алға қойған мақсат-үдесінен шыға білгендігін аңғартты.
Аудандық кітапхана компьютермен жабдықталып, РАБИС бағдарламасы аясында кітап қорының электрондық базасы құрылып, интернет желісі арқылы оқырмандардың пайдалануына қажетті сұранымын өтейді. Кітапхана жылдық жұмыс жоспарына сәйкес түрлі мәдени-көпшілік, танымдық шараларды өткізіп, оқырман оясынан шыға білуде. Білім ордалары және ардагерлермен, өзге де мекемелермен тығыз қарым-қатынас орнатқан ұжымды ұйытып отырған білікті басшы, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Индира Назарова.
– Барлық жұмыс ұжым мүшелерінің біліктілігі мен ауызбіршілігінің арқасында өз дәрежесінде өтеді. «Ұйымдаса білген ұтады» демекші әрбір кітапханашының жұмысына деген жауапкершілігі, ісіне деген адалдығы айқын сезіледі. Біздің мақсат – оқырман сұраған кітап немесе ақпаратты тауып берумен шектелмейді. Үлкеннің де кішінің де талғамымен санасамыз. Кітапханаға кітап іздеп немесе шараға қонақ ретінде келген жанның болсын қандайда бір жақсы қасиетті бойына сіңіріп кеткенін қалаймыз, – дейді ол.
Қаңтар айында кітапхана ішінен «Коворкинг» орталығының ашылуы оқырмандар үшін үлкен сый болды. Әрбіріңіздің көкейіңізде «Бұл қандай орталық оның мәнісі не?» деген сауалдың туындауы заңдылық. «Коворкинг» – кітапханадан арнайы бір бөлмені оқырмандарға сай етіп әзірлеу, яғни мобильді стандарт бойынша жабдықтау. Бұл орталық кез келген адамға өзінің сүйікті ісімен айналысуына, арнайы тақырыптарда дөңгелек үстел, семинар-тренинг, дәріс өткізуге, түрлі танымдық ойындар ойнауға (шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ), поэзияға бет бұрған жастарға шығармашылық шыңдалуына зор мүмкіндік туғызады.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Қазалы ауданында ашылған «Көше кітапханасы» республикада тұңғыш рет ұйымдастырылған жоба. Аталған жобаны өзге аудандар да өздеріне үлгі етіп, көше кітапханаларын ашты. Бұл – мақтанышпен айтуға тұрарлық іс.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА