Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әр бала – бір жұлдыз

Әр бала – бір жұлдыз

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес бүгінгі күні ауданымызда инклюзивтік білім беру жүйесі қалыптасып, түрлі шаралар жүзеге асырылуда. Балалардың даму ерекшеліктерін анықтау мен оларды дамыту бағытына жұмыс жүргізетін Қазалы аудандық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация ме­ке­месінің меңгерушісі Айгүл Тілеумбетованы сөзге тарттық...

– Айгүл Үсейінқызы, соңғы жылдары «инклюзивті білім беру» деген ұғым қалыптасты. Білім берудің бұл түрі ғаламдық даму үдерісінің озық тәжірибесі ме әлде қажеттіліктен туындап отырған жай ма?

– Инклюзивті білім беру – ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды оқытып үйретудің бір үлгісі. Барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларды түрлі кедергілерге қарамастан, жалпы білім үрдісіне бейімдеуге бағытталған мемлекеттік саясат.

– Инклюзивті білім беру ауданда қалай жүзеге асуда?

– Аудандық білім бөлімі аталмыш санаттағы балаларға әлеуметтік қамқорлық жасап қана қоймай, сапалы білім мен педагогикалық түзеу көмектерін алуына жан-жақты мүмкіндіктер қарастырып келеді. Былтырғы оқу жылында инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мектептер үлесі 24,3 процент болса, биылғы жылы 44 процентке көтерілді.

Аудан орталығындағы №234 мектеп базасында арнайы жасақталған түзету сыныптарының желісі жылдан-жылға артып келеді. Өткен оқу жылында оның 10 сыныбында 77 оқушы білім алса, биылғы жылы 11 сыныпта 84 оқушы білім алуда. 2017-2018 оқу жылында арнаулы және жоғары оқу орнындарына түскен оқушылар саны – 17 болса, биыл 31 оқушыға артты. Бұл мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамнан өз орнын табуға ұмтылып отырғанын байқатады. Сондай-ақ көру, есту, сөйлеу, тірек-қимыл аппараттары бұзылған балалар психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерінде, «Рауан» инклюзивті балабақшасы, «Шапағат» сауықтыру орталықтарында арнайы қолдау тапса, біршамасы «Айгөлек» балабақшасындағы логопедиялық пунктте көмек алуда.

Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың оқу мен тәрбиесі тек педагогтармен ғана емес, арнайы мамандардың көмегімен атқарылады. Осы мақсатта өткен жылы аудандық бюджеттен 9 мектепке арнайы дефектолог, логопед мамандарына 9 штат берілсе, 2019 жылдың басында облыстық бюджеттен 7 дефектолог маманына орын беріліп, бұл сала бойынша аудан жүйелі жұмыс атқарып отырғандардың алдыңғы қатарынан табылып отыр.

– Бұл сандар мүгедек балалар көрсеткішін азайта ала ма?

– Жоқ, осындай қамқорлықтарға қарамастан, жыл санап ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалар көрсеткіші төмендер емес. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясының 2018 жылдағы есебіне сүйенсек, әсіресе 0-18 жас балалар мен жасөспірімдер арасында жүйке аурулары мен сөйлеу тілі бұзылғандар алдыңғы орында тұрса, екінші орында психикалық дамуы тежелген балалар, психикалық бұзылыстар әсерінен туындаған аурулар мен ақыл-есі дамуы кемшін балалар аурулары тұр. Бұлар экологиялық және әртүрлі әлеуметтік жағдайлар әсерінен туындап отыр.


– Әдетте ата-аналар бала тілінің кеш шығуын еркелікке балап, мектепке барғанынша оған жіті назар аудармайды. Қосымша көмекті қажет ететін бүлдіршіндер туралы айтып өтсеңіз...

– Аудандағы мүмкіндігі шектеулі балалардың 22,8 процентін 0-5 жастағы балақайлар құрайды. Мектеп жасына дейінгі балаларда сөйлеу тілінің әртүрлі бұзылыстарын коррекциялау, қалпына келтіруге логопедиялық көмек жұмыстары аса қажет. Деректерді негізге алсақ, кішкентай бүлдіршіндердің көбінде сөйлеу тілінің түрлі бұзылыстары бар. Ондай жағдайлар орын алғанда дамыту, емдеу, оқу сұрақтарын шешуге көмек көрсету үшін түзету кабинеттері, оңалту орталықтары, емханаларға жіберіп, ата-аналарына тиісті психологиялық, дефектологиялық кеңестер беріледі.

Бір ескерерлігі, баланың ерте жастан қауіпсіз, толыққанды және үйлесімді дамуы ата-аналар мен отбасы мүшелері арасындағы білім мен дағдыға тікелей байланыстылығын ұмытпаған жөн.

Қазақта «Кешке тартқан ешке тартады» деген әдемі сөз бар. Тіл мүкістігі мен баланың даму барысын кешеуілдетуіне бейжай қарауға болмайды.

Атқарылған осындай игі істерге сәйкес, жыл санап мүмкіндігі шектеулі балаларға деген көзқарастың өзгергендігін байқаймыз. Оларға мүсіркей қарау түсінігінен арылтып, қоғамның белсенді мүшесі және өз тағдырына батыл сеніммен қарайтын адам ретінде қабылдауға күш-жігерімізді жұмылдырып келеміз. Себебі, әр бала – бір жұлдыз, жарқырауына мүмкіндік беру қоғамдық іс. Ел ертеңі нұрлы болсын десек, одан ешбіріміз тыс қалмауымыз керек.

– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

12 наурыз 2019 ж. 3 052 0

Сақ патшайымы – Зарина

11 қазан 2024 ж. 82

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 143

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 146

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031