Жарылқасын Шәріпов: Туған жерден жырақта болсам да Қазалыммен біргемін
Елі үшін туған ерлер елі үшін өмір сүреді, халық үшін еңбек етеді. Ондай азаматтар дархан даламыздың жазира төсінде туған жердің туын биікке көтереді. Аянбай тер төгіп, еңбекқорлықтың үлгісін көрсетеді. Адал еңбегінің арқасында айрықша құрметке бөленеді. Мейлі, ол спортшы немесе жай ғана шаруа, мемлекеттік қызметкер, ақын, жазушы болуы мүмкін. Оның бағасын тек халық береді. Осындай елге еңбегі сіңген, адал қызметімен халық жүрегінен орын алған жандар ауданымызда да баршылық. Көрер жарығың мен кешер тағдырың барлық пенденің маңдайына жазылған құбылыс. Алайда көненің көзін көргендер тартқан тағдыр теперіші ешқайсымыздың басымыздан өткен жоқ. Ғасырға жуық тарихын арқау еткен қасиетті топырағымызда талай азаматтың өзіндік қолтаңбасы қалыптасты. Оның ішінде туған жер перзенті, қоғам қайраткері, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазалы ауданының және Қызылорда қаласының, облысының Құрметті азаматы, әсіресе тәуелсіздіктің қиынқыстаулы келген сол жылдарында ауданымызды басқарған Жарылқасын Шәріповтың есімін құрметпен атай аламыз. Ел ағасымен сұхбаттасудың сәті түсіп, Қызылорда қаласына арнайы іздеп бардық.
– Аға, сексеннің сеңгірінен астыңыз. Адам бірден үлкендікке жетпейді дейді ғой. Әр тұлғаның өзі жүрген сара жолы, дара қабілеті, тәлімі мен тәрбиесі болады. Осы дүниелер оның адам болып қалыптасуына көп септігін тигізеді. Алдымен шыққан тегіңіз, өскен ортаңыз жайлы сөз тарқатсақ.
– Ататегім – Кіші жүз Әлім, Әлімнен Есеналы, Есеналыдан Кішкене, одан Жиеней, оның Қазанбай аталығынан тарайды. Үлкен атам Әліш деген кісі, оның баласы, яғни атамның аты – Әлжан. Аталарым қарабайыр шаруа адамдары болған. Әкемнен көргенім кедейлік болған соң, аталарымды да малды адамдар болды деп ойламаймын. Әлжан атаның үлкені – менің әкем. Ол кісі 1900 жылы дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысып, аман-есен елге оралған. Әкемнің Айша, Қатша, Дәрбике деген үш қарындасы болған. Біздің атақонысымыз Ақсай арнасының жағалауы болатын. Дария тасуынан пайда болған көл де көп. Соның бірі – Бозкөл. Бертін келе Бозкөлдің өзі жоғалып, аты қалған. Шындығында бала күнімізден бері бозарып жатқан көл көрген жоқпыз. Ал Ақсай бар. Сол Ақсайдың жағасында «Коммунизм» деген колхоз болған. Әкем Шәріп колхозшы, шешем Патсайы үй шаруасындағы кісі болатын. Үйдің тұңғышы 1929 жылы туған Нұрғабыл ағам және алтыншы, кенже баласы мен 1943 жылы дүниеге келдім. Басқа балалары сәби шағында шетінеп кетіпті. Өзімнен бұрынғы балалар шетіней бергесін, ауылдың сыйлы ақсақалдары соғыс кезінде дүниеге келген маған «Құдай осы баланы жарылқасын» деп, атымды Жарылқасын қойған екен. Ауылда бастауыш мектеп болатын. 1948 жылы жасы жетіге толған балалар мектепке барды. Жасым жетіге толмаса да ойнап жүрген балалармен бірге мен де мектепке барғанмын. Оқуға қабылдамаған соң жылап үйге келгенім есімде. Осындай ынтамды аңғарған әке-шешем мұғалімдермен келісіп, мені де мектепке беріп, тынышталдырған еді. Сегізінші класта Қазалы стансасынан Қазалы қаласына ауыстым. Осындағы №7 Молотов атындағы орта мектепте оқитын болдым. Қалада Айша апамыздың үйі бар, мені осы үйге жатқызды. Айша апа – әкемнің қарындасы. Сонда ол кісі баласы Әлдебай мен келіні Ұлбосынның қолында тұрады екен. Айша апаның менімен жасты Базаркүл деген қызы бар. Әлдебайдың кішкентай балалары болды. Апамның Әлдебайдан кейінгі баласы Базарбай наубайханада жұмыс істейтін. Сол кезде ол үйде велосипед болды. Апам мені нан әкелуге жұмсайды. Наубайханаға велосипедпен барамын. Базарбайдан нанды алғаннан кейін зырылдатып үйге жетіп, екі бөлкені апама бергенше асығам. Ол кісі екі нанды пештің жоғары жағына қойып, бізге шетінен сындырып беруші еді. Мектептен соң қой бағып отырған әке-шешемнің үйіне кеттім. Соларға қол ұшымды берейін деп ойладым. Ол жақта біраз жүрген соң, қалаға келдім. Келсем, ешкім жоқ. Кластастарымның көбісі жоғары оқу орнына түсуге талап қылып кетіп қалыпты. Менің де оқуға барғым келді. Қайтып барып, ойымды көкеме айттым. Көкем дереу қалаға келіп, күріш сатып, қалтама 120 сом ақша салып берді. Оқығанымды қалады. Әр жерде көшіп жүріп жинаған білімі қойдың соңында жүріп зая кетпесін деді. Мен де қатарларымның көбісі кетіп қалған Ташкентке қарай жол тарттым. Ол жаққа барысымен теміржол институтына оқуға түспек болдым. Бұл жақта біздің қазалылық жиырма шақты бала жүр екен. Әрқайсысы әртүрлі оқу орнына құжат тапсырыпты. Бірге оқыған балалармен кездесіп, мәзбіз. Олар пәтер жалдап үлгеріпті, маған да бір орын табылды. Теміржол институтына құжат тапсырмақ болдым. Дегенмен дәрігерлік тексеру кезінде құлағының естуі нашар екен деп мені дәрігерлік комиссиядан өткізбей қойды. Жігіттердің көпшілігі ТИИИМСХ деген институтқа құжат тапсырыпты, қайтадан дәрігерлік тексеруден өтіп, жарамды болып мен де соларға қосылдым. Бұл – Ташкент ауыл шаруашылығын ирригациялау және механикаландыру инженерлерінің институты еді. Құжат тапсырып болған соң бір ай емтиханға дайындалдық. Осы дайындықтың нәтижесі болар, бұйырып тұрған дәм-тұз тағы бар, жиырма шақты баладан төртеуміз оқуға түстік. Қалғандарының жолы болмады. Төрт баланың екеуі теміржол институтының, екеуі ТИИИМСХ-ның студенті атандық. Өкінішті, сол төртеудің екеуі 1-курстан соң оқудан шығып кетті де, қалған екеуіміз оқуымызды жалғастырған едік.
– Қазалы ауданының жұртшылығы, тіпті облыс тұрғындары өзіңіз жайлы жақсы біледі. Аудан, қала басқарған кезіңізде қандай мәселелерге назар аудардыңыз? «Әттеген-ай» деген сәттер өміріңізде орын алды ма?
– 1991 жылдың көктемі еді. Аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Қасқырбай Әлімбаев бірден аудандық аурухананың бастауыш партия ұйымының жиналысына апарды. Жиналысты көп созбай аудандық партия комитетінің пленум мүшелігіне сайлады. Одан соң аудандық партия комитетінің мәжіліс залында жиналып отырған пленум мүшелері мені аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, бюро мүшесі етіп сайлады. Түстен кейін аудандық кеңес атқару комитетінің сессиясында аудандық Совет төрағасы болып сайландым. Ауданның тыныс-тіршілігі, шаруашылықтары мен мекемелері, олардың басшылары маған жете таныс, етене араласып өскен, қызмет жасаған ортам. Мұнда мен білмейтін жағдай жоқ. Облыстық деңгейде қызмет еткен кездерімде басқа облыстар мен аудандардағы жақсы, озық істерді бұрыннан көріп, көкейге түйіп жүретінмін. Оларды республикалық деңгейдегі басшылықтардың қолдауы арқылы біздің ауданда да жүзеге асыруға болады. Ауданда шешілмеген мәселелер көп. Соларды жинақтап, облыс басшылығына айтпай-ақ, бұрыннан таныстығым, қатынасым болмаса да, Қазақ ССР Премьер-министрі, жерлесіміз Ұзақбай Қарамановқа тікелей ауданның атынан хат жазып, оның қабылдауына бардым. Қабылдау бөлмесінде тапжылмай күтіп отырып, түнгі сағат 10-да сессиядан шыққан Ұзекеңнің алдына кірдім. Мені жылы қабылдаған Ұзекеңе аудандағы жағдайды айтып, көмектесуін өтіндім. Қағаздарымды оқып отырып «Мұндай мәселелерді бір-екі жыл бұрын қозғағандарың дұрыс болатын еді» деді. Шамасы, көп ұзамай қоғамда өзгеріс болатынын меңзеген сияқты. Қызылордаға келіп, облыстық атқару комитетінің төрағасы Виталий Алексеевич Брынкинмен келісіп, хат дайындап, 1991 жылдың 27 шілдесінде Қарамановтың қабылдауына бірге бардық.Премьер-министрдің кабинетіне біз қойған мәселелер бойынша өзінің бірінші орынбасарыE.Г.Ежиков-Бабаханов, одан басқа 7-8 министр мен олардың орынбасарлары шақырылған екен. Біздің тарапымыздан қойылған мәселелер қаралып, талқыланып, арнайы протокол қабылданды. 12 бөлімнен тұратын Протоколда біз көтерген мәселелердің оң шешімін тауып орындалуы арнайы министрліктерге тапсырылды. Осы протоколдың көшірмесі әлі күнге дейін өзімде сақтаулы тұр. Содан кейін көп уақыт өтпей сондағы қамтылған мәселелерге қатысты ауданға әртүрлі министрліктерден мамандар келіп, жұмыс басталып кетті. Ол кезде етті, сүтті өзіміз өндіріп, «маслозаводқа» тапсырғанымызбен өзіміз пайдалана алмаймыз, арнайы жан басына есептелген лимит беріледі. Осыны көбейтуді сұрадық. Ол бірден біз сұраған мөлшерге көбейтілді. Қызылқұм, Қарақұм мал жайылымдары шалғай болғандықтан ондағы малшылармен, ферма орталықтарымен қатынас та, байланыс та қиын болатын. Сондықтан телефон байланысын орнату мәселесін көтергенбіз. Осыған орай арнайы түркиялық мамандар келіп, «радиорелейная вышка» орната бастады. Осындай байланыс мұнаралары қазір Сарбұлақта, Тасарықта тұр, бұзып алып кетпесе басқа жерлерде де бар болу керек. Қарақалпақ АССР-імен қатынас орнату мақсатында Қазалыдан Тақтакөпірге дейінгі ұзындығы 400 шақырымдай асфальт жол салу да сұралған болатын. Бұл жөнінде де адамдар келіп, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге Қарағандыдағы металл өңдеп бұйымшығаратын зауыттың филиалын ашу үшін министрліктің орынбасары өз адамдарымен келіп, аяқ киім фабрикасы филиалының ғимаратын таңдады. Бесінші кварталдан байланыс үйі салынатын болып, Байланыс министрлігінің адамдары жер көріп кетті. Ақтөбеден газ тарту бойынша зерттеу жұмыстарының басталғаны туралы министрліктен хабар жетті. Ұ.Қарамановтың алдына қойылған осындай ауқымды жұмыстар тез арада шешімін тауып, қолға алынды. Өкінішке орай, Кеңес одағы тарап, атқарылуға тиісті жұмыс тоқтап, шешім қағаз күйінде қалды. Ұ.Қарамановтың «Мұндай мәселелерді бір-екі жыл бұрын қойғандарың дұрыс болатын еді» деген сөзі сонда ғана түсінікті болғандай еді. Әйтеке би кентінде жүйелі түрде су жүретін арығы бар көшелер кемде кем болатын. Шаруашылықтар өз иелігіне өткен эксковаторларды көмекке беріп, кенттің басты көшелерінен арық қазылды. Су келтіру үшін каналдарға насостар орнатылды. Кейбір көше тұрғындары «үйімізді ыза көтереді» деп қарсылық танытқан болатын. Дегенмен кейін олар осы істің игілігін көрді. Бұл жұмыстардың басы-қасында тынымсыз, өзіне тән іскерлігімен белгілі, кенттің сол кездегі басшысы Оразғали Бекпанов аянбай жұмыс жасады және ол кенттің көгалдандырылуында өзіндік із қалдырды. 1992 жылдың ақпанында республикадағы басқару құрылымдары өзгеріп, алғашқы аудан әкімі болып тағайындалдым. Осындай қиын-қыстауда халықтың ауызбірлігі алға шықты. Жеме-жемде жұрт бір кісінің баласындай бола алатынын көрсетті. Материалдық құлдырауға қарамастан халықтың рухани қуаты артты. Себебі қазақ елі ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіне жетті. Осындай азаттық жылдарына тұспа-тұс келген қызметімде біршама дүниелер атқарылды. Мәселен, қазақ халқының айбынды батыры, азаткер Жанқожа Нұрмұхаммедұлына ескерткіш кесене тұрғызу жұмысы қолға алынды. Бабаның жамбасы тиген жерден кесенеге топырақ әкеліп салу үшін Арал мен Қазалы ауданының ақсақалдарынан делегация жасақталды. Бұл кезде кесене бой көтеріп бітіп қалған болатын. Ел-жұрт бабаға ескерткіш қою ісі басталғанда қолындағы барын ортаға салды. Кейбір кісілер ортақ қорға 3 сом ақшасын әкеліп қосты. Бұл ақшаға не келеді дейсің, бірақ ол өртке қанатымен су сепкен қарлығаштың қарекетіндей ниеті еді. Әйтеуір барлығы оңынан реттеліп, жүйелі тірлігіміз жүзеге асты.
– Нарықтық қатынас деген бар. Біздің осы кезге дейінгі ұғымымыздағы барлық қатынастардан үстем, адам пиғылын өзгертетін қатынас екен. Туысқандық, достық, жолдастық, жерлестік, адамгершілік, сүйіспеншілік, сыйластық секілді басқа да қасиетті қатынастардың бәрі нарықтық қатынасқа айналып кеткен жоқ па деген ойға қаласың. Данышпандық. Бұл екінің біріне бұйырмаған қасиет. Ондай адамдар бұрын да болған, қазір де бар. Алайда олардың қоғамдағы алар орны, бағасы мен беделі бұрынғыдан әлдеқайда төмен. Қазір данышпан болу қиын емес. Үлкен болсын, мейлі кіші болсын, билік басына барсаң болды, билейтіндеріңе данышпансың. Қандай басшы болмасын, оның абыройы артып, тапсырылған жұмысты бар күшімен атқарып, тұрғындардың ойынан шығу үшін қызмет жасағысы келетініне күмәндануға болмайды. Алайда білім мен тәжірибенің ұштаспауынан атқаратын қызметіне ой өрісі тарлық етіп, елге пайдалы нәтижеге жете бермейтін басшылардың кездесетіні де жасырын емес. Ал іскер, қабілетті басшы – өңір халқының бақыты. «Мың қосшыдан бір басшы артық» деген тәмсіл осыған саяды. Атаққұмарлық, жағымпаздық, сатқындық, парақорлық, бәлеқорлық. Мұның барлығы әрбір адамның болмысына жат болуы керек. Ауданда басшылық қызметтерде болған кезімде біреуді туыстықпен, болмаса арадағы алыс-беріс жолмен жақын тартып, басқа біреуге қиянат болатындай әрекеттерден өзімді аулақ ұстадым. Барынша адал, әділ болуға ұмтылдым, кез келген адамның көзіне қымсынбай тіке қарадым. Бірақ қателеспейтін, кемшілік жібермейтін адам болмайды, мен де сол қарапайым пенделердің қатарынанмын. Сондай жағдайлар болған күнде оған кімнің де түсіністікпен қарағанын қалар едім. Енді туған топырақтан жырақ жүріп те мен қазалылықтардың тілеуін тілеймін, ыстық ықылас ниетіммен жерлестеріммен Қазалыммен біргемін.
– Сіз қызметте болған жылдары қандай түйткілдердің тіні тарқады? Бірнеше жылдарға артқа шегініс жасап көрейікші. Сабақ алған сәттер, есте қалған оқиғалар есіңізде ме?
– Бірде облыстық семинар өткіздік. Семинар жұмысына облыс әкімі Сейілбек Шаухаманов қатысты. Семинар тарқаған соң облыс басшысын пойыздың арнайы вагонына мінгізіп шығарып салдым. Сонда Сәкең маған Қызылорда қаласының әкімі болуға ұсыныс жасады. Ал мен «өмірім ауылда, ауданда өтті, қала өмірімен таныс емеспін, қиын болар» деп ойланбастан бас тарттым. Осыдан шамалы күннен соң Целиноградта өткен ауылшаруашылығы қызметкерлерінің республикалық жиынына бардық. Бұл жиынға Қазақстан бойынша барлық аудан әкімдері, ауылшаруашылығы басшылары мен мамандары қатысты. Жиынға Нұрсұлтан Назарбаев, Үкімет басшысы Әкежан Қажыгелдин қатысты. Алға қойылған міндет – тез арада ауылшаруашылығы құрылымдарын жекешелендіру. Жекешелендіру қалай жүргізіледі, келешегі не болады, ол жағы бізге жұмбақ күйде қалып, елге қайттық. Қалай болғанда бұл тапсырма іске асырылуы тиіс. Сондықтан елге келісімен облыстан маман шақырып, жекешелендіруді Қызылту совхозынан бастадым. Жиын өткіздік, бұрынғы егіс бригадалары ізімен совхоздың бар дүниясын серіктестіктерге бөлдік, басшысын тағайындадық. Ертеңіне барсақ, техника атаулы түгелімен жеке үйлерге тасып әкетілген, гаражда қолға ұстайтын ештеңе қалмапты. Бірнеше күннен соң дарияның арғы бетіндегі Өркендеу совхозын жекешелендірдік. Мұнда да дәл осы жағдай орын алды. Жұрттың қаржысы жоқ, жанармайды, техниканың қосалқы бөлшегін, тыңайтқышты қайдан алатыны белгісіз. Мұндай қажет заттарды бартер арқылы ғана алуға болатын. Бірақ оған алмастыратын зат та жоқ, барыңды берсең, түбінде өзің дымсыз қаласың. Нақты шешімі жоқ, қиындық басталған секілді. Үйге келген соң түнімен көзім ілінбей, қалың ойға баттым. 1963 жылдан бастап, отыз жылдан аса кірпішін елдің маңдай терімен қалап тұрғызған ғимаратты көз алдымда әлдекімдер келіп, күл паршасын шығарып қиратып жатқандай қиын күйге түстім. Әр шаруашылықтың қандай еңбекпен еңсе тіктегені менің көз алдымда, олардың бір мезетте осындай бола қалғанына өзімді кінәлі адамдай сезіндім. Бұдан әрі қирап, тоналып жатқан шаруашылықтардың басы-қасында болғым келмеді. Ойыма «қалаға әкім бол» деген ұсыныс түсті. Солай облыс әкіміне бардым. Ол кісі мені түске дейін қала әкімдігіне апарып, ұжыммен таныстырып, қала әкімінің орындығына отырғызып кетті. Мен осы кезге дейін кезекті қызметке өсу сатыларымды зерделеп қарасам, көземелдейтін, қолдайтын бір жақын туысым болмапты. Қай кезде де тікелей басшыммен жеке бас тұрғысында аса жақын қатынаста болғаным жоқ. Негізінен қызмет бабымен ғана араласып, сыйластым. Сейілбек Шаухамановтың мені әкімдік қызметтерге тағайындауы сол кезеңдегі кадр тәрбиелеу, оны өсірудегі басшылардың адалдығы мен әділдігінің көрсеткіші деп ойлаймын. Болмаса Сәкеңнің туысы, жерлесі, сыйласы жеткілікті, бұл істі алыс-беріспен шешкісі келетіндер де болған шығар. Бірақ ол кісі әділдік пен адалдықтан аттаған жоқ. Қазіргі заманда осыған біреу сенер ме екен? Атамекенім, әке-шешемнің топырағы Қазалының бір ауылында дүниеге келіп, балалық шағымды сонда өткізіп, мектеп бітірдім. Есейіп, жоғары білім алып, туған жеріме қайта келіп қызмет жасадым. Қызметім ауысып, облыс орталығына аттандым. Қала әкімдігіндегі қызметімді қала жағдайымен жан-жақты танысудан бастадым. Алдымен коммуналдық-шаруашылық мамандарымен кездесіп, нақты жағдайларды талқылап, кейбір жерлерді өзім аралап көрдім. Өйткені қала жағдайы маған тосын. Мекеме көп, олар немен айналысады, қанша адамы бар, қаражат жағдайы қандай күйде? Алдымда осылардың бәрін жете зерттеп, білу мақсаты тұрды. Ол үшін әкімдіктің жалпы бөлім меңгерушісі Шәміл Нұрымгереев ағамыз арқылы әр күні жұмыс уақытынан соң бір-екі мекемеден өзіме шақырып, олардың жағдайынан мағлұмат алдым. Түнгі сағат 12, 1-ге дейін кеңседе отыратын осындай танысу бір айға созылды. Осы уақытта жүйенің өзгеруі мен қаржыландырудың тоқтауына байланысты қаладағы мекемелер мен өндіріс орындарының жұмысы тұралап, жағдайы нашарлағаны белгілі болды. Қала мен ойлағандай емес екен. Шынын айтқанда, ол маған иістенген подвалдағы судың үстінде тұрған ғимараттар сияқты көрінді. Өз кезегінде дәл осы мәселелерді көтеріп, жүйелі шешілуіне атсалыстық. Халыққа ауыр тигені қоғамдық көлік жайы болды. Автобус паркі тараған, автобустар жекешеленген. Нарықтық қатынастардың толық жолға түспегендігінен жекеменшік жүйе де орнықты қалыптаспаған. Адам тұруға арналып жабдықталған аялдамалар жоқтың қасы. Тығырықтан шығудың барлық мүмкіндіктері қарастырылып, мекемелер мен ұйымдардың, ұжымдардың жәрдемімен біртіндеп жағдай реттеле бастады. Базарлар ашып, халық қажетін өтеуге кәсіпкерлерді тартумен бірге аудандардың кезек-кезек жәрмеңке өткізуі де жүйелі түрде жүргізілді. Тұрмысы өте нашар отбасылардың тізімі жасалып, «қайырымдылық» қорына түскен қаржыға азық-түлік алынып, таратылып тұрды. Тұрмысы төмен отбасылардың біразы кәсіпорындар мен мекемелердің қамқорлығына берілді. Онсыз да жұмыстары тоқтай бастаған мемлекеттік құрылымдарға бұл оңай тиген жоқ, дегенмен жәрдемі болды. Қала көшелерін тәртіпке келтіруге күш салынды. Көшеде жайылып жүретін малдарды тоқтату да оңайға соқпады. Оларды күнделікті жинап, иелері келгенше арнаулы орында күтіп ұстау да оңай емес, дау-дамайы да аз болған жоқ. Көшедегі бейберекет орналасқан ларектер мен гараждарды алдыру, оларды реттеп қойдыру да біршама қиындық келтірді. Осындай келеңсіздіктерді қаржы жетіспейтін кезеңде жолға түсіру қиын іс еді десем, артық болмас. Сондықтан қоғамдық тәртіп пен тазалықты ретке келтіру үшін қалада 10 қоғамдықтірекпункті ашылып, оны беделді ақсақалдар басқарды. Олардың осы жұмыстары тұрғындардың жаңа талап деңгейіне бейімделуіне ықпал етті. Естен кетпейтін сол өтпелі кезеңдегі қала тұрғындарының басына түскен ауыртпашылық пен қиыншылықтардың шет жағасын ғана айтып отырмын. Қолдан келгенше қала өміріне заманға сай жаңа өзгерістерді енгізуге, қиыншылықтарды шешуге тырыстық.
– Қазір біз – «Жаңа Қазақстанбыз». Өткен кезең мен қазіргі уақыт аралығында жүйе жаңарып, өзгерістер орын алды деп ойлайсыз ба? Қазақстанның болашағын қалай елестетесіз?
– Өткен кезең мен бүгінгі уақытты салыстыруға келмейді. Көп өзгерістер орын алды. Сол жүйенің жаңарып, біз армандаған мемлекет қалыптасса одан асқан бақ та болмас еді. Ел болашағы – жастардың қолында. Шет ел асып, сырт елде қызметте жүрген жерлестеріміз жетерлік. Әсіресе жастар. Елге келгісі де жоқ.Өз елін түлетіп, ауылын гүлдендірсе дейсің. Не дегенмен оларда жастық жалын бар. Тың ой мен көшбасшылық қабілет бар. Сол үшін ел жастарына көбірек мән берілсе деймін.
– Тарих тасқа қашалып жазылған өшпейтін қазына. Ондағы өзгерістер мен жаңалықтар жылдан-жылға қатталып, келешекке беріліп отырады. Ғасырға жуық тарихын арқау еткен қасиетті мекеніміз қашаннан ырыс, ынтамақпен көктеп-көгерген өлке. Мерейлі мерекеде аудан халқына бақ-берекелеріңіз арта берсін, жаңа Қазақстанның жарқын болашағы үшін жасап жатқан ерен еңбектеріңіздің жемісі мәуелі болсын демекпін. Қазалы ауданының болашағы зор. Ел-халыққа айтарым, бейбітшілік заман болсын! Қазыналы Қазалы ауданы жылдан-жылға көркейіп, гүлдене берсін!
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Айнұр ӘЛИ