Әділхан Жөлекешов: Жаңа белесті бағындыруға кірістік
Қазіргі таңда аудандық білім бөліміне қарасты 38 білім ошағы мен 50 мектепке дейінгі білім беру ұйымы қызу жұмысын бастап кетті. Бұдан бөлек өнер мектебі мен оқушылар үйі балғындардың талантын шыңдап, биікке жетелеуге кірісті. Үш ай демалыста шәкірттер «Шағала» балаларды сауықтыру-демалыс орталығында 7 ауыссыммен тынығып шықты. Соған сәйкес, биыл жаңа білім белестерін бағындыруға ниетті. Аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов жас өрендердің жарқырауы үшін лайықты жағдай жасалып отырғанын айтады.
– Әділхан Оңдасынұлы, өткен оқу жылында мектеп бітіруші түлектердің басым бөлігі сынақтан сүрінбей өткенін білеміз. Орташа ұпай да біршама көтерілді. Биылға қандай нақты жоспарларыңыз бар?
– Рас, Ұлттық бірыңғай тестілеуден жиған ауданның орташа ұпайы көңілге қуаныш ұялатты. Аудандағы мыңдаған ұстаздар мен оқуға құмар оқушыларымыздың арқасында орташа көрсеткіш 82 процентке жетті. Бұған бұрынғыдай сынақ кезеңінде өту балын жинайтын түлектерді ғана емес, талабына сенген кез-келген баланың өзін сынап көруіне мүмкіндік беру де тікелей әсер еткені сөзсіз. Мұндай талап осындағы білім беру ұйымдарының жұмыс нәтижесін шынайы көруге де көмектесті. Соны сараптап, әрбір мектепке орын алған кемшішілік айналасында, бүгінгі биікті одан да жоғарылату мақсатында бірқатар тапсырма берілді. Амандық болса, бұл оқу жылында бұдан да көп оқушының қуанышының куәсі боламыз деген сенім бар.
1 қыркүйек күні 16859 оқушы білім алуды бастап кетті. Оларға белгіленген талапқа сай оқулық жеткізіп беру де үлкен жұмыс болғанын жасырмаймын. Ең бастысы Білім күніне дейін оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету үшін 42468 оқулық пен 7759 көркем әдебиет алдырттық. Қазіргі таңда барлық мектеп қажетті оқулықпен толық қамтылды.
9 сынып бітіріп, колледжге оқуға түсетін балалар туралы көп айтыла бермейді. Биыл 1513 оқушының 524-і осындай шешім қабылдап отыр. Өткен жылы 1544 баланың 222-і Үздік аттестат иегері ретінде алтын ұя мектебімен қоштасқаны есте.
ҰБТ туралы сөз қозғалғасын айта кетейік, былтыр 11-сыныпты 796 оқушы тәмамдаса, оның 749-ы тестке кірді. Орта баллды айттық. Ал тест тапсырғандардың 645-і мемлекеттік грант конкурсына қатысты. Нәтижесінде 517 оқушы жоғары оқу орындарында тегін білім алатын болды. Мемлекет тарапынан білімді балаларға деген мұндай қолдау бұрын-соңды болмаса керек. Оның үстіне облыс әкімінің грантын қазалылық 8 оқкшы жеңіп алды. Тағы 410 түлек түрлі колледжге грант негізінде оқуға түсті.
Сынаққа қатысқан 34 мектептен 57 оқушы «Алтын белгі», 76 үміткер «Үздік аттестат» иегері атанды. Ең жоғары балл С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектеп түлегі Серік Тұрарға тиесілі. Ол 133 баллды еншіледі. Ал биыл 910 оқушы 11 сыныпты тәмамдайтын болады.
– Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді тәрбиелеу жұмыстары қалай жүріп жатыр? Балабақшаларда қиындықтар бар ма?
– Қазіргі таңда аудандағы 3-6 жас аралығындағы 3426 балдырған балабақшамен қамтылған. Жалпы 50 мектепке дейінгі ұйымда 5065 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі ұйымдарда 595 педагог қызмет атқарады.
– Қазіргі таңда аудандағы 3-6 жас аралығындағы 3426 балдырған балабақшамен қамтылған. Жалпы 50 мектепке дейінгі ұйымда 5065 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі ұйымдарда 595 педагог қызмет атқарады.
Өткен жылы бөбектердің қуанышына орай, Бекарыстан би ауылында 100 орындық жеке балабақша және Қазалы қаласындағы 140 орындық «Өрімтал» балабақшасы пайдалануға берілгені белгілі. Бұдан бөлек, қазіргі күні 3 апатты балабақша бар. Оның бірі – Бозкөл ауылындағы «Ақкөгершін» десек, келесісі Кәукейдегі «Бөбек» пен Қожабақы ауылындағы «Айгүл» балабақшасы. Алайда, Кәукей, Бозкөл ауылындағы балабақшалар мектеп ғимаратына көшіріліп, мәселе уақытша шешілді.
Қожабақы ауылындағы «Айгүл» балабақшасы 2012 жылы апаттық деп танылды. Айта кету керек, 2013 жылы балабақша ғимаратының ЖСҚ әзірленген. Алайда, сараптама қорытындысының 2016 жылы мерзімі өткен. Сондықтан, 90 орындық балабақша құрылысы жобасын әзірлеп, сараптамадан өткізуге 16,1 миллион теңгеге бюджеттік өтінім жолданды.
– Ауданда апаттық жағдайдағы жалғыз мектеп барын білеміз. Басқа білім ордалары жаңа оқу жылына қаншалықты дайын?
– Ия, Жанқожа батыр ауылындағы №94 мектеп апатты деп танылуына байланысты тиісті жұмыс жасалды. Қазіргі күні жаңа мектеп бой көтеретін жер белгіленіп, іргетасы қалануға дайын тұр. Келер жылы балалар жаңа мектепте оқуын жалғастырады деп жоспарлап отырмыз.
Әрине, жаңа оқу жылы басталар бұрын барлық мектеп ағымдағы жөндеуден өтеді. Биыл бұл мақсатта 45616,0 мың теңге қаржы бөлінген. Аталған қаражатқа жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті құрылыс және шаруашылық материалдары толығымен алынды. Білім беру ұйымдарында ағымдағы жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржыға сәйкес мектеп ғимараттарына, пән кабинеттеріне, шеберхана, компьютер, мультимедия, лаборатория кабинеттері, акт залы, спорт зал мен асханалардың терезелері мен едендерін сырлау және қабырғаларын әктеу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен бірге, Қ.Пірімов ауылындағы К.Күлетов атындағы №92 орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында қаржы бөлінді. 3 айға созылған күрделі жөндеу бүгінде аяқталып, алғашқы қоңырауда балалар игілігіне берілді.
Мектеп базасының білім беру ісіне дайындығын қалыптастыру мақсатында 1730 парта мен 227 дана тақта сатып алуға 51908,7 мың теңге бөлінді. Сондай-ақ, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 3 мектепке талапқа сай камера сатып алынып, жүзге жуық камера аудандық полиция бөліміне қосылды. Сондай-ақ, 13 мектепке дабыл нүктесі орнатылып, 10 мектепті лицензиялық күзетпен қамтуға 6540,0 мың теңге бөлінді. Қазіргі таңда барлық мектепке металіздегіш құрылғы алуға 576 мың теңге бөлінді. Бұл жасөспірімдер арасында орын алуы мүмкін қиындықтарды жеңілдетуге көмектеседі.
– Бірер айдан кейін «қылышын» сүйреп, қыс та жетеді. Ауданда көгілдір отын мен орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған мектептер баршылық. Олар жылуды қайдан алады?
– Білім саласының ауқымы кең болғандықтан қыстың қамын жазда ойламасқа болмайды. Соған сай сұйық отын қолданатын 23 мектеп пен 8 балабақша үшін 2023 жылы 2007,4 тоннаға қаржы бөлінген. Қазіргі таңда, білім беру ұйымының қоймаларында 250 тонна сұйық отын бар. 2023 жылғы қазан-желтоқсан айы аралығына 733,3 тонна сұйық отын сатып алу жоспарланған. 31 нысан бойынша 295 теңгеден сұйық отынға келісім-шарт жасалды.
Қатты отын қолданылатын 4 мектеп пен 2 балабақшаның жылу маусымы үшін 1396,1 тонна қатты отын алынады. Бүгінгі күні көмір білім беру ұйымының қоймаларына тасымалданып жатыр.
Орталықтандырылған жылу жүйесі мен газ отынына бейімделген білім беру ұйымдары үшін қаржы толық шешімін тапқан. Мектептер мен балабақшалардағы жылу қазандықтарының ауыстыруды қажет ететін бөлшектері үшін 34439,3 мың теңге бөлініп, барлық заттар 100 пайыз жеткізілді. Нақтырақ айтсақ, №95, №165, №258 мектеп пен №23 Қарлығаш балабақшасына жылу қазандығы, 7 мектепке генератор, тағы бірнеше білім беру ұйымдарына қосалқы бөлшектер алынып берілді.
– Осыдан 10 жыл бұрынырақ интерактивті тақтасы бар сыныптар саусақпен санарлық еді. Десек те сол тұстағы оқушылар үшін мұндай кабинет заманауи білім алудың таптырмас мүмкіндігіндей көрінетін. Қазіргі мектептердің техникалық мүмкіндіктері жан жадыратады деп айта аламыз ба?
– Әрине, пәндік сыныптарды заман ағымына сай жетілдіру, бейінді оқыту үшін қолданыста бар материалдарды мектеп базасына енгізу күн тәртібінен түскен емес. Білім беруді модификациялау мақсатында мектептерде жабдықталған пән кабинеттерін арттыру жалғасуда. Қазіргі таңда білім ұйымдарының 94,7%-ы жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықталған.
Мәселен биыл тағы 7 кабинетпен (физика-3, химия-3, биология-1) жабдықтау жоспарланған. Бүгінгі күні 7 кабинеттің 4-еуі жеткізілді. Тағы 3 пән қабинеті көп ұзамай жасақталуы тиіс.
Сонымен бірге жоғары жылдамдығы бар интернеттің қолжетімді болуы оқу процесіне көп септігін тигізеді. 2023 жылдың басында барлық мектептерді 20 Мб/с жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосу және мектеп контингенті 400-ден асқан жағдайда 20 балаға 1Мб/с арттыру тапсырылды. Осы сәтте аудан бойынша 21 мектеп аталған талапқа сәйкестендірілсе, 16 мектеп ғаламтор жылдамдығын арттыруға жұмыс жасап жатыр.
– Өткен жылы бастауыш сынып оқушыларына түгел тегін, ыстық тамақ берілетіні жарыса айтылды. Биыл бұл үрдіс жалғасын таба ма?
– 1-4 сыныпта оқитын 6717 оқушыны ыстық тамақпен қамту сол ізбен жалғаса береді. Сонымен бірге 5-11 сыныпта білім алатын әлеуметтік жағдайы төмен 1800-ден астам балалар ауқатпен қамтамасыз етілген. Тағамның құнарлы болуы және уақытылы берілуін жаңа оқу жылы басталғанда көріп шықтым. Бір мезгілде 3420 оқушы мектепте ауқаттанып отыр. Бұл тұрғыда қиындық орын алмайды деп ойлаймын.
Бұдан бөлек «Мектепке жол» акциясы аясында 1095 оқушыға материалдық және қаржылай көмек көрсетіледі. Жалпыға міндетті оқу қоры есебінен әлеуметтік осал топтағы 3478 оқушыға 40,5 мың теңгеден берілді.
– Білікті педагог – білімді шәкірт шығарудың кепілі. Аудан ұстаздары білімін жиі жетілдіреді ме?
– Қазалыдағы білім беру ұйымдарында 2537 педагог жұмыс жасайды. Оның ішінде шебер, зерттеуші, сарапшы, жоғары, І санатты педагогтердің үлесі 50,1 процентті құрайды.
Университеттегі 4 жылдық біліммен зейнетке шығуды ойлайтын ұстаз біздің арамызда жоқ деп ойлаймын. Себебі бүгінгі күні оқыту әдісі, материалдық база күн сайын жаңарып отыр десек қателеспейміз. Сол себепті кезектілігіне сай мектеп әкімшілігі педагогтардың білімін жетілдіруді ұйымдастырып отыр. Қазіргі таңда аталған 2537 педагогтің барлығы білім мазмұнын жаңарту аясында біліктілікті арттыру курсынан өтті. Көшбасшылық бойынша біліктілік арттыру курсынан 37 білім беру ұйымының 36 басшысы өтіп, 97 пайызды құрайды.
Сонымен қатар, 2022 жылдың қорытындысында мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру тақырыбында 149, пәндік құзыреттлікті дамыту аясында 400, жаһандық құзыреттілік аясында 24, конфликтология бойынша 11, аналитикалық дағды бойынша 8, деңгейлік курсынан 5, оқу орынбасарларының менеджменті бойынша 25 педагог біліктілігін арттырды.
Біліктілік арттыру курстары міндетті нысаналы индикатордың бірі болғандықтан бұл үрдіс биыл да жалғасын тапты. Жалпы алғанда 2023 жылдың қаңтар-тамыз аралығында барлығы 494 педагог біліктілікті арттыру курстарынан тәмамдады.
– Мемлекет басшысы инклюзивті білім беру мәселесіне жиі тоқталады. Үйден оқуды қажет ететін балаларға білім беру ісі қалай жүріп жатыр?
– Психологиялық-педагогикалық медициналық консультация мекемесінің қорытындысына сәйкес 0-18 жас аралығында ерекше білімге қажеттілігі бар балалар саны 845-ке жетті. Оның ішінде мектеп жасындағы 356 бала инклюзивті біліммен, үйден оқитын 87, 0-6 жастағы 171 бала мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленуде.
2022 жылы облыстық бюджет есебінен мектепке дейінгі 12 ұйым логопед мамандармен қамтылды. Қазіргі таңда барлығы 13 балабақша инклюзивті біліммен қамтамасыз етіліп, логопункт кабинеті құрал-жабдықтармен толық қамтылған.
– Уақыт бөліп, жүйелі жұмыс жайымен бөліскеніңізге ризашылық білдіреміз.
Әңгімелескен
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ