Мемлекеттік грантқа мүмкіндік мол
Ауданда мектеп түлектеріне мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Ол 6 мамыр мен 30 маусым аралығында №249 мектеп-лицей базасында орналасқан арнайы жабдықталған тестілеу орталығында өтетін болады.
Биыл жаңа ереже бойынша, мектеп бітірушілер ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижені грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады. Бұл оқушылар үшін таптырмас мүмкіндік болмақ.
Әдеттегідей тестілеуге 4 сағат беріледі. Осы уақыт ішінде талапкерлер ең жоғары 140 балл үшін сынақтан өтеді.
Ондағы берілген тәртіп бойынша қатысушылар тапсырманы кез келген пәннен бастай алады. Сонымен қатар тестілеу аяқталғанға дейін жауап берілген сұрақтарға қайта оралып, жауаптарды түзетуге болады. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін ҰБТ барысында компьютер экранында калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестелері қолжетімді болады.
Мұнан бөлек ҰБТ нәтижелерін тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуге болады. Тестілеу қорытындысы бойынша жиналған ұпай саны экранға шығарылады. ҰБТ қатысушысы қандай сұрақтарға қате жауап бергенін бірден көре алады. Сосын нәтижеге көңілі толмайтын жағдайда талапкер келесі күнді күтпей-ақ бірден апелляцияға өтініш бере алады.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов шәкірттердің жақсы көрсеткіш көрсететініне сенім білдіріп, барлық талапкерлерге сәттілік серігі болсын деп тілек білдіріп отыр.
– Санаулы күндерден соң аудан бойынша 699 мектеп бітіруші орта білім беру ұйымдарын тәмамдайды. Оның ішінде 623 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуде бақ сынағалы жатыр. Осы жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің өткен жылдардан ерекшелігі электронды форматта «бір қатысушы – бір компьютер – бір камера» қағидаты бойынша өткізілетін болады. Бұл ҰБТ нәтижесімен мектеп бітіруші түлектің мемлекеттік білім беру гранты арқылы оқуға түсуге мүмкіндігі бар.
Соңғы бір жылда дүниежүзілік пандемияның салдары білім саласына да әсер еткенімен, оқушыларымыз он бір жыл бойы алған білімін ақтап шығарына сенімдімін. Әрбір түлектің сынақтан сүрінбей өтіп, сындарлы сәтте сәттілік серік болуына тілектеспін, – дейді Әділхан Оңдасынұлы.
Айта кетейік, электронды тестілеуге арнайы 4 кабинет 100 компьютермен жабдықталған.
А.БАҚЫТҰЛЫ