ҰБТ: тәртіп күшейтілді, талап қатайды
Кезекті оқу жылы да аяқталып, шәкірттердің 11 жылғы білімі сыналар шақ жақындап қалды. Елімізде оқушылардың биылғы ұлттық бірыңғай тест тапсыру мерзімі 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Ал, біздің ауданның түлектері 22 маусымда тест тапсырады.
Ауданда білім бәсекесін ұйымдастыру мен өткізуге байланысты дайындық жұмыстарының жағдайы қалай? Осы жайттар туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» Әйтеке би кентіндегі филиал басшысы Бейбіткүл Бердіхалықпен әңгімелескен едік.
– Бейбіткүл Әбжәлиқызы, ұлттық бірыңғай тестілеудің биылғы жылғы басты өзгерісі ту¬ралы айтып өтсеңіз.
– Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жыл 18 наурыз №125 бұйрығымен бекітілген Ережесі, 2017 жылғы 2 мамырдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуді және кешенді тестілеуді өткізу қағидаларын және 2018 жылғы 7 маусымдағы №89 бұйрығын басшылыққа ала отырып, 2018-2019 оқу жылының ҰБТ сынағын өткізгелі отырмыз. Тестілеу форматында өзерістер жоқ. 2017 жылы емтихан¬дар мен құжаттар жеке рәсімделді. Биыл да ҰБТ мен Қорытынды аттестаттау емтиханы болып, және сертификат пен аттестат негізінде қарастырылады.
Айрықша айта қаларлық жағдай енді ата-аналар балаларының тест тапсыру барысын үйде отырып, бақылауға үлкен мүмкіндік туып отыр. Яғни, тестті онлайн трансляция жүйесінде қарай алады. Осыған байланысты күрделі жұмыстар жүргізілді. Қазалы ауданы бұл шараға толық дайын. Түлектерімізді қуантарлық тағы бір жаңалығымыз бейіндік пәндер бойынша болады. Қазақ тілі мен әдебиеті немесе орыс тілі мен әдебиеті мамандығын таңдаған оқушының таңдау пәні «Қазақ тілі мен тарих» немесе «Орыс тілі мен тарих» еді. ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 7 наурыздағы бұйрығымен өзгерістер мен толықтырулары бой¬ынша таңдау пәндері «Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті» немесе «Орыс тілі мен орыс әдебиеті» болып өзгерді. Биылғы жылы тест тапсыру тілі қатарына ағылшын тілі қосылды.
– ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштерді қабылдау мерзімі және өткізілу орны жөнінде білсек.
– Қазалы ауданы бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу өтетін орын ҰТО- ның Әйтеке би кентіндегі филиалы орналасқан №249 мектеп-лицей. ҰБТ өткізетін пунктте «Деректер Базасы» 10 наурыз – 10 мамыр аралығында өтініштер қабылданды. 22 маусымда 14 аудиториялық қорда 556 өтініш білдірген тестіленушілеріміз бақ сы¬найды. Осы орайда біз барлық талапкерлерге сәттілік тілейміз.
– Жоғары оқу орнына түсу үшін шектік балл көрсеткіші қандай?
– Жаңа форматтағы ҰБТ-да шекті балл өзгерген жоқ. Ең төменгі меже бұрынғыдай 50-ден кем емес. Тек ұлттық және медициналық жоғары оқу орындарына түсушілер үшін – 65, ауыл шаруашылығы саласындағы жоғары оқу орындарында оқимын дегендер 60 балл жинауы керек. Межелі ұпайды жинай алмаған мек¬теп бітірушіге қайтадан тапсыруға мүмкіндік беріледі. Мұндай жағдайда жоғары оқу орнына ақылы бөлімге ғана түсе алады.
Жаңа форматтағы ҰБТ-ның талаптары бойынша енді «Алтын белгі» иегерлері, жалпы республикалық және халықаралық олимпиаданың, сонымен бірге ғылыми жоба жүлдегерлері мен жеңімпаздары ҰБТ-дан босатылмайды. Жалпыға бірдей негізде тест тапсырғанымен, нәтижелері басқа талапкерлердің көрсеткіштерімен тең түскен жағдайда оларға грант бөлу кезінде басымдық берілмек.
Бұл ретте айта кетсек, биыл Елбасының бес әлеуметтік баста¬ма аясында қосымша 20 мың грант бөлінген. Оның ішінде 11 мыңы техникалық мамандықтарға арналып отыр.
– Әрбір пән бойынша тест тапсырмасының саны мен белгіленген уақыты қалай?
– Тест тапсырмаларындағы өзгерістерге келсек, талапкерлер биыл 3 міндетті, 2 бейінді пәннен сынақ тапсырады. Тестілеуге бөлінген уақыт – 3 сағат 50 минут. Міндетті 3 пәннен келетін сұрақтарға берілген бес жауаптың біреуі ғана дұрыс. Бейінді пәндердің екеуінде 20 тапсырма да солай, тек екі таңдау пәннің де он-он сауалында бірнеше дұрыс жауабы берілген. Сол екі немесе үш дұрыс жауапты белгілесе екі балл қосылады. Сондықтан тапсырманың барлығы 120 болғанымен, ең жоғары балл 140 болады.
– ҰБТ кезінде математикалық сауаттылығына және оқу сауаттылығына арналған тапсыр¬малар тестіленушілердің қандай дағдыларын тексереді?
– Сауаттылық бойынша тапсырма талапкердің жалпылау, салыстыру, тұжырымдау және т.б. дағдыларын тексеруге бағытталған.
Оқу сауаттылығы мәтіндермен жұмыс жасай білу қабілеттерін тексереді. Яғни, мәтінді оқып қана қоймай, оның мазмұнын ұғыну, мәтіннен ақпаратты таба білу, мәтін бойынша қойылған сұрақтарға жауап таба білу дағдыларына негізделеді. Себебі, жоғары оқу орнында талапкер түрлі деректермен жұмыс істеп, оны сараптама жасап, шешім қабылдайды. Яғни, бұл дағдылар университетке түскен түлекке қажет.
Математикалық сауаттылық оқушылардың игерген білімдерін өмірлік жағдайларда қолдана білу деңгейін, объектілер мен құбылыстарды салыстыру, жіктеу, талдай білу қабілеттерін анықтайды.
Бейіндік пәндер бойынша тест тапсырмалары талапкерлердің таңдаған пәндерін қаншалықты жақсы білетінін және төмендегі басқа да қасиеттерін анықтауға арналған:
– Түрлі ақпараттар мен деректерді байланыстыра білу;
– Түрлі формада ұсынылған ақпараттарды (таблица, графика, ди¬аграмма, т.б.) талдап, түсіндіре білу;
– Берілген міндеттерді орындау мен мақсатқа жету үшін іріктеліп алынған ақпараттардың маңыздылығын талдай білу;
– қолда бар ақпараттарға баға беру, салыстыру, жүйелеу;
– түсіндіру, салыстыру, жіктеу, шешім шығару;
– қаралып отырған заттардың, құбылыстар мен нысандардың құрылымын көрсету.
– Тестіленушіні ҰБТ нәтижесі қанағаттандырмаған жағдайда не істей алады?
– Мұндай жағдай бола қалса апелляцияға өтініш беруіне болады. Бұл тестілеу нәтижелері хабарланғаннан кейін келесі күнгі 13:00-ге дейін ҰБТӨП-те арнайы үлгі толтыру арқылы беріледі. Ол апелляциялық комиссиямен бір күн ішінде қаралауы тиіс. Өтініш беру барысында тестілеу нәтижесімен келіспеуінің дәлелі нақты көрсетілуі керек. Шығындық қарау тест тапсырмаларының мазмұны мен мәтіні және техникалық себептер бойынша қарастырылады.
– Әңгімеңізге рахмет. Мектеп бітіруші түлектерге тек ғана сәттілік тілейміз!
Әңгімелескен,
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ