ҰБТ-ны ағылшын тілінде кімдер тапсырады
Ағымдағы жылы мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуді ағылшын тілінде тапсыра алады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асxат Аймағамбетовтың айтуынша, мектеп оқушысы тестті қай тілде тапсыратынын өзі таңдайды.
«Шынымен де, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік берейін деп отырмыз. 10 наурызда тестті тапсыру туралы өтінімдер қабылдана бастады. Аталған жұмыс мамырдың ортасына дейін жалғасады. Сондықтан ағылшын тіліндегі тестті кімнің және қанша адамның таңдағанын әзірше айта алмаймыз. Оны өтініш білдіру процедурасы аяқталғанда білеміз. Дегенмен, ағылшын тілінде сабақ беретін кейбір мектептер одан қалыс қалмайтын шығар», - деді А.Аймағамбетов Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслиxатында.
Оның сөзіне қарағанда, ағылшын тіліндегі сұрақтардың қазақша және орысша нұсқадан айырмашылығы жоқ.
«Ағылшын тіліндегі сұрақтар дайын және тест кітапшаларына енгізілді. Барлық сұрақтар оқу бағдарламасын қамтиды және білім беру талаптарына сай келеді. Қазақша болсын, орысша болсын, мазмұны жағынан көп айырмашылық жоқ», - деп атап көрсетті А.Аймағамбетов. Айта кетейік, вице-министр қыркүйек айында өтетін мектеп мұғалімдерінің аттестациясы туралы айтып берді.
Оның айтуынша, бұған дейінгі барлық үстемеақылар сақталады.