Жол бойындағы көрікті кешен
Ауданда «Өндірістік аймақ» ұйымдастыру жобасы бойынша 12,7 гектар жер учаскесіне инженерлік-инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 159,7 миллион теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Аймаққа 9 жобаны орналастыру жоспарланса, бүгінгі таңда 70,0 миллион теңге құрайтын 3 жоба жұмыс істеп тұр. 33 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал, қалған жобалар бойынша іске асыру мерзімдеріне сәйкес бақылауға алынып, жобалардың қаржыландыру жолдары зерттелуде.
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік жолы бойының 96 шақырымы Қазалы ауданы аумағынан өтеді. Қазір автокөлік дәлізі бойынан 5 жобаға жер учаскесі берілген.
Соның бірі – «Сыр маржаны и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жалпы құны 170,0 миллион теңге болатын «В» санатты жол бойы қызмет көрсету кешенінің құрылысы.
«Сыр маржаны и К» ЖШС-нің автокөлік дәлізі бойынан «В» санатты «Мирас» жол бойы қызмет көрсету кешені бойынша Қарашеңгел ауылдық округі, «Ойынды» учаскесінен 3,0 гектар жер учаскесі берілген.
«Мирас» жол бойы қызмет көрсету кешенінде бір мезгілде 40 адамға арналған дәмхана, 20 адамдық қонақ үй, шағын маркет, дәріхана, автокөлік жуу орталығы, авто көлікке техникалық қызмет көрсету орталығы, жеңіл және жүк көліктеріне арналған тұрақ, жанар-жағармай құю бекеттері қызмет көрсетеді. Нысан пайдалануға берілген кезде 20 адам жұмыспен қамтылатын болады. Кешен жуық арада пайдалануға беріледі.
Енді жеке кәсіпкер А.Байсуганованың «С» санатты жол бойы сервистік қызмет көрсету кешенін салу жобасы бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Sinooil» ЖШС жанар-жағар май станциясы құрылысын салу жөніндегі жобасы бойынша жоба-сметалық құжаттары сараптамадан өткізілді. Құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер мекеме белгіленіп, құрылыс жұмыстары басталды.
«ДинГул» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Т.Басеновке «С» санатты жол бойы сервистік қызмет көрсету кешенін салу жобасына 0,5 гектар жер учаскесі табысталды. Оның сәулет-жоспарлау тапсырмасы негізінде салынатын нысанның жоба-сметалық құжаттары дайындалуда. «Глобал Алатау Груп» ЖШС-нің (ТС) «D» санатты жол бойы сервистік қызмет көрсету кешенін салу жобасы бойынша жер учаскесін 10 000 шаршы метрге дейін ұлғайтуға жұмыстарын жүргізіп, қазіргі таңда ескі жанар-жағар май құю бекетінің құрылысын бұзуға рұқсатын алды.
Алдағы уақытта жол бойындағы қызмет көрсету сапасы жоғары деңгейге жетіп, ауданымыздың экономикалық-әлеуметтік ахуалы айтарлықтай алға баспақ.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.