Жер кезегінің жайы қалай?
Қазір мемлекет тарапынан ел тұрғындарына арналған түрлі бағдарлама мен ауқымды жобалар бар. Соның бірі көптен келе жатқан, кез келген ҚР азаматына тегін берілетін 10 соттық жер телімі. Жер кезектілігі тиісті аумаққа инфрақұрылым тартылып, адам баласының өмір сүруіне һәм сол жерде тұрақтауына жағдай жасалған соң ғана тізім бойынша беріледі. Осы орайда көптің көкейінде жүрген жер кезегіне қатысты мәселелер бойынша Қазалы ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейітовке бірнеше сауалжолдаған едік.
– Жалпы, аудан бойынша қанша тұрғын жер кезегіне өтінім берген?
– Қазалы ауданы аумағында тұрғын үйдің жер кезегінде Әйтеке би кенті бойынша – 9969 тұрғын өтініш берген. Ал Қазалы қаласы бойынша – 2028 өтініш. Одан бөлек аудан орталығына жақын орналасқан Ғ.Мұратбаев елді мекені бойынша – 339 өтініш арнайы кезектілік тізімдеріне алынған.
Қазіргі таңда, кез келген азамат Қазақстан Республикасының Электрондық үкіметінің egov.kz порталы арқылы тұрғын үйдің жер кезегіне қоя алады. Жеке тұлға өзінің жер кезектілігіне қойылғандығы немесе оның жылжығаны туралы мәліметті бірыңғай Мемелекеттік Жылжымайтын мүлік кадастры map.gov4c.kz/egkn сайты арқылы біле алады.
– Жыл сайын қанша азамат жер телімін алуда және қандай критерийлер бойынша берілуде?
– Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 44-1 бабына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері сұратылған кезде азаматтардың өтініштері арнайы есепке алынады.Содан соң бөліп берілетін алаңдардың дайын болуына қарай не жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар бар болған кезде қанағаттандырылады.
Осыған сәйкес, 2018 жылы Әйтеке би кентінің 5 квартал, Жанқожа 3 км көшесінен инфрақұрылым желісі жүргізілген алаңдар дайын болуына байланысты, кезектілікте тұрған 715 өтініш бойынша азаматтарға жер табысталды.
Ал, 2019-2020 жылдар аралығында Әйтеке би кенті, Жанқожа батыр 3 км көшесінен – 139 учаске және 2021 жылы Әйтеке би кентінің 2 квартал аумағынан 79 жер учаскелері берілді.
Өзге де, Қазалы қаласы бойынша кезекте тұрған өтініштерді қанағаттандыру мақсатында 2020-2021 жылдар аралығында жаңадан ашылған Ү.Түктібаев көшесі аумағынан – 476 учаске босатылып, жерге орналастыру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар жеке тұрғын үй жерлерін табыстау Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 01.10.2020 жылғы №301 бұйрығының «Елді мекендер шегінде обьекті салу үшін жер учаскелерін беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидасына сәйкес аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі арқылы жүзеге асырылады.
– «Танысы бардың тынысы бар» деген сөз бар ғой. Осы орайда көпшіліктің көкейінде жүрген «танысың болса ғана кезектен тыс аласың» деген пікіріне не айтасыз?
– Жергілікті жер әкімдерінің әрбір жер учаскесі бойынша табыстау туралы қабылдаған шешімін құзырлы орган қызметкерлері жіті бақылап отыр. Жалпы, азаматтардың кезектен тыс алуына жол берілмейді.
– Кезегін қаншама жыл күтіп, мерзімі келгене соң, оны үлкен соммаға сатып жіберіп жатқан бірқатар азаматтар да бар. Бұл өзгелердің өзегін өртейтін мәселе. Осындай жағдайда қандай шара немесе іс қолданасыздар?
– Жер учаскелерін табыстау туралы әкімнің шешімі қабылданғаннан кейін, жер учаскесін жалға беру туралы шартта жер учаскесін жеке меншікке табысталмай мәміле жасауға құқығы жоқ.
Яғни, заңға сәйкес тұрғын үй құрылысын салу үшін 3 жыл мерзімге жалға берілген жерлерді сатуға, сыйға беруге және тағы басқа іс-әрекеттерге тиым салынған.
Бұл жөнінде тұрғындарға, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ұдайы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз.
– Жалпы, жер телімін алған азаматқа, жылжымайтын мүлікті салуы үшін 3 жыл уақыт беріледі. Ал енді сол уақытқа ілесе алмаған жандар жағдайы қалай болады?
– Жер кезегін өткізіп алған тұрғындарға әкімнің тұрғын үй үшін жер учаскесін табыстау туралы шешімдері қабылданған жағдайда қайта кезектілікке қоя алмайды. Егер жер учаскесін табыстау туралы шешім қабылданбаса, кез келген азаматтың қайтадан кезектілікке тұруына мүмкіндігі бар.
– Сұхбатыңыз үшін рахмет!
– Сұхбатыңыз үшін рахмет!
Сұқбаттасқан
Серік АҚМЫРЗА