Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жанболат Өмірзақ: Жыраулық өнер – бабадан қалған асыл мұра

Жанболат Өмірзақ: Жыраулық өнер – бабадан қалған асыл мұра

Атадан балаға өсиет болған асыл өнердің бірі - жыраулық өнері. Сыр өңірінде ертеден қалыптасқан бұл қасиет Мәдениет орталығы, жыраулар бөлімшесінің меңгерушісі Жанболат Өмірзақтың да бойына дарыған. Сәті түсіп Қазалының өр болмысты, асқақ үнді өнерпазы, аудандық және облыстық жыр-терме байқауларының жүлдегері Жанболатпен сұхбат құрғанбыз.
– Жақында өткен аудандық байқауда жеткен жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймыз!
Жырау болу үшін оның дәстүрін, тарихын зерттеу қажет. Ендеше жыраулық өнер қай кезде бастау алғанын білсек...
– Жалпы жыраулық өнердің тарихы тереңде жатқаны анық. Алайда оның қай ғасырда бастау алғанын айқындап айтатындай нақты дәйек жоқ. Ғалымдардың сөзіне сүйенер болсақ, ол сонау мифтік, шамандық дәуірде ойлап табылған деседі. Кейін өңделіп, Махамбет Өтемісұлы, Бұхар, Қазтуған сынды жыраулар жаугершілік заманда халықтың рухын оятуға, ерік-жігер беру мақсатында жыр-арнаулар айтылған деген де тұжырымдама бар.
– Жоғарыда айтылған жыраулар тізімінен қайсысын жаныңызға жақын тартасыз немесе үлгі тұтасыз?
– Қазақ тарихындағы жыраулардың барлығы дерлік, жамандықты тиып, халықтын рухтандырып, ағы мен қарасын ажыратып отырған білімді де асыл азаматтар болған. Жалпы жырдың «күйдім-сүйдім» дегені жоқ. Тұрмағамбет Ізтілеуовтың бір керемет әңгімесі бар. Ол Өзбекстанда 9 жыл медреседе білім алған. Бірде медреседе бірге оқыған тәжік досы:
– Тұрмағамбет, қайтесің өз еліңді? Шөлді жер, оның үстіне қазір кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған шақ. Асылы менімен Тәжікстанға жүр. Сонда имам боласың, ал мен найб имам боламын. Керемет табиғат аясында өмір сүргенге не жетсін?! – дейді. Сонда Тұрмағамбет жырау:
– Осында тоғыз жыл білім алғандағы мақсатым, сондағы шөлді – көлге айналдыру үшін емес пе?! – деген жауабын қайырған екен.
Міне, қазақтың әрбір жырауы осындай болған. Осындай азаматтар елге оралып, шәкірт тәрбиелеп, халықтың көзін ашып, көптеген тарих, аңыздарды жыр арқылы жеткізіп отырған. Сондықтан мен жырауларды бөліп-жарып, ананың мына жері, мынаның мына жері деп айта алмаймын. Мен үшін әрқайсысының орны бөлек.
– Өзіңіз жыраулық өнеріне қалай келдіңіз?
– Біреулер әкем жырау болған немесе өнер қанмен даритын қасиет деп жатады. Бірақ менің жайымда барлығы өзгеше болды. Бала күнімде нағашымның үйіне көп баратынмын. Сонда жүріп, түрлі күйлердің үнтаспасын тыңдайтынбыз. Теледидардан көрсем қалт етпестен отырып алатын едік. Осылайша домбыраға қызығушылығым артты.
Бір күні мектеп қабырғасында жүріп, Гүлнәр Аяпова деген ән сабағынан беретін апайымыз менің бұл қызығушылығымды байқап, «Әуез мектебіне» жол сілтеді. Сонда Сандуғаш Бисенбаева есімді белгілі жырау ұстаздан тәлім алдым. Негізі қазақ «Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді ғой. Сол секілді, Сандуғаш апайым менің жыраулық өнерге деген жолымды, бар ынтамды ашты.
Сөйтіп, алғашқы байқауларда бақ сынап, жақсы нәтижелер көрсете бастадым. Кейін мектепті тәмамдап, жоғары оқу орнына түстім. Уақыт өте, бұл өнерге деген сүйіспеншілігім күшейе берді. Міне, жыраулық өнерге осылай келдім.
– Өзіңіз айтқандай, халқымыздың жыраулық дәстүрі тым тереңде жатыр. Яғни, қашанда жыраулардың шоқтығы биік болған. Тіпті кей жыраулар ханның жанында кеңесші болған деседі. Ал қазір бұл дәстүрдің хәл-ахуалы жайында не айтасыз...
– Қазіргі таңда жыраулыққа көңіл көптет бөлінуде. Оған дәлел, ұйымдастырылып жатқан жоғары дәрежелі, кең ауқымдағы байқаулар болса керек. Тіпті қазақ даласының түкпір-түкпірінде сан алуан мектептер ашылып, олардың өзіндік стильі қалыптасқан. Мысалы, Сыр өңірінің мақамы бөлек болса, Арқа, Жетісу, Батыстың өзіндік дәстүрі бар.
– Жыраулық өнердің ұрпақ тәрбиесіндегі атқарар рөлі қаншалықты маңызды? Қазіргі таңда бұл өнер түріне жастар қызығушылығы басым ба?
– Әрине басым. Тіпті «домбыра үйренгім келеді» деген жас буынның қарасы қалың. Алайда кез-келген оқушыға жыраулық деген не екенін бірден түсіндіру қиын. Мысалы, күйді түсінеді, бірақ жыр мен термені ажырата алмауы мүмкін. Олардың қызығушылығын арттыру үшін тарихпен ұштастыра отыра үйретеміз. Аңыз-ертегілер желісінен алып, оның әрбір сөзінің мағынасын майдалап отырып түсіндіреміз. Сол кезде ғана жырға деген ерекше ынтасы артып, мағынасын ұғына алады.
Бүгінгі күні Сыр өңірінің өзінде көптеген арнайы үйірмелер баршылық және аудан арасындағы бақталастықта басым. Бұл жағы мені қатты қуантады. Себебі бәсекелестік бар жерде шәкірттерде «қарсыласымнан озсам екен» деген түсінік қалыптасып, одан әрі шыңдала түседі.
– Жалпы қазақ даласының әрбір өңірінің өз мақамы, өз стилі бар. Осы тұста Сыр өңіріне тоқтала кетсек...
– Сырдың мәнері өте ерекше. Елімізге белгілі дәстүрлі әнші әрі депутат Бекболат Тілеуханов ағамыз жеке концерт беріп жатып, басын Батыстың әнінен бастап, Арқа мен Жетісудан аяқтап жатты. Одан кейін Сырдың әнін айтып болып, «Сырдың әнін, сырда туған жан ғана айта алады», – деді. Яғни, біздің бір ерекшелігіміз көмеймен айту тәсілі.
Сыр дәстүрінің өзі үшке бөлінеді. Оның ішінде, Арал мен Қазалы өңірі Нұртуған шайыр жыр мектебі деп аталса, Қармақшы,Жалағаш аудандарын Жиенбай жырау мектебі деп атайды. Онан соң Шиелі мен Жаңақорған аудандарында Нартай жыр мектебі қалыптасқан. Бізде шайыр мектебіндегі мақам саз үлгілерін, Нұртуған, Қарасақал Ерімбет, Байназар Өтеп, одан бері келе Едіге Кішкенеев сынды ақын, жыраулардың сөздерін терме мақамдарына қосып, шәкірттерге үйретудеміз.
Бүгінде Арал ауданында Айбек Тәңірбергенов, Жақсан жыраудың ізін жалғастырушы, өзіміздің қара шаңырақта Сандуғаш Бисенбаева, ол кісі Қазалы өңірінде жыраулық дәстүрдің дамуына орасан зор үлес қосқан азаматтардың бірі десек қателеспейміз. Ал Қармақшы ауданы, ол жүз шайырдың мекені. Яғни, Жиенбай жырау мектебі. Ол жақта ата ізін жалғап келе жатқан Тұрмағанбет Ізтілеуов есімді жырау. Одан кейін Шиелі, Нартай Бекежановтың саз сырнаймен айтқан жыры.
– Қазақта «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген сөз бар. Шәкірт тәрбиелеу қандай жетістіктерге жетіп жүрсіз?
– Ақиқатын айтар болсақ, өзімізде шәкіртпіз. Алда әлі үйренеріміз көп. Бірақ, оқушыларды дәріптеп, дәстүрге, домбыраға деген құштарлығын оятып жүрміз. Қазіргі таңда Қ.Пірімов ауылында, №92-ші Қазмұхамед Күлетов атындағы мектеп жанынан үйірме ашылды. Онда 15-ке жуық, ал кентте 6 оқушы даярлап жатырмын. Атап айтатын болсам, Абылай Құнанбайұлы деген шәкіртім бар. Өткен жылы көптеген облыстық байқаулардың жеңімпазы болып, үмітімізді ақтап жүр. Басқа да ынтазарлығы мол шәкірттер де жоқ емес.
– Қандай жаңашыл бастамаларыңыз бар? Жалпы дәстүрлі өнердің даму процесіне өзгерістер енгізуге мүмкіндік туса, не істер едіңіз?
– Өткен жылы карантиндік шектеулер әсерінен шәкірттерді онлайн, яғни, қашықтықтан оқыттық. Ол бізге ғана емес шәкірттерге де оңайға соқпады. Биыл барлығын практика жүзінде жасап жатырмыз. Қазір бірге отырып ансамбль түрінде айтып көрсетудеміз. Бұл тәсіл оларға қызық әрі жылдамырақ болады. Өзге аудан оқушыларымен де тәжірибе алмасып жатқан жайымыз бар. Барынша жаңашылдыққа ұмтылып, жақсы шәкірт, жырау дайындап шығу жолында аянбай тер төгудеміз.
Ал жыраулық, дәстүрлік өнердің даму процесіне өзгеріс енгізу мүмкіндігі жайына келер бослақ, ойда жүрген игі жоспарлар жоқ емес. Соның бірі мектеп қабырғасындағы оқушы мен ұстазға берілген үзілісті тиімді пайдалану. Осы үзіліс үстінде әр блогқа шағын музыкалық бағана қойып, одан қазақы күй, жыр-термелерді қосып қойса деймін. Сонда жас буынның бойына сіңдіріп, бізге мұра етіп жеткізген дәстүрді дәріптеген болар едік.
– Сұхбатыңызға рақмет, өнеріңіз өрге жүзсін!

Әңгімелескен
Серік АҚМЫРЗА

30 сәуір 2022 ж. 1 063 0

Ротация туралы не білеміз?

03 желтоқсан 2024 ж. 53

Ерекше жандар ескерілді

03 желтоқсан 2024 ж. 81

Тәуелсіздікті ту етемін

02 желтоқсан 2024 ж. 82

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031