Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қоғамды өзгертуді өзімнен бастағанды жөн көрдім

Қоғамды өзгертуді өзімнен бастағанды жөн көрдім

«Болашақ» бағдарламасы арқылы шетел асып білім алған жастар легі қазір Қазақстанға қайтып оралып, елдің әлеуетін көтеріп, экономика мен қоғамдық өмірді дамыту жолында аянбай еңбек етуге кіріскен. Қазіргі таңда Қорқыт ата университетінде Халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы болып қызмет атқаратын Бекзат Ырза да бағдарлама арқылы 2016-2019 жылдар аралығында Ұлыбританияның Борнмут университетінде “Халықаралық қонақ үй бизнесі және туризм менеджменті магистрі” атанып келген. Жерлесімізді сөзге тартып, бағдарлама, шетелдегі оқу сапасы, Қазақстан туризмі жайында әңгіме өрбіттік.
– «Болашақ» бағдарламасы түлектерге нақты қандай мүмкіндіктер береді?
– Шетелге шығып, білімі мен білігін арттыруға аттанған жастар кәсібилігін шыңдап, тұлғалық қабілетін ашып, жан-жақты дамыған дайын маман ретінде оралады. Сапалы білімді алып келгендерге сұраныс ел ішінде өте жоғары. Оларға түкпір-түкпірден ұсыныс, шақырту түсіп жатады. Ғылыми дәрежені көтеруге көп көмектеседі. Ерекшелігі әлем бойынша бұл бағдарламаның баламасы жоқ. Мұнда алаңсыз ілімнің ізіне түсу үшін сізге ешқандай кедергі келтірмейтін жоғарғы шәкіртақы тағайындалған. Европалық достарым Қазақстан жастардың өздерін көрсетіп, Отанға қызмет етуі үшін толықтай мүмкіндіктер сыйлағанына дән риза болып, таңдай қағып жатады.
– Көбіне бағдарламаны бітірген қазақстандықтар сырт жақта қызметте қалуды көздейді деген пікір айтылып жүр. Сізде елден кету туралы ой болды ма? Шетелден шақыртулар түсті ме?
– Бұл халықтың арасында қалыптасқан теріс пікір. Мұндағы ең бірінші міндет оқуын тәмамдаған адамның қазақ елі үшін туған жердің топырағында тер төгуі болып табылады. Алғашқыда түлектердің сыртта қалып кету жағдайлары орын алған шығар. Қазір бәрі заң жүзінде жолға қойылған. Әрбір болашақтық елге келіп қызмет етуді, Отаны сыйлаған мүмкіндікті екі есе қылып қайтаруды парыз санайды.
Ал жеке басыма келетін болсам өсіп-өнген әулетте дүниеге келіп, қазақы тәрбие алған қыз ретінде мен үшін шетелде орнығу деген ой ешқашан маңызды болған емес. Тағы бір себеп – Қызылорда облысында жетіліп, алғашқы қызметке орналасып, тәжірибе жинағаннан кейін магистратураны бітірген жағдайда осында қайта оралуды өзіме міндет етіп қойдым.
Астана, Алматы және Канадамен қатар Ұлыбританиядан түскен ұсыныстардан толықтай бас тартып, Қызылордаға жұмыс істеуге қайтып келдім. Ешқандай өкініш жоқ, қазіргі жағдайым өзімді қанағаттандырады.
– Байқауымша, сіз бакалаврды Нұр-Сұлтан қаласында оқып шықтыңыз. Өзіңіз білім алған Евразия мен Борнмут университеттеріндегі айырмашылықты айта аласыз ба?
– Айырмашылық әрина байқалады. Евразияда мен жалпы білімді, бакалаврды алып шықтым. Мұнда активті туризм, спорттық туризмге көп көңіл бөліп, қонақ үй бизнесіне деген қызығушылығым артты. Екі оқу орынын салыстырғым келмейді. Борнмутта мамандығыма ғылыми тұрғыдан тереңдеп, тәжірибе жинауға бардым. Ұлыбританияда ғылыми, сыни ойлауды үйрендім. Европалық білім беру жүйесінде өзін-өзі дамытуға, уақытты тиімді пайдалануға басымдық беріледі.
– Ұлыбританияға барған бастапқы уақыттағы өзгерістерді қалай қабылдадыңыз? Джетлаг, тіл мәселесі қаншалықты қиындық туғызды?
– Онда жүріп жергілікті халықтың тарихы мен мәдениетімен таныстым. Ешқандай қиындық болмады деп айту бекер. Басқа елге барып, өзге қоғамның өмір сүру салтына кірігу өте қиын. Ағылшын ұлты барлық жағдайға бейтарап қарап үйренген. Қазақылығым бір басыма жететін мен үшін түсініксіз дүниелер көп болды. Мәдени шок алғаным рас. Джетлаг қатты әсер етпеді. «Болашақ» арқылы оқуға түсуге дайындалғаннан бері күніне үш-төрт сағат ұйқымен жүру әдетке айналып кетті. Оған қоса Қызылорда мен Лондон қаласының уақыт белдеуі айырмашылығы төрт-бес сағатты құрайды.
Ағылшын тілін елдегі дайындық барысында жоғары деңгейге көтеріп, еркін сөйлей алатын жағдайда шетелге шықтым. Ағылшындармен тығыз байланыста болып, тілдік қорымды тереңдетуге тырыстым.
– Борнмутты сипаттап берсеңіз? Қазақ диаспорасымен араластыңыз ба?
– Борнмут – Англияның оңтүстік-батысында Ла-Манш бұғазының бойында орналасқан. Ауа рай қолайлы, әдемі қалалардың бірі. Маған оқу орындарын таңдау кезінде ең бірінші жылы климат маңызды болды. Бұл қалада мен маманданған қонақ үй бизнесі жетік дамыған. Оқу ордасы әлемдік мықты қонақ үй және туризм мамандығын дайындайтын университеттердің үздіктер тізімінде.
Бастапқы дайындық кезеңінде ағылшын тілі курсын Рединг қаласындағы Рединг университетінде оқыдым. Мұнда қазақтар өте көп шоғырланған. Бірақ Борнмутта жоқтың қасы. Бес-алты қандасыммен араласып тұрдым.
– Қонақ үй бизнесі және туризм мамандығы кімдерді даярлайды? Қазіргі қызметіңіз жайлы айта өтсеңіз...
– Туризм әртүрлі салаларға бөлінеді. Мен соның ішінде қонақ үй бизнесін таңдадым. Жалпы білімді туризм саласының менеджері ретінде алдым. Негізі сервистік қызмет көрсету түріне жатады. Қазіргі таңда толықтай бұл саладан кетіп қалдым деп айта алмаймын. Бірақ осы кезде түскен ұсыныстарға байланысты Қорқыт ата университетінде Халықаралық байланыстарды дамыту бөліміне келдім. Мұнда өзіме ұнайтын, көңілімнен шығатын қызметке орналастым деп айта аламын. Жұмысқа қуанып бару адам үшін ең маңызды. Бөлімнің қызметі халықаралық дипломатияға қатысты болған соң үлкен жауапкершілікті жүктейді. Сонымен қатар Қорқыт ата университетінде докторантурада оқып жатырмын. Туризмнен алысқа кеткен жоқпын.
– Қазақстан туризмі қандай деңгейде?
– 2013 жылы туризмге қызығып бастаған уақытта елдің деңгейіне көңілім толмайтын. Қазір өзгеріс байқалады. Үкімет те оң қабақ танытып, экономиканың дамуына едәуір үлес қосуға қауқарлы салаға жеткілікті көңіл бөліп отыр. Қонақ үй бизнесімен айналысуға жергілікті кәсіпкерлер саналы түрде қадам жасауда. Бұған Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізі бойында қызмет көрсету орындары, қонақ үй құрылыстарының бой көтеруі дәлел.
Облыстық туризмнің әлеуеті зор. Ең бірінші біз басым бағыт ретінде туризмнің тарихи, танымдық, этно және ғарыштық түрлеріне көңіл бөлуіміз керек. Қызмет түрлері негізгі және қосымша болып екіге бөлінеді. Біз айтып отырған қонақ үй бизнесі, турагенттік, туроператорлар арқылы негізгі қызметтер орындалады. Мұражай, ресторан бизнесі мен сувенирлерден түсетін қызметтерді қосымша түріне жатқызамыз. Осы екі түрді облыста қатар дамыту арқылы қазынаға қаржы әкелуге болады. Осы бағытта бірқатар жұмыс атқарылуда. Үш тілде Қызылорда обылысының туристік жолсілтеме әзірленді. Болашақта бейнероликтер арқылы осы бағытты дамыту жұмыстары жүргізіледі.
Кадр даярлау барлық қызмет түрлері үшін маңызды қажеттіліктің бірі. Алайда біздің облыста, жалпы елде сервистік қызметтің деңгейі төмен. Қазақ жалпы азиаттықтар өте үлкен, қымбат жерлерде демалғанды жақсы көреді. Төртжұлдызды, бесжұлдызды қонақ үйлер бізде осыған байланысты салынуда. Біз алдымен ғимараттың көлеміне, сән-салтанатына көп көңіл бөлеміз де ішіндегі қызметке, тікелей сервис ұсынатын мамандарды даярлауға селқос қараймыз. Осыны бір кемшілігіміз ретінде айтсақ болады. Қызылордада туризм мамандарын дайындайтын оқытушылардың да осы мамандықты таңдап келетін талапкерлердің саны аз. Бұл олқылықтың орнын толтырумыз керек.
– Біздің туризмге жарнама жетіспейтін сияқты. Сіздің ойыңыз...
– Иә, дұрыс айтасыз. Жарнама бізге толықтай жетіспейді. Себебі біз өз жеріміздің туризмге қатысты артықшылықтарын толық тани алмаған халықпыз. Бұл өте өкінішті. Жарнаманы бірінші кезекте шетелге емес, қазақ халқына насихаттау керек. Мұнда желінің маңыз өте зор. Халықтың көп бөлігі белсенді түрде қолданатын болғандықтан ақпараттандыру желі арқылы енді кірігіп жатыр. Келешекте жарнама мәселесі де бір жүйеге түседі деп сенемін.
– Туризмнің қай түрі елде жақсы дамып келеді? Және көп көтерілетін тағы бір мәселе елдегі қонақ үйлердің қызмет көрсету сапасы төмен, бірақ сұрайтын ақысы өте жоғары деп жатады. Бұған не себеп?
– Туризмнің түрлері өте көп деп айттым. Қазақ даласының тұмса табиғаты әралуандығымен ерекшеленеді. Алматы облысында табиғи, экологиялық туризмді дамытқан өте қолайлы. Бизнес туризмнің қанат жаюына таптырмайтын орын ол әрине Нұр-Сұлтан қаласы. Маңғыстау өңірі мен Оңүтүстік Қазақстан және Қызылорда жерінде жоғарыда айтып өткендей тарихи, танымдық, мәдени, этно бағытын жетілдіруге толықтай жағдай жасау керек.
Қонақ үй бизнесінің артта қалуына мемлекеттік деңгейде бірегей стандарттың болмауы кінәлі деп ойлаймын. Осы саланы қадағалайтын белгілі бір басқарманың құрылмауы баға саясатының дұрыс жүргізілмеуіне әкеліп соғады. Қызмет оның сұрайтын бағасына тең емес.
– «Болашақ» бағдарламасының түлегі, туризм саласының маманы ретінде біршама тақырып қаузалды. Бекзат, енді өзіңіз жайлы оқырманға аз-кем ақпарат айтып берсеңіз...
– Қазалы ауданының тумасымын. Б.К. Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназиясының түлегімін. Өзіміз көпбалалы әулет болдық.
Бос уақытымда пайдалы дүниемен айналысқанды жақсы көремін. Көбіне кітап оқып, сурет салғанды ұнатамын. Аспаздық өнерден де қалыс қалғаным жоқ.
Қоғамды өзгертуді өзімнен бастағанды жөн көрдім. Білгенімді әрқашан бөлісу менің өмірлік ұстанымымның бірі. Осы себепті де ғылымды таңдадым. Бұған дейін мемлекеттік қызметте орындаушы болып жұмыс істедім. Ол жерде де жаман болған жоқпын. Бірақ мемлекеттік қызметте жүрген уақыт менің креативті ойлауыма кері әсерін тигізген сыңайлы. Өзімнің толық қабілетімді аша аламағандықтан жаныма жақын ғылымға қайтып оралдым.
– Әңгімеңіз үшін рақмет!

Сұқбаттасқан
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ

06 наурыз 2021 ж. 1 502 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031