Үздіктер үкілеген білім ордасы
Заман тетігін барлық жағынан жетік білетін маман дайындау мәселесі тайға таңба басқандай алдымыздан анық шығып тұр. Елбасының жастарға қояр талабы – білікті де білімді кәсіби маман болу. Таңдайтын мамандығың өзіңе, қоғамға қажетті, әрі қолыңнан келетін, көңіліңнен шығатын жұмыс болуы қажет.
Мен қазіргі таңда Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің Аграрлық факультетінің «Орман ресурстары және орманшылық» мамандығының 3 курс студентімін.
Білім қуған әрбір түлектің арманына, мақсатына айналған Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде білім алу мүмкіндігі бұйырғанына қуаныштымын! Білімнің қара шаңырағына айналған, үздіктер үкілеген білім ордасында оқу мен үшін мақтаныш!
Қасиетті қара шаңырақ Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті көп жылдық тарихы бар, классикалық білім берудің нақты үлгісін жасаған үлкен орда. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» – деп ғұлама әл – Фараби айтқандай, тәрбиеге толы құндылықтармен қатар, студенттердің білім көкжиегін жан – жақты көбейтуде өнегелі істер атқарып жатқан университетіміздің ректоры Ескендіров Мейір Ғариполлаұлына алғысымыз шексіз.
Оқу үдерістерінде студенттердің алаңсыз білім алуына мүмкіндік жасау базасы толықтырылып, оқу дәрісханалары ыңғайлы, бейнекөрсетілімдер үлгілерімен жабдықталған. Университет өзінің жан – жақты қызметін кең ауқымда жүргізіп, қарқынды дамып, жастардың бойында азаматтық, ұлтжандылық сезімдерін қалыптастыруда зор еңбек етуде. Кредиттік оқыту технологиясы толық жолға қойылған.
Қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның аграрлық сала бойынша өсуіне, бәсекеге қабілетті мамандар дайындауды белсенді жүзеге асырып отырған, ұлағатты ұстазымыз, Аграрлық факултет деканы – Сейлгазина Сауле Мунканқызы. Факультетіміз заман талабына сай өмірге икемді, қоғамға қолайлы, уақыт талабымен жұмыс істеп, кадр әзірлеп, жастардың жалынды істерін, білім мен ғылымға деген ізденісі мен құштарлығын бойына сіңірген таусылмас білім ордасы.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында – оқу орындарының қызметін жоғары білім берудің әлемдік үлгісіне сәйкестендіріп, академиялық ұтқырлықты қалыптастыру – жүзеге асырылуға тиісті міндеттердің бірі ретінде көрсетілген. Соған байланысты университетімізде студенттерге арналған академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шет мемлекеттердің оқу орындарына барып білім алу мүмкіншілігі жақсы жетілген. Атап айтатын болсам кафедрамыздың «Орман ресурстары және орманшылық» мамандығында оқитын студенттер Түркиядағы Памуккале университетіне және Болгария елдеріне барып білімдерін одан әрі жетілдіріп келді. Менде осы бағдарлама арқылы өзге де университеттерге баруды ниет еттім.
Шәкәрім университеті қазіргі таңда алыс жақын шетел университеттерімен екі жақты серіктестік құрып, қарым-қатынасты нығайтуда. Біз факультетімізге «Агрономия», «Орман ресурстары және орманшылық» мамандығы бойынша Түркия, Болгария елдерінен келген арнайы мамандардың дәрістерін тыңдап өзімізге пайдалы көптеген тәжірибелер алдық.
Осындай мүмкіндіктерге қол жеткізуге көмектесіп, студент мүддесін басты орынға қойып, білім көкжиегін кеңейтіп, озық тәжірибе мен ғылымның биігін бағындырып білім беріп жатқан озық ойлы кафедрамыздың профессор-оқытушылар құрамына алғыс білдіремін.
Кафедрамызда біліммен қатар студенттердің тәжірибе өрісін кеңейтетін практика базасы өте жақсы деңгейде дамыған. Екі жыл ішінде теориялық тұрғыда алған білімдерімізді тәжірибе жүзінде ұштастыру мақсатында «Семей орманы» МОТР» РММ - де өндірістік іс - тәжірибеден өттік.
Тәжірибе барысында болашақ маман ретінде біз білуге, атқаруға тиісті міндеттермен бізді таныстырып, орман қоры аса көп уақыт аралығында қалпына келетін табиғат ресурсы болғандықтан оны өсіру, қорғау ұзақ мерзімдік жоспармен жүзеге асырылатынын атап көрсетті.
«Семей орманы» МОТР» РММ бірге «Саябақтар шеруі - 2019» акциясы аясындағы іс-шараға атсалыса қатыстық. «Семей Орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватының бас директоры Хасенов Қайрат, «Саябақтар шеруі» акциясына белсене қатысқан жастарға алғыс білдіріп, бірегей орманды қалпына келтіру мен сақтауда бірлесе атқарылған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатындығын айтты. Осындай өндірістік тәжірибе барысында студенттердің білімдерін одан әрі жетілдіріп, Семей орманының көрікті де әсем жерлерімен таныстырып жатқан «Семей орманы» МОТР» РММ-не университетіміздің атынан алғысымыз шексіз. Семей орманы – біздің өлкеміздің көркі, әрі мақтанышымыз.
Елбасы “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы аясында алдағы жылы шешілетін үш мәселеге көңіл аударды. Ол – кадрлар даярлау, біліктілікті арттыру және жастар тәжірибесін жүзеге асыру. Сондықтан да қазіргі таңда білікті маман болып қалыптасу біздің негізгі мақсатымыз.
Мен өз мамандығыммен мақтанамын, өзімнен кейінгі ізденімпаз жас буынға арманымды мақсатқа айналдырған ғажайып мекен, үздіктер үкілеген білім ордасына оқуға шақырамын.
Ұлмекен ТҰРДЫМҰРАТ,
Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік
университетінің 3 – курс студенті