Шетелдік студенттер қазақстандық университетті таңдауда
Көптеген шетелдік азаматтар сапалы білімді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде алғысы келеді. Оған жетекші қазақстандық ЖОО-ның әлемдік рейтінгілердегі орны, білім берудің ағылшын тілінде болуы және де шетелдік серіктес университеттермен 70-тен астам қосдипломды бағдарламалардың жүзеге асырылуы өз ықпалын тигізуде.
Алыс және жақын шетелдің 150-ден астам талапкері ҚазҰУ-ға түсу үшін университеттің онлайн жүйесі арқылы тіркеліп, құжаттарын тапсырды. Олар растау алды, ендігі кезекте ЖОО-ға қашықтықтан қабылдана алады. Қызметтің бұл түрін Бразилия, АҚШ, Франция, Германия, Индонезия, Оңтүстік Корея, Түркия, Үндістан және тағы басқа мемлекеттердің азаматтары қолданып үлгерді. Оқу ісі жөніндегі проректор Асқар Хикметов атап өткендей, биылғы жылы шетелдік студенттердің үлкен легі күтілуде. Олар жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін білім беру бағдарламалары, ағылшын тілінде оқу мүмкіндігі және заманауи кітапхана, студенттерге қызмет көрсету орталығы, спорт кешені және жайлы жатақханалар орналасқан бірегей университет кампусына қызығушылық танытуда. ҚазҰУ-да олар сапалы білім және біліктілік алып, өздерінің ғылыми және шығармашылық әлеуетін жүзеге асыра алады. Бүгінде 300-ден астам шетелдік азамат ҚазҰУ-да білім алу үшін құжаттарын тапсырды. Жалпы жаңа оқу жылында 600 шетелдік студентті қабылдау күтілуде. Үлкен сұранысқа ие мамандықтардың қатарында: жалпы медицина, ақпараттық жүйелер, халықаралық қатынастар, менеджмент, биотехнология, қазақ және орыс тілдерін оқу.
qazaqtimes.com