Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бақытжан Мырзабаев: Конституция – адам құқығының кепілі

Бақытжан Мырзабаев: Конституция – адам құқығының кепілі

Елдегі азаматтардың құқығы мен бостандығын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің мүддесін қорғайтын, егер бұзылған жағдайда қалпына келтіруге қауқарлы орган – прокуратура екенін жақсы білеміз. Аудан прокуратурасы бұған дейін жергілікті тұрғындардың талап-тілегін қанағаттандырып, орын алған заңсыздықтардың жолын кесуде талмай еңбек етіп келеді. Ата заңдағы бұлжымас пәрменді орындауда кешегі қазақ билерінің турашылдығын, әділдігін бетке ұстап, тұрақтылық пен келісімнің келбетін келтірген шенділердің атқарып отырған шаруасына халық дән риза. Бұдан бөлек елде төтенше жағдай жарияланғанда індеттің таралуын тоқтатуға да ерекше үлес қосқаны тағы бар. Осы және прокуратура ісіне қатысты өзге де тақырыптар жайында аудан прокуроры Бақытжан Мырзабаевты әңгімеге тартқан едік.
– Бақытжан Әбдіжаппарұлы, өзіңізге белгілі 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституция күні. Ата заңның бүтіндігін, оның орындалуын іске асыруда прокуратураның рөлі қандай?
– Конституция күні – елдегі басты әрі мерейлі мерекенің бірі. Себебі бұл құжат мың жылдық тарихы бар қазақ халқының қоғамда тәртіп орнату барысында даналықпен ойлап тапқан ережелер жинағының заманға сай өзгеріп, жарыққа шыққан күні. Ал біздің міндет – қоғамда әділдік орнауын қадағалап, сотта заңға қайшы істердің орын алуына жол бермеу. Сонымен бірге кез келген заңбұзушылықты анықтап, оны болдырмау, қажет болған жағдайда белгіленген тәртіпті, жазаны жүзеге асыру прокуратураның қызметтік міндеті саналады.
Біз де аудандағы мемлекет тарапынан іске асып жатқан бағдарламалардың нақты жүзеге асуын, тұрғындардың бостандығының, азаматтық құқықтарының, кәсіпкерлік мақсаттағы мүмкіндіктерінің бұзылмауына барынша қадағалап отырмыз. Сонымен бірге ел экономикасының қарыштап дамуына, әрқашан тыныштық мен қауіпсіздіктің үстемдік құруына мүдделіміз.
– Қоғам болғасын сан түрлі адам кездеседі. Қазалы ауданында да аракідік заңбұзушылықтар орын алатыны рас. Мұндай мәселелерді қалай шешесіздер? Көбіне тұрғындар қандай жағдаймен шағым түсіреді?
– Прокуратураның Ата заңда көрсетілген кез келген мәселемен айналысатыны, аққа жақ екені өздеріңізге мәлім. Сол себепті аудандық прокуратураға әділдік іздеп, заң аясында көмек сұрап келетін тұрғындар қарасы қалың. Олар көбіне құқықтарының бұзылғандығына, заңды мүдделерінің еленбегеніне шағымданады. Мәселен, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 1256 адамның конституциялық мүддесі қорғалып, нәтижесінде 72 миллион теңгеден астам қаржы бюджетке қайтарылды.
Бұдан бөлек Қазалыны көпшілік кәсіпкерлік саласы кеңінен дамыған аудан ретінде біледі. Содан да болар тұрғындардың басым бөлігі жеке секторларда, шағын кәсіпкерлік субъектілерінде еңбек етеді. Осы тұста қызметкердің жалақысын уақытылы немесе мүлде төлемеу туралы мәселе туындайды. Көптің тілегін ескеріп, аудандық прокуратура биыл арнайы мониторинг жүргізген болатын. Прокурорлық қадағалау актісіне сәйкес әр түрлі салада қызмет ететін 1200-ден астам азамат осындай жағдайда жүргені анықталды. Жедел қолға алынған шаралардың арқасында олардың барлығы бүгінгі таңда тиесілі еңбекақыларын алу мүмкіндігіне қол жеткізді.
Осы тұста жағымды жаңалықпен де бөлісе кеткенді жөн көріп отырмын. Жыл өткен сайын ауданда қылмыс жасаушылық деңгейі төмендеп келеді. Полицейлермен біріге жасалған профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде биыл бұл жөніндегі көрсеткіш 15,3 процентке азайды. Аталған бағыттағы кешенді шаралар одан әрі жалғаса береді.
– Мемлекеттік бағдарламаларға, түрлі жобаларға бөлінген қаржының кейде алаяқтық жолмен қолды болатынын, лауазымды тұлғалардың жемқорлыққа бой алдыратынын естіп қаламыз. Мұндай қылмыстар сіздердің тікелей бақылауларыңызда екенінен де жұрт хабардар. Биыл аталған заң бұзушылықтарға ұқсас жағдай орын алды ма?
– Аудандық прокуратураның қызметкерлері қадағалау ісін жолға қойған деуге толық негіз бар. Себебі соның нәтижесінде қылмыстық фактілер анықталып, бейберекетсіз істер қалпына келтірілуде. Әсіресе лауазымды тұлға тарапынан толық атқарылмаған жұмысты қабылдау салдарынан мемлекеттік сатып алу заңнамасының бұзылуы жиі кездесіп тұрады. Атап айтсақ жақында осындай жағдай анықталып, Батыс аймағы бойынша ауданаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасымен қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданды.
Сонымен бірге алаяқтық қылмыс өзектілігін жоғалтпай тұр. Бұл сарында биыл балабақша директорына қатысты іс қозғалды. Лауазымды тұлға табельге балабақшада тәрбиеленбейтін балдардың аты-жөнін тіркеп, мемлекеттен ірі көлемдегі 8 миллионға жуық қаржыны заңсыз жолмен иеленген. Прокуратура бұл жөнсіздікті уақытылы анықтап, қылмыстық іс тіркеді. Осы тұста басшылықтағы азаматтарды елге қалтқысыз қызмет етіп, нәпақасын адалынан табуға шақырғым келеді. Қазақтың “Қайғысыз ішкен қара су – семіртеді” деген тәмсілін көп адам ескере бермейтіні өкінішті.
– Қылмыстың алдын алуда белгіленген іс қимыл жоспары мен жазасын өтеп келгендердің қалыпты өмірге бейімделуін бақылауда ұстау қалай?
– Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайтыны рас. Дегенмен солай екен деп заң қылмысқа төзбеушілігін жоғалтпайды. Қылмыстың өтеуі – жаза. Одан кейін бір мәрте жасаған адам екінші рет те ондайға бейім болуы біздің тәжірибемізде жиі кездеседі. Алайда жазасын өтеп, жаңа өмір бастағысы келген бұрынғы істі азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеміз.
Тұрғындармен, әсіресе қылмысты болғандармен жиі кездесіп, заң талаптарын, оның қатаңдығын жиі ескертеміз. Профилактикалық есепте тұрғандармен әңгімелесіп, теріс әрекеттен арылтуға тырысамыз. Осы тұста заңбұзушылықты болдырмау мақсатында істі болғандарды бағдаршам әдісіне салып, бөлеміз. Қызыл белгідегі адамдарға бақылау күнделікті жүргізіледі. Ал сары түстегілермен аптасына 3 рет, жасылдағылармен аптасына бір рет бақылау жасалып, мінез құлықтары сараланады. Сонымен қатар ыңғайына қарай жұмысқа орналастыру, мәжбүрлі немесе ерікті түрде емдету және өзіне икемді шаруаға мамандандыру бағытында да қол ұшын созамыз.
Ауданда мұндай азаматтар аз емес екенін ескеру керек. Былтыр қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаға тартылғандардың саны 120-дан асып, оның 43-і сотталғандар тізімінен шығарылған. Көбіне пробациялық шаралар арқылы оларды жұмысқа тарту жолға қойылған. Өткен жылы 7 адам жергілікті серіктестіктерге орналастырылды. Сонымен бірге аудандық прокуратурада «Ашық есік» күні ұйымдастырылып, онда ниет білдіре келген тағы 8 адам тұрақты, 2 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілді. Бұдан бөлек бірнеше тұрғынға атаулы әлеуметтік көмек алуға жәрдем жасалды. Кейбіріне қайырылымдылық көмек көрсетіліп, кәсіп бастағысы келгендерге бағыт-бағдар беріліп келеді.
– Әңгімеміздің бағытын бұрсақ. Елде төтенше жағдай жарияланған тұста тәртіпке бағынбағандар, одан кейін карантин ережелерін елемегендер қаншалықты?
– Әлемді алаңдатқан індет кезінде ұлт амандығын сақтау мақсатында қойылған талаптарға бағынбағандар өкінішке орай баршылық. Әсіресе ойын-сауық, спорттық және көпшілік бұқаралық жиындарды өткізуге, үйде мерекелік кештер ұйымдастыруға тыйым салынғанына қарамастан заң бұзушылық деректері орын алды. Аудан бойынша төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін аудандық полиция бөлімінен 130 әкімшілік хаттама рәсімделді. Оның басым бөлігі отбасылық жиын өткізгендері үшін толтырылған.
Аталған хаттаманың барлығы жергілікті сотпен қаралып, қаулы негізінде 52 тұлға әкімшілік қамаққа алынды. Сондай-ақ 39 адамға 10 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынып, тағы 37-ісіне ескерту берілді.
Карантин режиміне байланысты ауданда орын алған жағдайдың бәрі прокуратура бақылауында екенін естеріңізге саламын. Жақында жеңілдетілген карантин бойынша да 78 дерек анықталып, кінәлілер жауапкершілікке тартылды. Оның екеуі кәсіпкерлермен, қалғаны жеке тұлғалармен жасалған. Осы тұста аудан халқын ел болашағына бейжай қарамауға, індетпен бірге күресуге шақырамын. Ол үшін мемлекеттік бас санитардың бекіткен ережелерін бұлжытпай сақтау шарт.
– Кәсіпкерлер жайына да тоқтала кетейік. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 2023 жылға дейін кәсіпкерлерге тексеру жүргізуге мараторий жарияланды. Бұл тұрғыда не айтасыз?
– Кейде өз басын қорғауды білмегендіктен құқығы бұзылатын кәсіпкерлер кездеседі. Заңды белінен басатын лауазымды тұлғалар да бар. Біз кәсіпкердің алаңсыз еңбек етуіне кедергі келтіретін, талапқа қайшы әрекеттердің орын алуына жол бермейміз. Осы тұста аудандық прокуратура жанынан кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөнінде мобильді топ құрылғанын айта кетейін. Мұндағы сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. Кәсіпкерлер заңсыз тексеріс бойынша немесе басқа да күмәнді жағдайға ұшыраса хабарласуына болады. Біз заң аясында қолдан келетін көмектен аянып қалмаймыз.
– Бақытжан Әбдіжаппарұлы, ашық әңгімеңіз үшін рақмет. Ата заң айбыны асқақтай берсін!
Әңгімелескен Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
29 тамыз 2020 ж. 1 767 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031