Айбыны асқақ Ата заң
Конституция – сөзі латын тілінен аударғанда «құрылыс» деген ұғымды білдіреді екен. Яғни өмірдің, тіршіліктің, ел-жұрт болып бірігіп мемлекет құрудың айғағы.
Тарихқа көз жүгіртсек, осындай конституция алғаш рет Англияда 1679 және 1688 жылдары құқықтар жөніндегі билль деген атпен пайда болған. Ал Қазақстанда тұңғыш 1924 жылы тұрмысымызға енген.
Қазіргі қолданыстағы Конституция 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған. Басты құжаттың ерекшелігі заң шығарушы, атқарушы орган мен сот билігін белгілеп, олардың құзыретін, өзара іс-қимыл бірлігін заң тұрғысынан айқындап берді. Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституцияның бірі болып саналады. Десе де, уақыт сынынан сүрінбей өтіп, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеп келеді.
Ата Заң 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Бұл бөлімдер ел өмірінің әртүрлі аспектілерін қамтиды. Конституция бойынша Қазақстан Республикасы Президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет, Республика Президенті халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам құқықтары мен бостандықтарының нышаны, әрі кепілі.
Конституцияның басты артықшылығының бірі – ең алдымен адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең қымбат қазынасы, байлығы деп тануында. Ата Заңның 2 бөлімінде аталған басымдықтардың көрініс табуы соның айқын дәлелі.
Тұлғаның жеке мүмкіндіктерін дамыту мемлекеттің басты міндеті мен мақсаты болып табылады.
Кез келген тұлғаның азаматтығы мойындалып, олардың негізгі конституциялық құқықтары бекітіліп, Республика Конституциясымен құқық пен бостандығы берік қорғалатын болып бекітілген.
Бірінші кезеңде азаматтардың өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауына мүмкіндік мол. Құқықтық мемлекет жағдайында тәуелсіз сот адам құқығын қорғаудың негізгі құралы болып табылады.
Азаматтарға сапалы қызмет көрсету – әрқайсысының құқықтық мүддесін жоғары қойғандықтың белгісі.
Конституция салған сара жолмен келе жатқанымызға биыл 24 жыл толды. Осы уақытта не өзгерді? Бұдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын күнкөрістің қамымен ел кезіп кеткен жұрт, қазір экономикасы тұрақты, халқы бейбіт, әлеуметтік жағдайы көңілге қонымды Тәуелсіз Отанда өмір сүріп жатыр.
Сөз соңында баршаңызды 30 тамыз – Конституция күнімен құттықтаймын. Әр адамның арманы биік болып, құқығы қорғалып, ел еңсесі асқақтай берсін!
Дидар МҰРАТБЕКҰЛЫ,
Қазалы аудандық сотының төрағасы