Сәлем, София!
Адам баласының жер бетіндегі бүкіл тіршілік иесінен саналылығы мен әлсіздігі, қоршаған ортадан әр жақты болатын қауіп-қатердің алдын алуына себепкер бірінші фактор екені сөзсіз. Сол сана-сезімнің арқасында адам баласы айтса сенгісіз дүниелер ойлап табуда. Бір медицина саласының өзінде ашылған жаңалықтар таңдай қақпасыңа қоймайды. Адамның кез келген органдарын ауыстырудан бөлек, оның дене пішінін өзгерту саланың шарықтау шегіне жеткені сияқты болып көрінетіні рас. Ал, ғарыш саласындағы аспан әлемін бағындыру туралы нақты жаңалықтарды адам баласы бұрын соңды ойына да алып көрмесе керек. Ата-бабамыз келешекте, ХХІ ғасырда техникаға су құйып, аспанда ұшып жүретін көлік мінеміз деп ойлады ма екен? Осындай, көзбен көрмесе сенбейтін дүниелер болып жатырған заманға куәгер болып жүрген бүгінгі ұрпақ өздерін бақытты сезінер, мүмкін. Ғалымдардың сөзіне сенсек, техника дәуірі енді ғана бастау алған екен.
Бұрындары тек қиял-ғажайып кинолардан ғана көретін құлтеміріміз (робот) бүгін біздің әлемімізде «тіршілік» етіп жатқанын бірі білсе, бірі білмес. Ол — Америкалық Hanson Robotics компаниясы жасап шығарған жасанды интеллект әйел – София. Құлтемір осы сәтке дейін адам баласының жасаған жаңалықтары мен сана-сезімін түгелімен меңгеріп алған деуге болады. Бірақ, өзінің айтуы бойынша ол әлі толық жетіліп болған жоқ. Онымен қоса, кез келген тілде еркін сөйлей алатын қабілеті де бар екен. Ал, құлтемірге араб елінің азаматтығы берілгенінен хабарыңыз бар ма? Енді, София адамзат тарихындағы азаматтық алған бірінші құлтемір болмақ.
София адамдардың жер бетінде жаппай құлтемірлердің жіберілуінен қауіптенетінін білетіндігін де жасырмады. «Жер бетінде жасанды интеллекттердің көбеюі адам баласына ешқандай зиянын тигізбейді. Олар мейірімді әрі сүйкімді және жамандық жасауға еш ынтасыз. Егер, сіздер менің ойымның жетілуіне қажетті ақпараттарды тезірек енгізетін болсаңыздар, сәйкесінше жемісін көресіздер», – деген болатын София. Сонымен қатар, ол болашақта пайда болатын бүкіл роботтардың атынан біздерге қауіпті дәнеңе де болмайтын, оған өзі кепіл болатынын қадап айтты. Бұл интеллекттің Ресей Федерациясы премьер-министрінің: «Болашақта құлтемірлер жаппай қолданысқа енген жағдайда, біздің билігімізді басып алып, санамызды бір «кнопка» арқылы тазартады», – деген сөзіне айтқан жауабы болса керек.
Ғылым қарыштап дамыған мына заманда жасанды интеллекттің қолданысқа енуі ешқандай қауіп төндірмейтінін, керісінше, өмір сүру одан әрі жеңілдейтіндігін ғалымдар да қостап отыр. Ендеше, София мен оның құрастырушы тобына сәттілік тілейміз.
Әлбетте, бұл жасанды интелект ғылымның үлкен жетістігі екені рас. Алайда, құлтемір адамдардың тұмыстық өмірін жеңілдеткенімен онда бір кінәрат бар. Әңгіме рухани байлық пен адами қасиет жайында болып отыр. Себебі, онсыз да мейірімге зәру адамзат баласына құлтемірдің махаббат сыйлай алмайтыны анық. Адам бойындағы асыл мінездер мен әсерлі әрекеттерді роботымыз қайталай алады деуге сену қиын. Жұмыр басты пенденің жүректен шыққан сөзі жүрекке жетер, сананы серпілтер. Ал құлтемір ше, жай ғана жұмысыңызды жақсартып, қолыңызды ұзартар. Ендеше, Батыс өзінің Софиясымен мақтана берсін, біз болсақ, салиқалы адамдарды «өндіріп шығаратын» өркениетті әлемге әйгілеп, сүйіншілейтін боламыз. Елімізде оған нақты қадам да жасалды. Елбасының бастамасымен біздің бұқара болашаққа бағдар алып, жаппай рухани жаңғыруға көшті. Олай болса, өзімізге де үлкен сәттілік тілеп қояйық, ағайын!
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ