Нұрсұлтан Назарбаевтың таңдаулы цитаталары
Baq.kz ақпарат агенттігі Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ халқының қоғамдық-саяси өмірі, экономика және мәдениеті, ұлттық салт-дәстүрдің маңыздылығы туралы таңдаулы пікірлерін ұсынады.
Мен үшін елімді дамыған елдердің сапына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат жоқ.
***
Елі мұратқа жетпей тұрып, ері мұратқа жетуші ме еді? Сондықтан елдіктің қамын ең алдымен ойламай болмайды.
***
Егер біз мемлекет болып тұрғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халықтың руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн.
***
Отандастарымнан бөлек уайымым да жоқ, олардан бөлек қайғым да жоқ. Нені де болса елмен бірге көремін, елмен бірге төземін, елмен бірге жеңемін.
***
Адамға құдай өмірді бір-ақ рет береді. Оны Шымкентте сүру керек.
***
Жер жақындығы тағдырың мен тарихыңды жақындастырмай қоймайды.
***
Ауыл — қазақтың алтын бесігі.
***
Көптеген елдерді араладым. Табиғаты ғажайып талай өлкенің сұлулығына көз құмарымды суардым. Бірақ бәрі де өзім туып-өскен қазағымның жеріне, Алатаудың бір бөктеріне жамбастай жығылған үш қоңыр төбеге жетпеді. Балалығымның, сағынышымның алтын қазығы сонда екен...
***
Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын.
***
Бабаларын қалтқысыз қастерлей білген халық балаларының болашағын да қапысыз қамдай алмақ.
***
Халықтың сенімін ақтаудан артық абырой жоқ, болуы да мүмкін емес.
***
Қазақты Құдай шыдамынан ажыратпасын.
***
Еліміздің басты байлығы, ең қастерлі қазынасы жердің астында да емес, үстінде де емес — адамдарымыздың жүрегінде.
***
Тәуелсіздік — тарихтың мәңгіге бөліп берген еншісі емес, халықтардың мамыражай өмір сүруіне берілген кепілдік те емес: аңғал болмағанымыз абзал.
***
Тәуелсіздіктің қайта оралғаны — біздің ата-бабаларымыздың санғасырлық азаттық күресінің заңды өтеуі. Жаратқан Иенің жасаған әділдігі. Ата-бабаларымыздың осыншама байтақ жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалғанының арқасы.
***
Басқаға жалтақтайтын күннен кеттік. Бар байлығымызды өзімізге бұйыратын еттік. Қоғамның саяси тұрақтылығы мен бірлігіне жеттік. Қысқасы, егемен ел болудың ең ауыр белесінен өттік.
***
Қазақстанның тәуелсіздігі бейбіт жолмен келді. Бұл — азаттық үшін алысқан мың-мыңдаған азаматтардың қасиетті қанының өтеуі. Бұл — бүкіл тарихында өзгелерге қиянат жасау дегенді білмеген халықтың пейілінің қайтарымы.
***
Қандастарымызға қаратып айтар жайдың тағы бірі — тарихи Отанына оралған ағайын, ең алдымен, «Қазақстаным маған не береді?» деп емес, «Мен Қазақстаныма не беремін?» деп ойланғаны да дұрыс болар еді.
***
Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі — қазақ халқының сан ғасырлар бойғы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр.
***
Бойында қаны бар, намысы бар әрбір азамат: «Енді тәуелсіздікті қалай кемелдендіреміз, елдің көсегесін қайтсек көгертеміз?!» деп ой-санасын қамшылауы керек.
***
Халық кешпейтін бір-ақ нәрсе бар: елдің қолына зарықтырып келіп қонған бақыт құсынан — Тәуелсіздіктен айырылуды кешпейді.
***
Мәселе — қай топтың жеңетіндігінде немесе билік басына кімнің келетіндігінде емес, мәселе — тәуелсіздіктің тағдырында.
***
Соғыс ең басты құндылықты — адамның өмірін үзеді. Ал өмірден артық ештеңе жоқ.
***
Шығыстың саяси мүдделері көбіне-көп дәстүршіл топтардың қолдауына арқа сүйейді.
***
Саяси элита жалпыұлттық мүдделерді білдіру, оны барынша дәл сәулелендіру, сөйтіп халықтың өзін-өзі танып, бағалау дәрежесін көтеру қабілетімен емес, сол мүдделерді жүзеге асырудың жолын табу қабілетімен де дараланып тұруға тиіс.
***
Экономикада ертеңгі істі бүгін атқарып тастауға болар, бірақ саясатта ертеңгі істің ертең атқарылғаны жөн.
***
Ұлттық идеяны ұлттық астамшылық идеясына айналдыру ешбір этносқа да опа берген емес.
***
Көпұлттылық — қоғамның кемшілігі емес, артықшылығы.
***
Адам баласы қай жерде жүрсе де өмірге шыр етіп түсіп, ана әлдиін естігеннен бастап, өзін — қазақпын, орыспын, украинмын, өзбекпін деп сезінеді. Адам бойындағы бұл сезімді қандай аса зор идеологиялық қарумен атқыласаң да, шапқыласаң да құртып жібере алмайсың.
***
Бүкіл кеңестік тарих қолында халықтардың құқын таптау мен тікелей геноцид қаны бар.
***
Біз тұрмыстағы ұлтшылдықты, чиновниктiк мейірімсіздікті, бұқаралық ақпарат құралдарындағы ойланбай жарияланған мақалаларды назардан тыс қалдырмауға тиіспіз. Бұл жеке-жеке оқиғалар болып көрінер, бірақ ол ауыр зардаптарға да әкеліп соғуы мүмкін.
***
Ұлт мәселесін шешудің әмбебап әдістері болмайды.
***
Өз қатеңді өзің түсініп, өзің түзете біл: саясатшы даналығы дегеніміз — осы.
***
Уақыттың бір қасиеті — сенбесті иландырады, көнбесті ырқына алады.
***
Кейде бүгінгі мүмкіндіктердің ертең қатерге айналуы немесе керісінше болып шығуы да әбден мүмкін.
***
Идеялық бағдарламалар догмаларға емес, өмір шындығына негізделгені маңызды.
***
Дүние жаһандық, өзара тәуелділік сипат алды: жаһандық әріптестік үстемдік ету үшін бұл таным біздің берік принципімізге айналуы тиіс.
***
Әлсіздің өзіне одақтас болатын күштіні таңдамайтыны ақиқат, ал өзінен күштіге бағынуға мәжбүр болатынын аңдамайтыны өкінішті.
***
Байсалды саясаткер «Іс-әрекетім баспасөз бетінде нашар баға алып қалуы мүмкін-ау» деген қауіп-қатерден қорықпауға тиіс.
***
Ең басты міндет — қайталап айтамын, халықтың рухын көтеру. Өзіне деген сенімін арттыру.
***
Зиялылар бірлігі — ел бірлігі.
***
Ұлылар қашанда халықты рухани асылдандырып отырған.
***
Нағыз отаншылдықтың басты өлшемі де біздің зиялыларымыздың адалдығы мен әділдігінде, елі мен халқының алдындағы парызын терең түсінуінде.
***
Зиялылардың саясаткерлер қолындағы ойыншыққа айналуға хақысы жоқ. Зиялылар саясаткерлерге қарағанда анағұрлым арғы келешекті болжауы керек.
***
Тұрақтылық саяси мәселелерді шешудің күшке негізделмеген тәсілдеріне сүйенгенде ғана сақталмақ.
***
Саясаттың негізгі мақсаты — адам қамы, қоғам қамы, ел қамы.
***
Қауесет деген қара күйе сияқты: күйдірмейді, күйелейді.
***
Теңізде дауыл тұрғанда, түбіндегі қоқыстың бәрі судың бетіне шыға келеді.
***
Ақыл табылмай тұрып, ештеңе де табылмайды.
***
Терроризммен күреске елігіп, елдер мен халықтарды «тас ғасырына» қуып тығу арқылы біз «терроризм» ұғымын келмеске кетірудің орнына, тек қана жандандыратын боламыз.