Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұңғыш президент тағылымы

Тұңғыш президент тағылымы

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық деңгейдегі лидерлердің бестігіне кіреді. Ал әлемдік ең дамыған елдердің қатарына кіру бойынша қазіргі барлық дамушы елдер арасында Қазақстанның қабілеттілігі ең жоғары. Бұл – халықаралық саясаттанушылардың ұйғарымы.
Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап, егеменді ел ретінде дербес саясат жүргізіп келеді. Семей ядролық полигонының жабылуы, Ата Заң – Конституциямыздың қабылдануы тарихи үлкен бастама болды. Ұзақ жылдар бойы күрмеуі шешілмеген шығыстағы Қытай мен батыстағы Ресей империясымен арадағы шекара мәселесінің шешімі табылып, оның картасының БҰҰ мұрағатына тапсырылуы, Қазақ ордасының Алматыдан Сарыарқа кіндігіне қонып, жаңа Астана қаласының бой көтеруі, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының өткен төрт съезі ел бастаған көсемнің пешенесіне жазылған аз несібе болмаса керек.
Қазақстан басшысы алғашқы еуразиялық және посткеңестік көшбасшы болды. Қазақстан – Ұлыбританияны, Франция мен Германияны қоса алғанда, көптеген Еуропа елдері енді ғана ұмтылып отырған мәдени-этностық тепе-теңдікке қол жеткізген политэтностық ел. Көпвекторлы сыртқы саясаты Қазақстанға өзімен шектесетін Ресей, Қытаймен, сондай-ақ, АҚШ және Еуроодақ елдерімен берік әріптестік орнатуға мүмкіндік берді.
Қазақстан әлемдік аренада белсенді рөл атқаруға мүмкіндік беретін бірқатар ерекшеліктер мен басымдықтарға ие. Елдің стратегиялық, саяси және экономикалық маңызын оның Ұлы Жібек жолы тоғысындағы геосаяси орналасуы да ерекшелейді. Қазақ халқы оның көшбасшысы халықты бір идея аясында топтастыра білді.
Елбасының бүгінгі күнгі әр сағаты қазақ қауымының, қоғамының, елінің тағдыры үшін күреспен өтіп келеді. Тәуекелге барып, тұғыры мықты Тәуелсіз мемлекет құрды. Халқын сан ғасырлар армандаған мұратына жеткізді. Қазақстанды ғана емес, әлемді иіріп, түркі әлемінің көшбасшысына айналды. Осы ретте Түркияның ірі саясаткерлерінің бірі Намық Кемел Зейбектің: «Қазақстан ең алғаш Тәуелсіздігін алғанда біз Қазақстан үшін Түркия үлгі боларлық мемлекет дедік, ал 17 жыл өткен соң, біз Түркия үшін Қазақстан үлгі боларлық мемлекетке айналды деп мойындауға мәжбүрміз», – деуі Қазақстанның әлемнің геосаяси алаңында белді ойыншы екенін көрсетіп берді.
Өз халқына тыныш та қолайлы өмір сүру жағдайын жасаған адам ғана тарихта ерекше атпен қалады. Нұрсұлтан Әбішұлы тарих көшіне Қазақстанның Тұңғыш Президенті ретінде ғана емес, бейбітшілікті сақтаушы Президент болып та еніп отыр.
Кезінде күшті империяның қалдықтарын жоюды армандаған талай қайраткерлердің қанаты жарты жолдан қайырылған-ды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қарарымен 1960 жылы колониализм жойылған соң, Батыс идеологтары қайтадан реколонизацияны ойлап тапты. Осы мақсатта олар экономикалық экспансияға көшті. Әлемнің орталықтарын қолдарына алу үшін Бүкіләлемдік қайта құру және Даму банкін құрып алды. Бұл банкті басқару тетігін Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Испания, Италия және Алмания елдері өз қолдарына алды. Бұл мемлекеттер әлемдегі билікті қолдарына алу үшін «Трансұлттық компания» деген ірі компанияларды құра бастады. Ол компаниялар дамушы елдердің билік басындағылармен байланыс жасаудың платформасын жасап, мемлекеттік трансұлттық монополия болып алды. Бұл жаһанданудың белгілі бір коньюктуралық стратегиясы еді.
Үшінші әлем обсерваториясын негізінен Азия, Африка елдері құрады. Бұрын биполярлық деп аталып келген әлем, жалғыз полярлыққа көше бастады. Оған иелік етуге Америка құлшына кірісті. Жаһандану идеясы осындай өзге елдерге ықпалын жүргізуден туындаған еді.
Тәуелсіздігін жаңадан алып, енді қалыптасып келе жатқан елдерге, соның ішінде, Қазақстан үшін де бұл үрдіс қауіпті еді. Мемлекеттің саясатын енді ғана саралап келе жатқан, сонымен қатар, экономикасын қалыптастыруға көшкен елге «есік-терезеңді ашып қой, қай уақытта кіргіміз келсе, рұқсатсыз кіреміз, шыққымыз келсе, шығамыз» деген негізсіз талаптар қойылып жатқан кезең еді. Болашақты әріден ойлаған Елбасы бұл күрделі лабиринтке жол бермеді. Сырттан тасымалданатын түрлі ұсыныстарға контрагент (көп жақты шартқа қатысушылардың ең ықпалдылар қатарынан көріну) болып тікелей араласуға жол ашты. Оның бастамалары халықаралық қауымдастық тарапынан үнемі қолдау тауып, іс жүзінде саяси сахналарда үлкен резонанс тудырып отырды.
Қалыптасқан күрделі жағдайды бірден қолына алып, халыққа ауыртпалық әкелетін келеңсіздіктерге жол берілмеді. Қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында оның дер кезінде қабылдаған шешімдері дағдарыс әсерін азайтып қана қоймай, елімізді осы кезеңде де дамытудың берік негізін қалауға мүмкіндік берді. Ұлт көшбасшысы мемлекетті қалыптастырудағы миссиясында «Еуропаға мән беру», «Америкаға мән беру», «Азияға мән беру» стратегиялық бағдарламасын ашық жүргізді.
Президентіміз еліміздің жас мемлекеттігін сақтау және дамыту кепілі ретінде мемлекет пен халықтың тағдыры үшін барлық жауапкершілікті мойнына алды. Ол: «Мен үшін киелі халқыма қызмет етуден қымбат ештеңе жоқ… Осы жолда күшімді де, білімімді де, тәжірибемді де сарп етемін және бұл ойымнан ешқашан да айнымаймын», – деп берген уәдесінен ауытқымады. Бірақ бұл үшін уақыт та қажет еді.
ХХ ғасыр басындағы Ресейдің премьер-министрі Столыпин Мемлекеттік Думада оппозициямен пікірталас барысында: «Сіздерге ұлы сілкіністер керек, ал бізге ұлы Ресей керек», – деген екен. Бұл сөзді Қазақстан жағдайында біздің радикалды оппозицияға да айтуға болар еді. Бүкіл Ресейді уысында ұстаған сол Столыпин жаңағы сөзін «бізге 20 жыл тыныштық беріңіздер, сонда сіздер Ресейді танымайтын боласыздар» деп аяқтапты.
Осы әңгіменің жалғасын бүгінгі Қазақстан саясатынан да көруге болады. Бізге мықты Ресей ғана емес, күшті АҚШ, күшті Қытай да қажет еді. Сондықтан да, Нұрсұлтан Назарбаев осы үш империялық мемлекетпен тең дәрежедегі стратегиялық әріптестікке тез арада қол жеткізе білді.
Тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылында елімізде саяси-экономикалық реформалар талмаусырап жүрді. Соның арқасында Қазақстан экономикалық қуатты елдердің дамуы жағынан алдыңғы қатарға сытылып шыға алмады. Мұның өзі Қазақстан Президентінің «алдымен экономика, содан кейін саясат» формуласынан бастау алды.
Мемлекет басшысының ақыл-парасаты оған елде батыл да табанды тәжірибе жүргізуді талап етті, ол үшін сындарлы жолды таңдап алып, оны өз елімізде сынау керектігі сұралды. Егер ол күткендегідей нәтиже бермесе, басқа жолды таңдау қажеттігі талап етілді. Қол қусырып қарап отыруға болмайтын еді. Ел экономикасын тұрақтандыруға қабілетті шынайы әдіс аурудың сыртқы белгілерін емдемей, өмір сүріп отырған жүйенің айналасындағы бактерияларды жоюға итермеледі. Сондықтан мемлекет басшысының ұстанымы «сырқат денені емдеп, құтқару» болды.
Ол президенттік қызметке аса ауыр уақытта келіп, өз картасын алдын ала ашпастан бұрын, келешектегі салмақты реформаторлыққа дайындалып, өте күрделі әрі қиын мемлекеттік мәселелерді шешуі тиіс болды. Өйткені ұзақ күтуге уақыт көтермейтін. Сол себепті ел ішін меңдеп алған үргедек көңіл күйді оның шұғыл әрі батыл түрде сөндіруіне тура келді. Әйтсе де сол тұстағы оның реформаторлығы көптеген мәселелерді шешусіз қалдырып, шешілгендері жаңа проблемаларды тудырып жатты. Есесіне ел Президенті ретінде оның ұстанымдары мен қолданған тәсілдері анағұрлым өзгерді. Сондықтан Президент ел халқын әкімшілік белгілеген реформаларға бейімделудің аса қажетті элементі болып табылатын көзқарасты жаңартуға шақырды. Жүргізілген реформа белгілі бір деңгейде жұмысшылардың сана-сезімінің өсіп, талантты жас мемлекетшілер мен жалпы бұқара халықтың қарқынды іс-әрекеті негізінде олардың экономикалық талаптары саяси сипаттағы тілектермен астасқан жаңа форматты идеялардың пайда болуына ықпал етті. Осы кезеңде ұжымдық келісімшартта көрсетілген шараларды іске асыруға ерекше мүдделі болып, сол үшін елдегі басқа прогрессивті күштермен тізе қосып әрекет етті. Соның нәтижесінде елде түрлі партиялар пайда болып, олар либерализациялаудың қозғаушы күші болып саналатын жұмысшылардың өзіндік рөлін көтеріп, елдегі көптеген демократиялық өзгерістердің іске асуына мүмкіндік тудырды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев талантының мәні оның күрделі экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге қабілеттілігінен гөрі саяси жағынан жүзеге асыруға болатын шешімдерді қабылдауға деген айрықша сезімталдығында болатын. Осы сезімталдық оған мемлекетті басқару ісінде жол сілтеді. Ол өзгеріске ықпал етуден бұрын оның католизаторы болды. Президенттің бойындағы ерекше адамгершілік қасиеттері – күшті темперамент, күш-қуат, стратегтік көрегендік, иілгіштік, қалыптасқан жағдайды дәл түсінушілік, дер кезінде ескі мұрадан бас тартып, өзгеріс жасау керек екендігін мойындау іспетті қабілеттер еді. Ең бастысы, ол кері шегінуді шабуылға айналдыруға қажетті күш-қуатты тежеудің жалғыз-ақ нәрседен – ессіз, келбетсіз, ақтауға келмейтін сұмдық әрекеттен сақ болуға шақыра білді.

Үнсіздікпен ортақ үй тұрғыза алмайсың

2050 жылы әлемде шамамен экономикалық жағынан қуатты 100 мемлекет болатын көрінеді. Алдағы уақытта Латын Америкасы мен Азиялық Тынық мұхиты аймағындағы елдердің арасынан экономикалық ілгерілеуі қатты дамитын елдердің қатарында Қазақстан да бар екен. Жақында жарияланған «Әлемдік бәсекеге қабілеттілік бойынша шолу» рейтингісінде Қазақстан 4 орынға көтерілді. Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингісінде Қазақстан макроэкономикалық тұрақтылық факторы бойынша жағдайын жақсартып, әлемнің 142 елінің ішінен 26 орыннан 18 орынға көтеріліп, Ортаазиялық өңірде көшбасшы атанды. Сондай-ақ, Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингісінде ұлттық жинақ көрсеткіші бойынша, әлемнің 142 елінің арасында 12 орында тұруының өзі еліміздің даму бағытындағы әлеуетін көрсетіп берді.
Қазақстан – әлемдегі аса жылдам дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі. Мұнда тек қазіргі заманғы батыстық экономикалық модельдер ғана табысты енгізіліп отырған жоқ, сондай-ақ, бизнесті өрістетудің түрлі формасын енгізу бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізуде.
Әлемдік бақылау институттарының назарынан ешнәрсе тыс қалған емес. Бүкіләлемдік экономикалық форумның (БЭФ) ақпараттық технологиялар бойынша жарияланған ғаламдық есебіне сәйкес, Қазақстан Желілік дайындық индексі бойынша 55-деңгейге қол жеткізіп, ТМД елдері арасында алдыңғы орынға шықты. Еліміз бұл жетістікке 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын іске асырумен қол жеткізіп отыр.
Қазақстанның ғаламдық бәсекелестікке қабілеттілік рейтингі бойынша алға басуы елімізге тікелей шетелдік инвестициялардың келуіне жағымды ықпал етеді. Мемлекеттің алдына айқын мақсат қойып, әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру міндетін жүктеген Елбасы тапсырмасы өз нәтижесін беруде. Мұның бәрі саяси еркіндігіміздің әсері еді.
Өзін өркениетті, ізгілікті санайтын Еуропаның Ұлыбритания, Португалия, Франция сияқты отарлаушылары Үндістаннан, Египеттен, Алжирден айырылмау үшін небір қитұрқы саясатқа, зорлық-зомбылыққа барғанын тарих әлі ұмыта қойған жоқ. Дәл осы сценариймен бірдей бақылау орнатқан КОКП мен Кеңес Одағы уысынан табанды мәміле жасай отырып босағанымыз, біріншіден, тағдырдың сыйы болса, екіншіден, азаттық жолындағы ұлт көсемдерінің арманын жүзеге асыру еді. Еуроцентристік идеологиялық қысымнан ұлтсыздануға әзер қалған Қазақстанда басқаша болуы мүмкін емес еді.
Тәуелсіздік өткеннің қарызы мен парызын өтеумен ғана емес, өркениетке ұмтылып, көшке еріп, ұлттық идеяны ұсынумен де қымбат. Президент осы жолда барын салып келеді. 1991 жылғы 17 желтоқсанда, яғни Тәуелсіздіктің алғашқы күнінде Елбасымыз қалыптасқан ахуалдың өте күрделі сипат алып отырғанын қоғамға ашық білдірді. Ол өз сөзінде: «Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе, жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмашыл, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік», – деді. Осы үндеу арқылы Қазақстан тұрақтылық пен жасампаздыққа бастаған дұрыс жолды таңдай білді.
Көп векторлы саясат пен ұлттық мүдде – бір-бірімен сабақтасып жатқан дүние. Бұл геосаяси аренада сыннан өткен. Ұлттық мүддеміздің негізгі бағыты татулыққа, айналадағы өзге елдермен бейбіт қатар өмір сүруге негізделген.
Қазақстан Президентінің философия мен реформалар тәжірибесін біріктірген бастамасын біз еуразияшылдық идеясының жүзеге асуынан-ақ байқап отырмыз. Қазір еуразиялық мемлекеттердің тығыз экономикалық интеграциясын қамтамасыз етіп, біртұтас экономикалық кеңістік құру жолындағы тетіктер толық мәнінде іске қосылған. Еуразиялық интеграция жобаларының жүзеге асырылуы Нұрсұлтан Назарбаевтың сая¬си және экономикалық реформаларға деген жүйелі көзқарасының қаншалықты терең екенін байқатады.
Үнсіздікпен ортақ үй тұрғыза алмасымыз белгілі. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт (ҰҚШҰ) ұйымы құрылды. Ұйымға мүше елдердің қорғанысы бірлесіп әрекет ететін болды. Ұйымның басты ұраны – бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып саналады. Ең алғашқы болып ұлттық қауіпсіздік қалқаны – Қарулы күштер жасақталды. Мемлекеттік басқару құрылымдары реформаланды. Еліміздің әлемдегі орнын табу жолында ТМД ықпалдастық ұйымы құрылды. Осының бәрі Қазақстан Президентінің басшылығымен аз ғана уақыт ішінде өмірге келді. Бұл – Қазақстан Президентінің әлемдегі процестерді философиялық тұрғыдан терең түйсініп, стратегиялық жоспарлар мен тиімді тактикалық шешімдердің үйлесім таба білетін қасиетін білдіреді.

Басқарудың қазақстандық моделін әлемге таратқан саясаткер

Төрт құбыласы сай мемлекет болу үшін бұл да аздық ететін еді. 1992 жылғы 5 қазанда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 47 сессиясында сөйлеген сөзінде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес құру жоспарын ұсынды. Осы жылдар ішінде Давос¬та, Мәскеуде, Венада, Хельсинкиде, Түркияда, Парижде, Вашингтонда, Үндістанда Қазақстан өз мүддесін әріден көздеген түрлі форматтағы ресми кездесулер өткізіп, дипломатиялық қатынастардың орнығуына жол салды. Осылайша, Н.Назарбаев ел басқарудың қазақстандық моделін бүкіл әлемге таратты және өзін әлемдік деңгейдегі белгілі тұлға ретінде таныта білді. Қазақ елінің халықаралық биік дәрежеге қолы жеткен мемлекет екендігін дәлелдеді.
Әлемде 200-ден астам Тәуелсіз мемлекеттер арасынан бірінші болып демократиялық даму үрдісін қолдап, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы заң қабылданды.
Бүгінде біздің еліміз әлемге адамзат мүддесі үшін ұстамдылық танытып, планетада бейбітшілік пен тұрақтылыққа қолдау білдіруде ерікті түрде үлгі болып отыр.
Тәуелсіз Қазақстанда бәсекеге қабілеттілікті арттыру мәселесінің басты басым міндет ретінде көтеріліп, әсіресе, соңғы уақыттардың бедеріне алдыңғы шепке шығуы тікелей ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты. Осы бағытта соңғы жылдарда елімізде көптеген мақсатты жұмыстар жүргізілді.
Бәсекеге қабілеттілік соңғы ширек ғасырдың өн бойында жалпы әлем бойынша ең басты тақырыптардың бірі болып келеді. Мемлекеттердің, аса ірі компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті дүниежүзінің көптеген озық елдерінің мемлекеттік – экономикалық саясатының басым бағыттарының қатарына еніп отыр. Еліміздің бәсекеге қабілеттілік деңгейінің соңғы бір жылдың ішінде ғана бірден 21 сатыға көтерілуі үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасының траекториясының дұрыс жолға қойылуының ықпалының әсері екендігін бағамдауға болады.
Қазақстан тұғырының бұлайша елеулі түрде жақсаруы, ең алдымен, макроэкономикалық тұрақтылықтың оң бағыт алуымен тығыз байланыс¬ты. Осы жайға Елбасы индустрия мен өнеркәсіп тізгінін ұстаушылардың, ғалымдардың біліктілігін мобилизациялау арқылы қол жеткізді.
Бүгінгі таңда жаһандық көшбасшылар көшін дамыған еуропалық елдер бастап келеді. Оның қатарында Швейцария, Финляндия, Ұлыбритания, АҚШ, Гонконг, Жапония елдері бар. Лозанна халықаралық менеджментті дамыту институтының ғаламдық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде оған қатысушы елдер 369 көрсеткіш бойынша бағаланатынын ескерсек, осы тізімге алынған Қазақстанның аса қабілетті ел екенін бағамдауға болады. ТМД елдерінің арасынан аталған рейтингтік талдауға Қазақстан, Ресей және Украинаның ғана кіретіндігінің өзі көп нәрседен сыр берсе керек. Осы жағдайдың бәрі Қазақстанда саясаттың дұрыс екендігін, соның нәтижесінде кәсіпкерлік қозғалыстың жақсы дамып, жыл өткен сайын алға басып келе жатқандығын білдіреді.
Қазақстан басшысы 2007 жылғы БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-сессиясында ғаламдық проблемаға қатысты жаһандық энергетика-экологиялық стратегияны құру мен оны «РИО-20» орнықты дамудың әлемдік саммитінде талқылауды батыл ұсынды. Қазақстан Президентінің бұл бас¬тамасы халықаралық форумда бірнеше рет талқыланды. Нәтижесінде, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық энергетика-экономикалық стратегиясын құру туралы бас¬тамасы әлем елдерінде қолдау тапты. Бүгінде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше. Бұл да Қазақстан Көшбасшысының сындарлы саясатының жемісі.
«ЕХРО – 2017» көрмесінің ұйымдастырылуы мен оның жемісті өткізілуі Қазақстан Президентінің бастамашылдығымен жүзеге асқан іс болды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың бастама¬шылдығымен ТМД-ның кеңістік аясында құрылған Еуразиялық экономикалық қауымдастық, Кедендік одақ, Ұжымдық қауіпсіздік шарты келісімі, Шанхай ынтымақтастық ұйымы секілді ірі халықаралық саяси құрылымдардың маңызы күн сайын артып келеді.
Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялаған 26 жыл ішінде әлемдік қауымдастық алдында еліміздің имиджін айшықтайтын бренділерімен де танымал болып отыр.
«Адам – жердің мүлкі» деген үнді көсемі Сиэтлдің сөзі бар. Демек, қазақ жерінің әрбір қадам жері – халық үшін аса қымбат құндылық. Ел мен жердің қасиеті мен киесі Елбасы назарынан тыс қалған емес. Халықаралық аренада үлкен беделге ие болған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ең бас¬ты брендіне айналған. Әлемдегі ең алғашқы әрі ең үлкен ғарыш айлағы саналатын Байқоңыр – еліміздің екінші бренді. Мұнай – ел байлығын айқындайтын брендіміз. Азия, ТМД елдері бойынша Қазақстанның ең алғашқы болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі – саяси брендіміз. «Астана» велокомандасы – еліміздің ұлттық мақтанышы, елдік брендіміз. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі – Қазақстанды бүкіл дүниежүзіне танымал еткен бренді. Астана мен Алматы қалаларында өткен VІІ Қысқы Азия ойындары да елімізді сыртқа таныстырудағы ұлттық брендіміз болып қабылданған. Міне, бұлардың бәрі – мемлекеттің, мемлекет басшысының дұрыс ұстанымының арқасында қол жеткен табыстарымыз.

«Бүкіләлемдік ақыл» идеясы

Өз басының бақытын елінің бақытымен байланыстырған Елбасы өз қуанышын ешуақытта халқынан жасырған емес.
Қазақстанның тұңғыш Президенті болып сайланғанда Нұрсұлтан Әбішұлы: «Дана бабалар дәстүрімен осы салтанатты сәттегі сөзімді алдымен ата жұртыма, қасиетті халқыма арнаймын! Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Шүкір, кештеу де болса ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын тіге бастадық. «Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дархан еліме, ата-бабаның аруағына сүйенемін. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін. Сенімнен айырылмайық, бауырларым!» – деген сөзіне адалдығын сақтап қалды.
Ол жыл сайынғы Жолдауларында адам капиталын ең басты орынға қойып келеді. Еліміздегі адам капиталының сапалы өсуіне әсер ететін екі негізгі фактор бар. Олар: білім беру және денсаулық сақтау. Жолдаудағы 10 басымдықтың қайсысын алсаңыз да, өзінің ауқымдылығымен және мәселенің уақыт күттірмейтіндігімен, сондай-ақ, халық пен мемлекет мүддесіне негізделгенімен көпшіліктің көңіліне қонымды болды. 10 басымдықтың ішіндегі адам капиталын дамыту мәселесін қолға алудың әрбір қазақстандық үшін өмірлік маңызы зор. 1990 жылдан бері қолға алынған БҰҰ Адам дамуы туралы есеп бойынша, ол адамның әлеуметтік жағдайы, сауаттылығы, білімі және өмір сүру ұзақтығы ретінде қарастырылған. Қазақ елі бұл бағыт бойынша 169 елдің ішінен 66 орынды иеленіп отыр.
«Бақытты елдердің» рейтингісін зерттейтін Жер институтының болжамы бойынша 156 мемлекеттің ішіндегі бақыттыларын саяси бостандығына, халықтың әлеуметтік қорғалуына және тұрақты отбасылардың көптігіне байланысты анықтауда. Қазақстан Ресей, Балтық жағалаулары елдерінен озық шығып, 59 орынға орналасқан. Ал мемлекеттілігі берік ел ретінде посткеңестік елдердің қатарында да ең алдыңғы қатарда тұр.
Қазақстан Президентінің «Қазақстан – 2050» стратегиясы, «Нұрлы жол» бағдарламасы, 5 институционалдық халықтық реформасы ел игілігіне, ұлт бірлігіне бағытталған. Әсіресе, «Болашағы Біртұтас Ұлт» идеясы – ерекше. Ұлт көшбасшысы бүгінгі ұрпақтың келер ұрпаққа дамыған инфрақұрылымды табыстауына баса мән беріп отыр. Осыған орай жарияланған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының халыққа үлкен сілкініс тудырып отырғанын айта кетуіміз керек. Оның ішінде әсіресе, мәдени мұраға, әлеуметтік инфрақұрылымға, яғни білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениетке мол қаржы бөлінуде. Бұл – дамыған, қуатты елдің бағыты.
Бүгінгі таңда республикамызда ұлт көшбасшысының саяси моделі толық қалыптасты. Тарих сахнасында Нұрсұлтан Назарбаев феномені пайда болды.
Қазақ елінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бүкіләлемдік ақыл» идеясы деңгейіндегі өз инициативасымен қабылдаған, әлем мойындаған және көптеген елдер үлгі тұтып жүрген тарихи шешімдері мен әлемдік ықпалы бар ұсыныстарын қазақ перзенті ретінде ұзақ уақыт мақтаныш ететін болады. Қазір әлемдік ақыл-ойдың элиталары қатарына жататын сарапшылар Қазақстан Президенті ұсынған бағдарламалардың ақиқатқа айналғанын айтуда. Оның нәтижесін өзіміз көзбен көріп отырмыз.
Бізге жеткен Қожа Ахмет Иасауидің бір сөзі бар: «Дихан болсаң, қолыңа кетпен ал да, халқыңа нан бер. Ғалым болсаң, қолыңа қалам ал да, халқыңа мән бер». Оған шығыс данышпаны әл-Хразидің: «Сөз – бар болғаны гүл ғана, ал іс – сол гүлден түйнеген жеміс» деген сөзін қосыңыз. Ғұламалар ойының астарлы түйіні біліміңді халқыңа жеткіз, еліңе қызмет қыл, бағын аш дегенге саяды. Қазақстан Президентінің бүкіл іс-қимылы осыған жауап береді.
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстанның Мәдениет қайраткері.
02 желтоқсан 2017 ж. 2 389 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 70

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 65

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930