Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көнеден қалған қолтаңбалар

Көнеден қалған қолтаңбалар

Кәукей ауылы маңында бірнеше көне жер атаулары мен ескі қала орындары баршылық. Ауылдың оңтүстік-шығыс жағынан, шамамен 1,5-2 шақырым шамасында «Сараман-Қоса» мұнарасы орын тепкен.
Белгі қам кесектен тұрғызылып, сырт­қы қабаты қыштан қаланған. Биіктігі 18-20 метр шамасында. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бері мемлекет қамқорлығына алынып, бірнеше рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазір басына саяхат жасап, құрылыс-сәулет өнерімен жан-жақты танысуға мүмкіндік жасалған.
Сондай-ақ Кәукей ауылының батыс жағында 15-20 шақырым шамасында «Күйікқала» атты жер кездеседі. Ел аузын­дағы әңгіме бойынша бұл қаланы ІХ-ХІ ғасырларда оғыз-қыпшақ тайпалары мекендесе керек. Қаланы билеген ханның Аман деген баласы бір күні жанына досы Қосайды ертіп, «ел көріп, жер танып қайтайық» деп Арқаны бетке алып, ұзақ сапарға аттанады. Екі айдай жол жүріп, үлкен бір тойдың үстінен шығады. Жөн сұраса келе, белгілі бір байдың Сара атты қызының ұзатылар тойы екенін біледі. Салтанат үстінде Аман мен Сара тіл табысып, бір-бірін ұғысып, бірге қашып кетуді жөн көреді.
Ақыры ғашықтық дерт жеңіп, үшеуі кеңесе келе, түн жамылып, «құс жолын» бағыт етіп, туған елге бет түзейді. Соңындағы қуғыншылардан күндіз жасырынып, түн қашып, алты күн дегенде Сырға келіп құлайды. «Алушыны аңдушы жеңеді» дегендей қашқындар қазіргі «Сараман-Қоса» ескерткіші орналасқан төбенің үстіне келгенде, қуғыншылар да ілесе жетеді. Оқиғаның соңы үш қыршын жастың өлімімен аяқталған. Ел билеуші хан жастардың өлген жерлеріне белгі соқтырған. Аман қазіргі мұнара тұрған төбеде, Қосай сол төбенің тура шығысында шамамен 15 шақырымдай жерде мерт болса, қыздың шейіт болған жері белгісіз.
Сол бір тарихи қанды оқиғаның куәсі бүгінгі «Сараман-Қоса» мұнарасы. «Сараман-Қоса» мұнарасынан оңтүстік-батысқа қарай 10 шақырымдай қашықтықта «Қыздың белгісі» деген жер атауы жолығады. Бұл Сара қыздың жан тапсырған жері болуы да мүмкін. «Қоса» деген жер атауы болғанымен, Қосайға тұрғызылған кішкене мұнара құлап, жойылып кеткен.
«Күйікқала» да қиранды қала орны. Алыстан биік жота болып көрінеді. Қаланың шығыс жақ беткейі 7-8 метрдей жар, қалған жағы 1-1,5 метрдей биік болғанымен, жатағандау. Шаһар орнында адам сүйектері мен қыш ыдыстардың сынығы көптеп кездеседі.
Кәукей ауылынан 5-6 шақырым жерде орын тепкен «Жидеқала» деген де шағын қала орны жатыр. Оның қамал болуы да мүмкін. Төрт жағында қарауыл мұнарасының орны бар. Бұнда да адам сүйектері мен қыш ыдыстардың сынығы көптеп кездеседі. Бұл жерді тек жергілікті тұрғындар ғана осылай атап кеткен. Естуімізше «Жидеқала» тіркеуге алын­баған, көпшілікке беймәлім. Менің байқа­ғаным, «Сараман-Қоса» мұнарасы, «Жиде­қала», «Күйікқаланың» шығыстан батысқа қарай созылған түзу сызықтың бойында орналасқан және арақашықтықтары да бір-бірімен шамалас, бір дәуірдің көне қолтаңбалары секілді.
Кәукей ауылы осындай құнды мұраларға толы құтты мекен. Ендігі айтарымыз, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан кезеңде тарихшылар мен археологтар, тағы басқа да мамандар бұл мәселеге жіті көңіл бөліп, қатпары мол сырды ашуға атсалысса екен.
Сәкен ҚАБЫЛОВ,
Кәукей ауылы
23 ақпан 2019 ж. 2 183 0

Байқауда бағы жанғандар

11 желтоқсан 2024 ж. 269

Білім туралы құжаттарды тану

11 желтоқсан 2024 ж. 157

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031