Кәукей атауы қайдан шыққан?
Кәукей – көне жер атауы. Тарихы әріден бастау алатын бұл атаудың түп-төркінін ешкім де анық біліп, таратып айтып бере алмайтындығы белгілі, әрі өкінішті. Тек біздің білеріміз, сонау алыстан жеткен аңыз әңгімелердің ұштығы ғана. Әрине, «бұл осылай болған екен» деп толық айтуға тұжырымды негіз бола алмайтындығы да белгілі.
Кәукей – Қазалы ауданына қарасты ауыл. Мұнда қазіргі таңда екі жүзден астам шаңырақ түтін түтетіп отыр. Осы туған ауыл атауының қайдан шыққаны мен нендей мағына беретіндігі көптеген перзентті ойландырып жүрген басты мәселе десек, қате айтқандық емес.
Ал ел ішіндегі ескі әңгімелер желісін еске алар болсақ, ерте замандарда бұл өлкеде Кәукей атты ана өмір сүрген көрінеді. Сол анамыздың бойындағы шексіз кішіпейілділік, көпшілдік, дархандық және өзгеге болсын дейтін қайырымдылық, жомарттық қасиеттер оның ұмытылмай, ғасырлар бойы сан ұрпақтың санасында сақталып келе жатуына себепкер делінеді. Кәукей анамыз керуен жолының (Жібек жолы емес) бойында отырып, әрі-бері өткен жолаушыларға ақысыз қызметін көрсеткен екен. Ұлы сапар үстіндегі жолаушыларға қымызы мен қымыраны, шайы мен тамағын ұсынып, шөлдегендердің сусынын қандырып, ашыққандардың қарынын тойдырып, шаршағандарды ауылына қондырып отырған деседі.
Елден тек қана алғыс арқалаған анамыз ұзақ өмір сүріп, өз аймағының данасына айналған. Міне, осы дархандық пен жомарттығы даңқын елден елге жеткізіп, жолға шыққан әрбір жолаушы Кәукей анамыздың қолынан сусын ішіп, шөлін басуға асығады екен. Ел аузындағы әңгіме бойынша, қайтыс болған соң ол кісінің есімімен сол аймақтағы айдын көл «Кәукей» көлі және жағалай отырған қалың ел Кәукей ауылы аталып кеткен деседі. Ал «Кәукей» көлінің ұлтаны деп маған бір ағамыз Кәукей мен Бозкөл ауылының екі арасын жалғап жатқан тас жолдың (Жиеней жармасынан бері) батыс беткейін айтып, сілтеген еді.
Сәкен ҚАБЫЛОВ,
Кәукей ауылы