Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Төл қаһармандар төрге шықты

Төл қаһармандар төрге шықты

Жарты ғасырдан астам тарихы бар қазақ анимациясының бүгінгі жай-күйі қандай? Әмен Қайдаров бастаған жол қалай жалғасып келеді?  Бұл сауалдардың жауабын Balapan телеарнасы берді. Тәуелсіз қазақ анимациясы тарихында тұңғыш рет төл қаһармандар туралы «Айдар», «Дала ойындары» және «Ертемір» атты 3D форматтағы анимациялық жобалар жарыққа шығып, мультхикаялардың тұсаукесері өтті.  

Бұл анимациялық жобаларға еліміздің балаларға арналған жалғыз телеарнаның директоры Мақпал Жұмабай жетекшілік етсе, мультфильм­дерге режиссерлік еткен – белгілі драм­матургтер Әннәс Бағдат пен Ділшат Рахматуллин. Бізді қуантқаны, ендігі жерде балаларымыздың Өрмекші адам, Темір адам, Суперменге еліктей бермей, өзіміздің Ертемірдей мықты, Айдардай алғыр бала болуға қадам жасайтын болды. Бұл керемет дүние қазақтың қиялынан туған. Бас қаламыз – Астанамыздың жып-жылы көріністері бар. Анимациясының музыкасы да ерекше. Құлаққа жағымды. Қазақы, жатық мәтін құлағымызға майдай жақты. Оны көрген әр бала жалығып кет­пей­тіні анық. Ең қуаныштысы, қазақтың ежелгі мифтерінің элемент­тері, тарихы тасқа, шежіресі құмға сіңген бай өлкемізге тиесілі құнды­лық­тар да құнтталған. Бұл туындылардың үшеуі де қазақ балаларына еліктеуге үлгі боларлық заманауи қаһармандар жайында. «Дала ойындары» анимациялық сериалындағы оқиға болашақта өрбиді. Бұл – жаңа қоғамды құрушылар туралы шытырман туынды.

Мультхикаяда көрер­мен 2050 жылға саяхат жасап, цифр­ланған ғаламның ең өзекті мәселе­сін шешуді көздеген кішкентай қаһар­мандармен танысады. «Ертемір» ғажайып күшке ие болған қарапайым баланың ерлік оқиғаларына құрылған. Күнделікті өмірде Темірдің өзге балақай­лар­дан еш айырмашылығы жоқ болып көрінгенімен, еліне, айналасына қауіп төнгенде батыр Ертемірге айн­а­ла­ды. Қазақ мифологиясындағы кейіп­керлерді заманауи үлгіде көз алды­ңа әкелетін Ертемір миллион­дар­дың жүре­гін жаулаған Өрмекші адамнан бір мысқал да кем емес. «Айдар» мультхикаясы көне түркілік миф кейіпкерлері мен сюжеттеріне негізделген. Осы жоба арқылы көрер­мен­­дер халқымыздың бай дәстүрлі мұрасымен таныса алады.

Міне, осылай­ша, төл қаһармандырымыз төрімізге шықты. Мультхикаялар енді Balapan теле­арнасы арқылы көрермен назарына ұсыныла бастайды.
Ербол Іргебай, Оқушылар сарайының директоры:
 
– Бүгін ерекше қуанып тұрмын. Қазақ анимациясы осындай құнды дүниелермен толықты. Балалармен жұмыс істеп жүрген соң, бүгінгі балалар­ды таңғалдыру оңай емес екенін білеміз.Ал мына мультхикаяларды олар міндетті түрде көріп, Ертемірге, Айдарға бауыр басып кететін болады. Енді "біздің анимация ақсап жатыр ма?» деген сауалды қоймасақ та болады.

Қуаныш Жиенбай, жазушы:

– Алдымен, Balapan теларнасының ұжымына алғыс айтамын. Бұл салмақты дүниеден балаларға деген жанашыр­лық­ты, қамқорлықты сезіп тұрмын. Өйткені олар қазір тек шетелдің мультфильм­дері­мен өсіп келеді. Соңғы жылдарда көзімізге көрінген, қолымызбен ұстаған құнды дүние болып отыр. Сондықтан оның жарнамасын жақсылап жасап, насихаттауымыз керек. Осы жұмыстар­дың артында қомақты қаржы тағы тұр. Сондықтан оған мемлекет тарапынан, министрлік тарапынан үлкен қолдау қажет.
11 желтоқсан 2018 ж. 1 425 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031