Сыр бойында су перілері бар ма?
«Су перілері өмірде бар ма?» деген сауал көпшілік үшін әлі де тартысқа толы. Бір тарап мұны сылдыр сөздің бірі деп сенбестік танытса, енді бірі су перілерінің бізбен қатар өмір сүретініне күдік келтірмейді. Қазақ даласындағы, оның ішінде Сыр өңірін-дегі осы құбылысқа қатысты деректер ХІХ ғасырдың аяғынан бастап жинақтала бастаған деседі. Оған дәлел ретінде орыс географиялық қоғамының мүшесі, этнограф Михаил Миропиевтің еңбегін тілге тиек етуге болады. Ол 1888 жылы жарыққа шыққан «Демонологические рассказы киргизов» атты кітабында тылсымы терең жайт жөнінде біршама ақпарат беріпті. Автор сол кездегі Сырдария облысы, Перовск уезі қазақтарының аузынан 27 тылсым оқиғаны жазып алған. Соның бірнешеуіне тоқтала кетейік.
ХАСАНДЫ СУҒА ШАҚЫРҒАН КІМ?
Бір кісі дария жағалап келе жатқанда құлағына әлдебір дыбыс естіліпті. Судың ішінен шығып жатқан дауыс бір кісінің атын атағандай екен. «Хасан» деп қайталапты сонда әлгі дауыс. Жағалаудағы кісі «Хасан келе қалса, жіберемін» дейді. Осылайша үш күн өтіпті. Бір күш оны сол жерге байлап қойғандай кете алмай қалады. Үшінші күні сол жерге бір қазақ жігіт атпен келеді. Есімі Хасан екен. Ол жалма-жан суға түсуге қамданады. Жаңағы адам оны тоқтатқысы келгенімен, «мен суға кетіп өлмеймін» деген жігіт дарияда арлы-берлі, арғы беттен бергіге жүзе береді. Тағы да суға түсіп, арғы беттен жақындаған кезде су астынан біреу ұстап алып, батыра бастайды. Оны көріп шыдамаған манағы адам арқан лақтырып, ол арқанның ұшынан ұстаған кезде тарта кетеді. Бір кезде арқан өзінен-өзі босап қалады, ал оны құтқарамын дегенше суға батып үлгеріп, аз уақытта денесі су бетіне қалқып шығады. Жағаға шығарған кезде қолы мен аяғы қып-қызыл болып, денесінің әр жерінде іздер қалып қойған екен. Сондағы жұрттан сұрастырып ата-анасын тапқан соң, баланың мәйітін тапсырып, болған оқиғаны бастан-аяқ баяндап берген. Ал ата-анасы болса жаңағы кісіге баласының үйде тыншып отыра алмағанын, «Мені шақырып жатыр, баруым керек» деп қоярда-қоймай атына мініп шауып кеткенін айтқан. Осы оқиғадағы кісінің аты жөні Есмұхаммед Букин екен. Ол – Сырдария облысы, Перовск уезінің қазағы.
ШАЙТАННЫҢ ШЕШЕСІ КӨЙЛЕГІН КИІП КЕТІПТІ
Торғай даласында болған оқиға екен. Төке деген кісі әйелімен ұйықтап жатқанда бетіне су шашырап оянып кетіпті. Әйеліне «Сен менің бетіме неге түкіресің?» деп дүрсе қоя береді. Оны түсінбеген келіншегі «сенің бетіңе түкірген жоқпын» деп азарда-безер болыпты. Төке ашуланып, орнынан тұрып от жағып жан-жағына қараса, біртүрлі жағдай. Етігінің іші сиырдың тезегіне толған, үйдегі барлық заттар шашылып жатыр екен. Кінәнің әйелінде емес екенін жақсы түсінген Төке молда шақыртып, дұға оқытқызған. Сол сәтте мысығы ары-бері жүгіріп, байыз таппапты. Мысыққа не болғанын сұрағанда молда «Бұл мысықтың соңына шайтандар түсіп қуалап жүр» деген екен. Содан соң Төкенің әйелі заттарының ішінен бір көйлегін таппай қалыпты. Молдадан мұның мәнін сұрағанда шайтандардың қатысы барын біледі. Шайтан «Ол көйлекті менің шешем тойға киіп кетті. Ертең бір түйенің жабының астын қарасын, табылар» депті. Таң атып, түйелеріне барған әйелі расында, бір түйенің астында тұрған өз киімін көреді. Оның етегі су-су, балшық екен. Адам киген сияқты. Мұнан шошынған үй иесі адамдарды жинап, құдайы жасап, құран оқытып жіберген екен. Бұл оқиғаны кітап авторына Ысмайыл Қасымұлы айтып беріпті.
КАСПИЙДІҢ ҚҰПИЯСЫ
Әзербайжандық ғалым Самед Джафаров су перісінің балықтармен бірге жүзіп жүргенін өз көзімен көргенін мәлімдеген. Оның сөзінше, Каспийдегі су перілерінің түсі – жылтыр көк, шашы – қою жасыл әрі ұзын. Әзербайжандық ғалымдар су перілерінің сыртқа шығып, адам көзіне түсіп қалып жатқанын Каспийдің экологиялық ахуалымен байланыстырып отыр. Тіпті браконьерлердің де жоғалуына осы су перілерінің белгілі бір деңгейде қатысы бар деп жорамал жасаған екен.
Осылайша ғалымдар түсініксіз әрі ғылыми дәлелденбеген жайт туралы өзіндік пікір білдіруде. Халық арасында су перілеріне қатысты аңыз әңгімелер жетерлік. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз. Бір анығы, жер мен көктің ортасында адамға түсініксіз тіршілік иелері, олардың өмірі «жоқ» деп кесіп айта алмайтынымыз...
Дайындаған
Ж.БАҒЛАНҚЫЗЫ