Адамның табысқа жетуіне не кедергі келтіреді?
- Біреулер өмір соқпағымен тез алға басып, өмірден өз жолын тауып, биік табыстарға жетіп жатады, ал енді біреулер әрнәсенің басын бір шалып, өмірде орныға алмай, қызметте де, тұрмыста да жолдары болмай жатады. Әлемдік бестселлерге айналған Напалеон Хиллдің «Ақылменен ақша тап» кітабында адамның табысқа жетуіне кедергі келтіретін 30 қасиет туралы айтады. Солардың бәріне болмаса да, негізгі деген бірнешеуіне тоқтала кетейік.
Нақты мақсаттың жоқтығы
Кітап авторы сол тұста АҚШ-тың бір институтының адамдар арасында сұрау салу өткізгендігін, соған тартылғандардың 98 пайызының алдарына қойған нақты мақсаттарының жоқтығын айтады. Ол адамдардың бәрі өмірде орындарын таба алмай, сәтіздіктерге ұшырап, тұрмыс тауқыметін тартып жүргендер екен.
Егер адам алдына нақты масқат қойып, соған жетемін деп саналы түрде әрекет жасамай, өмір ағысымен жүре берсе, оның табысқа жету мүмкіндігі – ноль болмақ, яғни ешқашан табысқа жете алмайды деген сөз. Сондықтан, алдыңа нақты мақсат қоюдың маңызы қашанда зор болмақ.
Білімнің жетіспеушілігі
Қазақта «арзанның сорпасы татымас» деген сөз бар. Мектепте тегін берілетін білім жастарға өмірде алға басуына көмектесетін нық негіз бере алмайды. Өз басым қазақ мектебінде он жыл оқып, бірақ қазақша сөйлей алмайтын жігітті білемін. Ондайлар өкінішке орай, өте көп.
Білім дегеніміздің өзі, өзіндік даму ілімінің білгірі Брайан Трейсидің пайымынша, пайдалы ақпаратты нақты өмірде пайдаланып, нәтижеге жету. Яғни, сіз ақпаратты аласыз, оны тәжірибеде пайдаланып, нақты нәтижеге жетесіз. Сонда бұл білім болып саналады. Ал, мектепте, колледжде немесе университетте алған көп ақпараттарыңызды нақты өмірде кәдеңізге жаратпасаңыз, ол білім болып саналмайды. Өз басым, мектепте алған синус, косинус, тангенс, котангенс деген нәрселерді осы өмірімде ешқашан кәдеме жаратпаппын және кәдеге жарайды деп ойламаймын да. Яғни, ол білім емес, жәй ақпарат.
Бүгінгі адамдардың көбінде осындай өмірде нақты пайдаңа асыратын білім жетіспейді. Екі-үш жоғарғы оқу орнын бітіріп, жұмыс таба алмай жүргендер жетерлік. Ал нағыз білім деген пайдалы ақпаратты кез-келген сәтте кәдеңе жаратып, нәтижеге қол жеткізу. Яғни, сондай білімі бар адам ешқашан жерде қалмайды.
Тәртіптілік
Иә, көп адамдардың бойында бұндай қасиет жоқтығы жасырын емес. Тәртіптілік деген өзіңнің мінез-құлқың мен ақыл-ойыңды, сөзіңді, іс-әрекетіңді қалауыңша пайдалы нәрсеге бағыттау. Мысалы, ерте тұру, таңертең дене жаттығуын жасау, жұмысыңды сапалы және белгіленген мерзімде орындау, ол үшін білім мен біліктілігіңді үнемі жетілдіруге көңіл аудару, т.б.
Бойында тәртіптілік қасиеті бар адам ешқашан жаман әдеттерді бойына сіңірмейді. Арақ-шара ішпейді, темекі тартпайды, өсек-өтірік айтып уақытын босқа кетірмейді. Ол өзіне де, өзгеге де пайдасы тиетін шаруаларды атқарады және сондай іспен айналысуға өзін мәжбүрлей алады. Тәртіптілік дегеніміз осы.
Жайбасарлық
Нық шешім қабылдайтын жерде қабылдамай, кейінге қалдыру, әрнәрсеге күдікпен қарау, нақты шешім қабылдай алмау – бұл сіздің болашағыңызға балта шабатын ең жаман қасиеттердің бірі. «Сабақты ине сәтімен» деген деп, бар жақсылықты болашақтан күтіп, нақты шешім қабылдауға асықпай, көңіл күйі әуенімен кететіндер аз емес. Ондайлар, бұл істі атқару үшін бір қолайлы сәт келеді деген үмітпен уақыттарын өткізеді.
Табандылықтың жоқтығы
Кез-келген шаруа бірден қолға алған сәтте дөңгеленіп кете қоймайды. Түрлі күтпеген кедергілер мен қиындықтар кездесіп жатады. Сондайда табансыз адам бірден жалт беріп, бұл менің қолым емес екен деп бастаған ісін аяғына жеткізбей тастап кетеді. Өмірде биіктерге жете алмаудың ең негізгі себептерінің бірі – осы табансыздық. Табанды адам қиындықтардан қашпайды және кедергілер оны мойытпайды. Алған мақсатына жету үшін ол қандай қиындықты да жеңуге әзір. Табанды адамдар міндетті түрде ойға алған мақсаттарына жетеді, ал керісінше табансыз адамдар ешқашан табысқа жете алмайды.
Өзіңе ұнамайтын іспен айналысу
Егер сіз өзіңізге ұнамайтын жұмыс істейтін болсаңыз, ешқандай нәтиже болмайды. Өйткені бұндай істі адам еш құлықсыз, тек ақша табу, уақыт өткізу үшін ғана жасайтындықтан, сапасы болмайды. Ал сапасыз жұмыс ешкімге, ешқашан табыс әкелмейді. Сондықтан, егер өз мамандығыңыз өзіңізге ұнамаса, онда уақыт өткізбей өзіңізге ұнайтын мамандық таңдаңыз. Әйтпеген жағдайда, өле өлгенше сәтсіздік пен кемсітушіліктен құтыла алмйсыз. Жұмысты дұрыс атқармайтын адамды басшылар да, айналасындағы әріптестері де жеккөретіні анық.
Ынталылылық
Қандай шаруада да ынта болмаса, жұмыс нәтиже бермейді. Ынтамен атқарылған іс қана нәтижелі және сапалы болады. Сондықтан, қандай істі қолға алсаңыз да бойыңызда соны атқарсам, мынадай нәтижеге жетемін деген үміт және ынта, құлшыныс болуы керек. Әйтпесе, қолға алған шаруаыздың жақсы нәтижелі болуы екіталай.