Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Дала жұлдыздары

Дала жұлдыздары

Редакциядан: Құрметті оқырман! Есіңізде болар, газетімізде «Сырткөз» айдарын ашқан бойда қазақтың кең сахарасында жиырма төрт жыл ғұмырын өткізген (ХІХ ғасырдың ортасы) поляк жазушысы Адольф Янушкевичтің «Қазақ даласына сапар туралы жазбалары» атты еңбегінен үзінді бергенбіз. Бүгін сол еңбектің жалғасын жариялап отырмыз. Мұнда халқымыздың толағай тұлғалары Құнанбай қажы мен Барақ сұлтан туралы мәнді де мағыналы дерек поляк ұлының көзімен тамаша берілген.
Ташкенттік бұхарлықтар мен қазақтар арасындағы істі шешу үстінде мен дала руларының ішінде жарық жұлдыздай жарқырап көрінген екі кесек толағай тұлғаға тап болдым. Мен енді саған Барақ сұлтан мен Құнанбай би жөнінен бірер ауыз әңгіме қозғамақпын.
Барақ сұлтан – Шыңғысханнан тарайтын хандардың ұрпағы. Ол қазір де дер шағында. Әлі жас, алып дене күшіне сай, жүзінен нұр төгілген сұлу адам. Табиғат оған Дала Геркулесіндей күшпен қоса ақыл мен қайсар мінездің үстіне жүрек жұтқан батылдықты қоса сыйлап-ты. Феодалдық дәуірдегі баронның ұлы секілді ол серілік дәстүрінде тәрбиеленген. Садақты ешкім одан дөп атпаған, асауларды одан тез ешкім үйретпеген, ауыр тасты одан ешкім оңай көтермеген. Қазақ сайысы – бәйге, аңшылық пен барымта бұл адамның атын бүкіл далаға кеңінен жайған. Оңай олжа іздегендердің көпшілігі осы Барақтың жасыл туының астына жиналып, Алатау жаққа сан рет жорық жасаса керек.
Бірде үйсіндердің тоғыз есе көптігіне қарамастан Барақ қолы тау бүркітіндей шүйіліп, олардың тас-талқанын шығарып, ауылдарына үйір-үйір жылқы айдап қайтыпты. Барақтың тегеурінді тосын шүйлігулері Вальтер Скотт романдарындағы тау кландарының Шотландия тұрғындарына жасаған шабуылдарын ойға оралтады.
Сондықтан да болар, оның атын естіген сәтте-ақ, мына деген дала қарақшыларының өзі де, оңай олжа түгіл, ендігі жерде одан аман құтылуды ойлап қаша береді. Даланың мұндай жаужүрек ұлын талай ақын өлең-жырға қосқан, мадақтаған. Еліндегі жағдайдың өзгеруіне байланысты бұрынғының бәрін қойып, ол енді кару-жарағының бәрін жасырып тастап, қолына бүркіт ұстап, қасқыр соғып, түлкі аулап, киік қуатын болыпты. Оның денесіндегі арғы атасы Шыңғысханның қаны әлі суымағандай. Ел билеушілік мансап, алтынмен оқалап тіккен шапан да найман батырының көңілін аулай алмайтындығын көрсетіп тұр. Әлдекімдер оны менсінбегендей болса ақыл мен қайратқа толы басын сол жаққа байсалды бұрып, кеудесін көтере ұстар еді.
– Шәуешекке бір барғанымызда, – дейді батыр, – сол жердің алдайына (комендантына) тап болдық. Жанымдағылардың бәрі қайнағасына сәлем берген жас келіншектердей тізелерін бүгісті. Мен оны құрмет тұтудың белгісі ретінде қолымды кеудеме апардым. Менің илікпеуіме таң қалған алдай:
– Басқалардай сен неге тізеңді бүкпейсің, – деді.
– Ондай құрмет тек тәңірге ғана көрсетіледі, ал сен Құдай емессің.
Осы жауабымды естіген алдай ашулы түрде:
– Мен саған бұйырамын, – деп шақ ете түсті.
– Маған бұйрық беруге қақыңыз жоқ. Мен оныңды орындамаймын. Келгенімді ұнатпасаң, қош бол. Кері қайтамын, – дедім. Бұл сөзім шүршітті (қытайды) жұмсартып, райынан қайтарды білем, ол менің отыруымды өтініп ғана қойған жоқ, қайта дәл алдына жайғастырып, басқалардан артық күтті. Шай ұсынып, дастарқанға алуан түрлі тәтті тағамдарды үйіп тастады. Мен дәм татқам жоқ, өйткені, жылан ба, әлдене араласқан қытай аспазшыларының тағамдарын бұрын жеп көрген жоқ едім.
Міне, жалпылай баяндасақ, бұл нағыз байрондық бейне, халықты соңынан ертіп, оны алға қойған мақсаттарына бағыттай білетін рухы күшті адамның тұлғасы осындай.
Дала атақтыларының бірі – Құнанбай бидің жасы Барақтан шамалы ғана үлкен. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі туралы қам жейді. Дала заңдары мен Құран-қағидаларының баянды білгірі, қазақтарға қатысты Ресей заңдарын жатқа біледі, қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Қарапайым Құнанбай әулиенің даңқына бөленген. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да әр қиырдағы ауылдардан келіп жатады.
Тобықты руының сеніміне ие болып, ол болыстық қызметке сайланған. Ол өз қызметін бақайшағына дейін біліп, оны бар қайрат-жігерімен сарқа төгіп атқарады. Иегін көтерсе болды, әр бұйрығы, әр сөзі орындалады. Кезінде ол көрікті-ақ болған. Бұдан бірнеше жыл бұрын шешек оны Мирабо секілді көрден бірақ шығара жаздаса керек. Қазір оның бетінде содан қалған іздер бар. Ол шешіліп сөйлеп кетсе, бетіндегі кемшілігі жоғалып кететіндей. Қатерлі дерттен қалған бұл белгі жерлестерінің Құнанбайды мүсіркеп, оның жолында бәйек болғанын әлсін-әлсін есіне түсіріп отырады. Осының өзі-ақ, оның қызметіне мағыналы мән де беретін көрінеді.
– Мен өмір мен өлім арасында арпалысып жатқанда, – деп ол маған тебірене әңгіме бастап кетті, – жерлестерім, зар еңіреп, ақыл-естері шығып, үйімді қоршап тұрды. Солардың көз жасы мен тілегі болар, мені өртеп бара жатқан оттан аман алып қалды.
Өркениетті Еуропаның бір елінде Құнанбай секілді әділетсіздік пен дәулеттілердің зорлық-зомбылықтарына карсы бірде семсер, бірде қалқан болған, от тілді, орақ ауызды бір шешеніне халқы қанша ілтипат көрсетсе де, оны ажал аузынан алып қала алды ма? Ол елдің тілеуі жанбай, әйтеуір, алғыс сезімі тасқындаған олар өлген адамына Пантеон орнатумен тынды ғой.
Бүгін он шақты сұлтан мен бес-алты мырза бізбен бірге шай ішуге шақырылды. Осы дала билеушілеріне қарап отырып: «Пацқа сарайы сай, сарайына Пац сай», – дейтін біздің поляк мәтелін ойыма түсірдім. Барақтың қасында ақсүйектер (сұлтандар) ақсүйектер емес, сұр сүйектер болып көрінеді. Ал барлық байлар Құнанбайдың кебісін де кигізуге жарамайды.
Дайындаған:
Сәрсенқұл НАЗАР
Сурет “Құнанбай” фильмінен алынды.

14 қыркүйек 2018 ж. 2 057 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 32

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930