Жетім қарт
Университетте оқып жүрген кез еді. Жыл сайын дәстүрге айналған қарттар күнінде бұл жолы тағы да тосын сыйымызды дайындадық.
Бірнеше апта бойы концерттік бағдарлама әзірлеп, қарттар үйінің есігінен енгелі тұрмыз. Естігенім болмаса, бұл мекенді көрген емеспін. Жүрек шіркін елжірейді ме, әйтеуір дүрсілін үдете түсуде.
– Кеттік, болсаңшы, уақыт аз, – деген концерт жүргізушісінің дауысы гүр ете қалды.
– Ә, – дей алмастан бірінен соң біріміз қарттар үйінің табалдырығын аттадық. Әне, анау жерде бір әже ескі суретке қарап бір күледі, бір жылайды. Орындықтың шетінде бүкірейе отырған ата да әлденеге алаңдаулы секілді. Қай-қайсысына қарсаң да көзінде мұң, көңілінде кірбің.
– Ал аталар мен әжелер, қойылым залына кеттік. Бүгін бізде концерт! – деген ұйымдастырушының дауысы барлығын өзіне қаратты. Балаша қаз-қатар таяғын сүйене сахнаға қарай беттеді.
Барлығы ойдағыдай өтті. Керемет көрініс, әуелеткен ән мен мың бұралған билер қарттардың көңілін біраз көтеріп тастағандай еді. Орнынан тұрып, таяғын тастай сала ортаға шығып билеп, вальспен тербелген оларды көргенде көзден жас еріксіз ытқып шықты...
...Бір топ студент концерттен соң заттарымызды жинап, қайтқалы тұрмыз. Кенет терезе алдында қозғалыссыз отырған қарт әкеге көзім түсті. Жаңа ғана көңілденіп жүрген еді. Сонда уақытша екен ғой. Кідіріп, бір жүріп, кері қайтып, әйтеуір қасына қалай жақындағанымды аңғармай қалдым. Кішкентайымнан атамның бауырында өскен мен ата көрсем елжіреп сала беретінмін. Бұ жолы да сол қайталанды. Өз атамнан айнымайды.
– Ата? – дедім жай ғана.
– Ау балам? – деген сөзді іштей айтқан сыңайлы. Көз жанарынан барлығын оқып тұрмын.
– Қасыңызға жайғассам бола ма?
– Иә... Бірақ бұл жауап та іштей айтылып, ата басын изеді.
– Атамды сағындым, – дедім көзімнен аққан жасты ақырын сүртіп.
– Не болды, балам? – деген атаның дауысы алаңдаулы шықты.
– Атама қатты ұқсайсыз. Марқұм атам – менің балалығымның басты кейіпкері, – дедім еңкілдей.
– Жылама, қалқам, – деген ол сан қатпарлы қыржым алақанымен қолымнан қысты.
– Өмірде талай дүние бар... Біріне ата керек, ал ендігісіне оның қажеті де жоқ, – деді ақсақал ұзақ күрсініп.
– Жас болдық. Үй боламын деп әйел үшін, бала үшін тыраштандық. Түзде жүріп үйдегі жайдан хабарым болмапты. Тек кемпірім ерте қайтқанда ғана оны түсіндім. Жалғыз ұлым мені керек етпеді. Бір шүйкебастың етегінен ұстады да кете барды. Ал көп жылдан бері еткен еңбегімнің жемісі осы ұлдың жолында «құрбан» болды. Дымсыз, үйсіз-күйсіз күнелткен күн мен түнімнен арашалап алған осы жер. Менің де қанша ғұмырым қалды дейсің, бүгін бармын, ертең жоқпын, – деген ата қолындағы шүберегімен көз жасын сығып алды.
Ойым сан-саққа кетіп, «ата қаласаңыз мен келіп тұрамын. Шахмат, шәшкі ойнаймыз, жарай ма?» дедім қолынан қыса. Көзінен үміт оты лаулағандай жымиып сала берді. Ал мен болсам уәдемді беріп, қол бұлғап кете бардым. Жол бойы ойланып келемін, көз жасым еріксіз төгілуде.
Кішкентайынан әлпештеп өсірген баласы ата-анасын сол бір қарт шаңыраққа апарып тастап жатады. Беті бүлк етпестен аяулы анасынан, асқар таудай әкесінен бас тартқан балаларға не деуге болады!? Балаларынан баз кешіп, бақытын қарттар үйінен іздеген қарттардың ендігі қызығы неде? Өзгеден үміт күтсе де, өзегінен тепкен бала¬ларынан үміт күтіп-күтіп әке мен ана отыр. Сондағы бар арманы – балаларының бақыты ғана. Өмірге әкеліп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, ауыра қалса асты-үстіне түсіп, сенің табаныңа кірген тікен менің маңдайыма қадалсын деп бар тәттісін баласының алдына тосып, жақсысы мен жайсаңын, қазысы мен жал-жаясын бала¬сына беріп, бесігінің басында талай түнін ұйқысыз өткізгендігімен қоймай, түнімен көше кезіп кеткен баласын күтіп көз ілмейді де. Одан қалса, өсіріп, үйлендіріп, үй қылып жағдайын жасап болдым, енді бейнетімнің зейнетін көрейін деген шағында сол қарттар үйіне көзін жәудіретіп апарып тастайды. Қош делік, әр нәрсенің өз уақыты бар. «Ата-анаңа не істесең, алдыңа сол келеді». Ойымдағы жауапсыз сұрақтар бірінен соң бірі көлбей өтіп жатыр, өтіп жатыр.
Бүгін күн жадыраңқы. Күннің суығы да басылып, жып-жылы болып тұр. Бірақ сарғайған жапырақтар өз реңін бермейді ғой. Жаңбыр да себелеп аңқыған таза ауа мұрныңды жарып барады. Қолыма шахматымды алып, өткендегі қарттар үйіне келе жатырмын. Атаны көруге асықпын. Қадамымды тез-тез басып, есігінен ендім. Ал алдымнан ақ матамен оралған біреуді әлдекімдер әкетіп бара жатыр. Мән берместен ішке кіріп, ата отыратын терезеге жақындадым. Ол жоқ. Тек «айырылып қалдық» деген күтушінің дауысын естіп, құлазып кеттім. Бір жапырақ қағазды қолыма ұстатты. Онда:
«Өмір-ай, қалтылдаған қайғы бар,
Қарттардың тек қартайған айыбы бар.
Бақтырған мұңлықтарды үкіметке,
Көбінің үйде бала-зайыбы бар.
Жаратқан, жан емес ем тілге ұста,
Батпай-ақ қойды-ау мынау күнде қысқа,
Кімге де ата-анасын бағу парыз,
Бұл сөзім болғай ұрпақ, елге нұсқа», – деп жазып кеткен екен қария...
Айнұр ӘЛИ