Салт дәстүрді жаңғырту – баршаның ісі
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қоғамға, оның ішіндегі билікке, үкіметтік емес ұйымдарға және қалталы азаматтарға үлкен серпіліс әкелді. Байлықпен һәм біліммен бірге іргелі елге айналу үшін рухы мықты ұлт болу шарт екенін жұрт түсінді.
Бұл жұмыста әсіресе, облыстық ардагерлер ұйымы мен ҚМДБ-ның облыстық дін мамандары ерекше белсенділік көрсетіп келеді. Осы орайда Қызылорда облыстық ардагерлер форумы алдында ұйым төрағасы С.Шаухамановтың «Ардагерлер айнасы» газетінде (15.04.2018) «Қазақи қасиетімізді жаңғыртудағы облыс ардагерлер ұйымының міндеттері жайлы» баяндамасы жарияланды. Онда мұсылманшылыққа жат, кейбір әдетке айналған күнәлі істер туралы және оларды жою һәм алдын алу шаралары егжей-тегжейлі айтылған. Аймақ ардагерлерінің басқосуында осы баяндама толық талқыланып, форумның қаулысы және шығып сөйлеушілердің айтқан ой-пікірлері ардагерлер газетінде тағы да жарық көрді.
Жоғарыдағы айтылған әдет-ғұрыптарды сақтау мәселесі Қазалы ауданында да жүйелі түрде қолға алыну үстінде. Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тікелей араласуы арқылы ауқымды шаралар өткізілуде.
«Құдайын танымаған адам өзін де танымайды» деген қағидаға сүйеніп, аудандық ардагерлер ұйымы ауданның орталық мешітімен, үкіметтік және ҮЕҰ-мен бірлесіп алдымен ардагерлердің өзін имандылыққа шақырды. Басқаларға үгіт-насихат жүргізерліктей жан-жақты сауаты бар ақсақалдар халықты рухани жаңғыртуға атсалысуға тартылуда.
Осының айтқан дәлеліндей мамыр айының 16 жұлдызында аудан әкімінің орынбасары Ә.Жарылқағановтың төрағалық етуімен «Салт-дәстүр мен діни рәсімдер сабақтастығы» атты семинар болды. Тағылымдық шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Бекбанов «Жомарттық пен ысырап – екі ұғым», ғалым-педагог Ш.Алтынбаев «Ысырап түбі – кепиет», ауданның бас имамы Б.Сүлейменов «Салт-дәстүр сабақтастығы. Бүгінгі күннің ынсабы мен ысырабы» және «Қожаназар ишан» мешітінің имамы К.Берімбаев «Ас – құдайыдағы ас мәзірі» туралы мағыналы баяндамалар жасады. Салт-дәстүрдің бүгінгі жайы, жетістіктері мен кемшіліктері, және жаңғыру жолдары кеңінен ортаға салынды. Пікірлер айтылып, сұрақтар қойылды. Семинар қортындысы хатталып, айтылған ұсыныстарды іске асыру жолдары белгіленді.
Рухани жаңғырудың салт-дәстүр мен дін саласында жүргізіп жатқан жұмыстары нәтижесіз емес. Атап айтқанда: Ас – құдайы кезіндегі ас мәзірі реттеліп келеді. Көп жерлерде әулет басшысы, ардагерлер үй иесімен келісіп, дастарқанға орталық мешіт бекіткен ас мәзірлерін ғана қоюда; «Аталыққа» деп шапан беру қысқартылып, оның орнына садақаның басқа түрлерін тарату іске асуда; Арақ-шарапсыз тойлар көбеюде; Ысырабы мол киіт алмасудың орнына тек ғана әулет мүшелеріне киіт сыйлау үрдіс алуда; Беташарды, сүндет тойды үйінде өткізу жолға түсуде.
Әрине, ауданда әлі де той-томалақ пен ақтық сапарға аттандыру рәсімдерін орындауда ысырапшылдық пен бәсекелестік толық тоқтатылмай отыр. Оның себептері баршылық. Өйткені, той жасаушы да, марқұмды бақилыққа жөнелтуші де да бәрі жақсы өтсе екен, арты әңгіме болмаса, жұрттан кем қалмасам екен деген пиғылда болады. Олардың мүддесін көздеп дұрыс бағыт беретін, басқарушы топ көп жерде әлсіз де қабілетсіз болып жатады. Әр рудың осындай жұмысты атқаратын белсенділері бар. Халық оларды құрметтеп, «президентіміз» дейді. Қазіргі кезде той мен өлікте кімдер шақырылатыны, не берілетіні солардың айтқанымен істеледі. Олардың біразы дұрыс бағыт-бағдар бере алмайды.
«Шілдехана». Бұл – марқұм қайтыс болған күнгі сол әулеттің ең жақын дос туыстарын, ақыл айта алатын сыйластарын шақырып, жерлеуді жоспарлау отырысы. Бұрындары 10-15 кісі ғана жиналып, орталарына молданы алып, ақылдасатын. Ол күні өлік шыққан үйден ас берілмей, алыстан келгендерді ағайын-туыстары, көршілері жайғаратын. Ал, қазір біржағында қазалы адамдар жоқтап, жылап жатса, екінші бөлмеде ас жеп, әңгіме-дүкен құрылады. Өте көп адамдар жиналып, бірнеше үйге бөлініп, ас ішіп, аяқ босатады. Бәрі де бұл дұрыс емес дейді. Сондықтан бұл келеңсіздікті тоқтату қажет. Ал, ас беруді келесі күні өлік шыққаннан кейін беруді үрдіске айналдырған дұрыс.
Той немесе жерлеуді басқаратын топ басшысы, оның құрамы сапалы болуы тиіс. Сөзі өтетін, жалтақтамайтын, әділетті, ең алдымен сол үйдің мүддесін көздейтін жанашыр болғаны жөн. Ол адамның діннен, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптан хабары мол болсын. Кезінде халыққа қызмет етіп, пайдасы тиген, сенімге енген, алғысқа лайық болғаны абзал. Бұны тәптіштеп айтып отырғаным: қазір көп жерлерде шолақ белсенділер көбейіп кетті. Зейнетке шыққан беделді кісілер, мұндай іске көп араласқысы келмейді. Сондықтан да шала би мен бала билер көп нәрсені былықтыруда. Ысырапшылдыққа жол бермеудің орнына олардың көбі өз мүдделерін көздеп, тойға, өлікке бөлінетін қаражатты, дүниені көбейтуді ұсынады. Өз мүддесі дейтініміз, көптеген ру «президенттері», басқа ру «президенттерімен» хабарласып, бірін-бірі шақырып, жиынның санын көбейтеді, танымайтын адамдар ас, садақаларда қаптап жүреді. Мұның өзі сол шара өткізушілерге қосымша салмақ түсіреді. Шақырусыз, дәретсіз сапқа тұрып, садақаны нәпақаға айналдырғандардың саны күннен-күнге көбеюде. Бұны үзілді-кесілді тыю керек. Ол үшін ұйымдастырушы, басқарушы байыпты болсын. Тойда да осы жәйт қайталанады.
Облыс ардагерлерінің форумында тойға бұрын бір-бірімен ешқашан қатыспаған, есік ашыспаған кісілер келіп, топты көбейтіп жатса, ал нағыз ағайын-туыстар, жанашырлар, сол әулетке сыйлы кісілер тойға шақырудан қалыс қалып жататыны сөз болды. Оның себебі дегенде кісінің байлығына, мансабына қарап шақырылылатыны айтылды. Осыны да ескере жүрген мақұл.
Кейбір отбасы көптен күткен тойын (тіпті өмірінде бірінші рет болуы мүмкін), қарызданып, қауғаланып өткізеді. Ауылдан келіп, қаладағы мейрамханада жасайтынын айтсаңшы. «Жақсы атақ алғаннан жақсы іс жоқ» депті Ұлықпан Хәкім. Шындығында той жасап, жақсы атақ алу қиынның қиыны. Бірақ тойдың жақсы жақтарын да ұмытпауымыз керек. Онда ойдағы-қырдағы ағайындар қауышып, сұхбаттасып, танысып-білісіп бір жасап қалады. Ақ тілектер айтылып, баталар беріледі. Әндер айтылып, би биленеді. Арақ-шарапсыз өтетін тойлардың, жақсы жақтарын дәріптеп, дамыта беруіміз қажет.
Әркім өз халінше той атқарады. Оны олай істе, бұлай істе деу әбестік. Бірақ, қазіргі талапқа сай, қазақтың менталитетіне жақын, көрпеге қарап көсіліп атқарылған той қай жағынан да дұрыс болмақ. Соның ішінде беташарды, сүндет тойын өз шаңырағында жасап, келін мен балаға бата алып беру міндетті. Қызды да өз шаңырағынан аттандырған ләзім.
Бүгінгі таңда – ас пен тойға бағыт-бағдар беруді, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрімізді жаңғыртуды, облыстың ардагерлер ұйымы форумының бастамасына сәйкес, ардагерлер мен дін өкілдері қолға алып, баршамыз қолдап, БАҚ арқылы насихаттап отыруды рухани жаңғырудың негізгі талабы деп білемін.
Сержанқожа БЕРДЕНҰЛЫ,
еңбек ардагері.