Ырым – ырыс, тыйым – тәрбие
Қазақ халқымен ғасырлар бойы жасасып келе жатқан ырым-тыйым біздің ортамызда кеңінен көрініс тапқан. Сол арқылы ұрпақ тәрбиелеу, жат әдеттен тыю, туындауы мүмкін қауіп-қатерді ескерту ұлттық ұғымымызда әлі күнге дейін сақталып келеді. Өмірде белгілі бір қағидамен жүретін адам бар. Соның ішінде ырым-тыйым, наным-сеніммен тұрмыс кешетіндер де жоқ емес. Ал, сіз нендей ырымға сенесіз, қай тыйымға тоқтайсыз?
Бұл ретте оқырмандарымыздың бірі: «Қазақта ырым-тыйым көп, оның бәріне бірдей сенемін десем артық болар. Мәселен, бір ғана қыз балаға қатысты «қызда қырық шырақты бақыт бар» деп білетін халқымыз, «сол бақыттың жұғыны қыз отырған төрде қалады» деп ырымдаған. «Қызда қырық періште бар» деген наныммен де қызды төрге шығарады. Өйткені, періште қонақ күтуші үйге қонады. Сондай-ақ «қызда оттай ыстық мейір бар, қыз қонақ болып барған үйде төрге отырса, бойындағы мейірі сол отбасына сіңеді» дегенді кез келген жан білгені жөн, – деген ойда. Расында да қазақ ырым-тыйымдары жаманнан жиренуге шақырады. «Қызда қырық қырсық та бар», «Қызда мұздай ызғар да бар» дегенді де естіген боларсыз. Бұның астарын қыз қонаққа барған үйде босағада отырып қалса, сол үйді ызғар шалады, бойындағы қырық қырсық та сол отбасында қалады деп түсінген. Күнделікті тұрмыста жиі қолданылып жүрген «Қыз қонақ, төрге шық» деген сөздер осындай таным-түсініктен қалған. Десе де ырымның да ырымы бар. Бәріне жаппай сеніммен қарау керек деген қате түсінік.
Әрбір ел мен ұлттың өзіндік наным-сенімі болады. Оның ішінде қазақтар ойлау жүйесі мен дүниетанымы жағынан басқалардан ерекшеленіп, дана халық деген атауға бекер ие болмаған. Себебі олар табиғатпен үйлесім таба білген. Жан-жануар, құстардың ішкі дүниесін түсініп, жер ананың қадірін бағалаған. Сондықтан да ерте жетіліп, ақыл-ойын дамытып, кез келген жайтқа жауап тауып отырған. Мысалы жапан түзде жұлдыздарға қарап адаспай жол бағдарын, уақытты анықтаған және ауа райын болжаған.
Сәбиді қырқынан шығару рәсімінің айрықша наным-сенімге сүйеніп өткізілетінін бәрі жақсы біледі. Сонымен бірге тұсаукесер, сүндет той, тағы басқа да дәстүр белгіленген ырым-тыйыммен жүргізіледі. Өйткені астарында келешекті жақсылыққа балаған ақжарқын ниет жатыр. Бір басылымнан Зейнеп Ахметованың «Баяғыда жау шапқан кезде алдымен шаңырағын ортасына түсіріп, отын өшіріп, күлін шашатын болған. Бұл – жаудың тірлігі. Жақсылыққа жаны құмар халқымыз «күлді шашпа», «отты өшірме» деген тыйым сөзді айтып отырған. Қазақта «күлі шашылып қалды» деген сөз жақсылықта айтылмаған. Басқа ұлтта от үстінен секіріп ойнап жататын көрініс бар. Оларда біздегідей тыйым жоқ» деген сөзін оқыған едім. Сол сәттен бастап, әр тыйымның мән-мағынасын терең білуге ұмтылдым.
– Ырым-тыйымды тура мағынасында түсініп жүргендер көп. Меніңше ол дұрыс емес. Әр нәрсенің астарына терең үңілу қажет. Мәселен «Нанды бір қолмен үзуге болмайды» дегенді алсақ, ұлық дүниені айрықша қадірлеп, қастер тұтуға шақырған ұғым деп түсінемін. Ал «Нан қоқымын теріп жеген адам бай болады» дегенді барлығы естіп жүр. Мұндағы мәселе нан қиқымын теріп, байлыққа қол жеткізуді емес, тиянақтылыққа, ұқыптылыққа үйретуді меңзесе керек, – дейді Ырысты әже.
Бала күнімізден анамыздың «Шашыңды жайма, жаман болады» деп үнемі жинап беретін. «Босағаға керілме, табалдырықта тұрма, үйге айқайлап, жүгірме» деген секілді тыйымды да жиі естіп өстік. Оның мән-мағынасын білгіміз келгенінде «жаман болады» деп жауап беретін. Ырым-тыйымның бала тәрбиелеу, жат әдеттен тыю мен қауіп-қатерлерді ескертуде рөлі зор деп есептеймін. Оларды халқымыздың ұлттық болмысынан бөле-жара қарауға болмайды.
Ал енді кейбір адамдар наным-сенімді басқаша түсініп жатады. Айталық, «Алдыңнан қара мысық өтсе, жолың болмайды», дегенді санаға сіңіріп алған. Мұндай жағдайда орнынан үш рет айналып немесе оған тас лақтырып ерсі қылыққа барады. Бұның бәрін де жөні түзу дағдыға жатқызбаймын. Негізі әркімнің көңілі тазалыққа жақын, ұстамы мықты болғаны жөн. Сондықтан қай нәрсені де жақсылыққа қарай жоруға тырысайық. «Халық арасында ертеден қалыптасып, бүгінге дейін жеткен ырым мен тыйымдарға сену керек пе, әлде сенбеу керек пе?» дегенге әркімнің ой-пікірі әрқилы. Десе де тәлім-тәрбиеге шақыратын тыйым сөздер адам бойындағы адамгершілік қасиетті қалыптастырып, жаман әдет, жат пиғыл, орынсыз қылық, теріс мінезден сақтандыратынына ешкім де күмән келтірмес. Сіз нендей ырымға сенесіз, қай тыйымға тоқтайсыз?
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА