Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ырымның жаманы болмайды

Ырымның жаманы болмайды

Қазақ халқымен ғасырлар бойы жасасып келе жатқан ырым-тыйымдар жүйесі халқымыздың өмірінде, салт-санасында, әдет-ғұрпында, тұрмыс-тіршілігінде кеңінен көрініс тапқаны белгілі. Ырым-тыйым арқылы бала тәрбиелеу, жат әдеттерден тыю, туындауы мүмкін қауіп-қатерлерді ескерту және т.б. нәрселер ұлтымыздың рухани кеңістігінде әлі күнге дейін сақталып келе жатқан тарихи, этномәдени, әлеуметтік мәні терең дүние. Кейбір ырым-тыйымдар бағзы замандардағы шамандық, тәңірлік наным-сенімдердің сипаты, белгісі ретінде де көрініс беріп жатады. Қалай дегенмен, ырым-тыйымдарды халқымыздың ұлттық болмысынан бөле-жара қарауға болмайды.

Ақты төкпе
Төрт түлікке байланысты ырым-тыйымдардың мәнісі малдың киесі бар екенін сездіруге, соны біліп, құрметтеуге шақырып тұрғандай әсер қалдырады. Төрт түліктің өзге де қасиеттеріне, кейбір әрекеттеріне қарай отырып ауа райын, табиғат болмысын, өзге де нәрселерді болжай алған халқымыздың рухани қазынасында осынау тақырыпқа арналған ырым-тыйымдар молынан ұшырасады. Солардың бірқатарына тоқталамыз. Сойылған малдың қанын төрт түлік көзінше төгуге болмайды – сүтінен айырылады. Малдың алдынан бос ыдыспен шықса – сүті азаяды. Сиырдың желіні іссе – таңертең ерте кебіспен ұшықтайды. Ит ұлыса – шаңырақта жаманшылық болады. Қарғалар тобымен шуылдап ұшса – қыста күн суытады, жазда ауа райы өзгереді. Үкі түнде ауылдың сыртынан шақырса – ауылда көп кешікпей өрт, қайғылы жағдай болады, үкісін жұлып алып, бойтұмар етіп сақтаған адам қатерге ұшырамайды. Егер тауық ұясына ерте қонақтаса – жауын-шашын болады, бір аяғын бауырына алып, ұзақ тұрса – күн суытады.

Асылы қанағат деу
Қазақ асты ерекше қадірлейтін халық. Сондықтан ас-ауқатқа, тағамға байланысты қалыптасқан ырым-тыйымдар астың қадірін арттыруға, ысырапшылдыққа жол бермеуге бағытталғаны сөзсіз. Қызға кәрі жілік ұстатпайды – оң жақта көп отырып қалады. Балаға ми жегізбейді – былжыр, ынжық болады. Ішіп отырған шайға сама түссе – қонақ келеді. Ас ішіп болған соң «тойдым демейді», «қанағат» деген жөн. Тұзды бейберекет шашпайды, астың иманы – тұз деп қарайды. Егiннiң тұқымы үшiн бiреу қарызға дән сұраса ренжiмей бередi, дәндi адам емес, қара жер тiлеп жатыр деп ырымдайды. Қазақ танымында ақ өнімдері, яғни ағарған жақсылықтың нышаны, пәктіктің, тазалықтың символы ретінде қалыптасқан. Сондықтан ағарғанға қатысты ырымдар өте көп. Мысалы, байқаусызда ақты төгіп алса, саусағын батырып, маңдайына жағу ырымын жасаған. Сосын аяққа басылмас үшін жақсылап тазалап, сүртіп алатын болған. Ақты аяқасты ысырап етпеген. Дәм үстіне келіп қалған адам немесе бір нәрсені сұрап, анықтап білуге кірген адам асығыс болып, дәмге қарамайтын жағдайда дәмнен үлкен еместігін білдіріп, қандай да бір дәмнен ауыз тиіп шығады. Жерге құт дарыту ырымын жасайтын қариялар жерге алғаш себілетін дәнді екі бұтының арасынан өткізіп, бісміллә деп лақтырады. Бiр жылда адамның көптеген арман тiлектерi орындалып, мақсатына жетiп, табысқа кенелсе, сол жылды құт жылы санап ерекше еске алады. Осы жылы құт-береке ортаймасын деген ырыммен сол жылдың атауы болған жануардың басына ақ құйып, ырым жасайды. Сол сияқты үйге кірген жыланды өлтірмей, басына сүт, айран, құйып шығару ырымы да бар. Бұл жерде ақ тағам – таза пиғыл, ақ тiлеудiң, жақсылыққа жорудың символы. Сонда, жыланның басына ақ құю оны перiштеге балауды бiлдiргенi болып шығады. Кейде тіпті үйге кірген жыланды өлтірмей, басына ақ құю жамандыққа жақсылықпен жауап берудің белгісі саналған.

Шырақты үрлеуге болмайды
Қазақ ырымдары ішіндегі кең таралғаны бұл үй тұрмысына қатысты ырым-тыйымдар. Олардың өзіндік тәрбиелік мәні бар. Мұны білген бала ұлтының салтын, болмысын терең біліп өседі. Түнде сандықты ашпайды – біреу-міреу өледі. Түндікті бақанмен тіреп қоюға болмайды – жау шақыру деген ырым. Жанып тұрған шырақты үрлемейді – адам ұмытшақ болады. Шәугімнің шүмегін есікке қаратып қоймайды – ырыс-несібе кемиді. Есіктің босағасын керуге, табалдырығында тұруға болмайды – жау шапқанда ғана үй иелері босағаны керіп, табалдырықта тұрған. Киіз үйде құмырсқа көбейіп кетсе – жылқының екі тезегін уыққа іліп қояды. «Тәңірден тілеп алған» сәбиінің екі аяғына ата-анасы ырымдап, баланы «тіл-көзден, түрлі пәле-жаладан қорғайды» деп қымбат бағалы металдан білезік соқтырып тағып қояды. Ертеде қазақтар дертке шалдыққан адамды көне наным-сеніммен, «киелі ағашқа» апарып, басына сыйынып, ырым етіп ақтық байлаған, науқас адамды дерттен арылтуға ниет еткен. Бiтеу iреп сойылған мал терiсiнен жасалған долық дейтін бітеу ыдысты молшылықтың нышаны санаған қазақ «үйге кірген ырыздықты «бітеп», шығармай тұрады» деп сенген. Мұндай бітеу малдың терісінен жасалған тұлып тәрізді ыдысқа ас-тағамның берекесі саналатын, дәмін келтіретін тұз бен молшылықтың белгісі астық сияқты заттарды ырымдап салып қоятын болған.
Дайындаған 
Серік АҚМЫРЗА


27 қыркүйек 2022 ж. 529 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 71

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 66

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930