Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қонақ келді – құт келді

Қонақ келді – құт келді

Қазақ «босағадан берік тау жоқ» деп, кез келген үйге иіле, көпке сәлем бере кіретіні баршаға мәлім. Еуропалықтар ұстанатын дастарқан, қонақ күту этикасын көшпелі ғұмыр кешкен ата-бабаларымыз баяғыдан біліп, қонағына сый-құрмет көрсеткен. Халқымыз танысын, танымасын, үйіне келген жанды құр қол жібермей, ас-суын беріп, құрметтеген. Ерекше айта кететін жайт, әр қазақтың үйінен қонақ үзілмеген. Баба дәстүрі – бүгінгі күнге мирас. Ақын Қадыр Мырзалиевтің бір өлеңінің үзіндісі қазақтың қонақжайлылығын дәл суреттеп тұрғандай:
Қазақ осы – көргенінен танбайтын,
Той-думансыз оты түзу жанбайтын.
Қазақ осы – алудай-ақ алатын,
Ал беруден алдына жан салмайтын.
Қазақ осы – ашық жарқын қабағы,
Қонақ келсе шабылып бір қалады.
Байқа да тұр, саған да ол кетерде,
Ат мінгізіп, жібек шапан жабады.
Күнделікті наным-сенім ұлттың танымын көрсетіп, салт-дәстүрінен хабар береді. Осы тұста қонақ күтуге қатысты ырым-тыйымдар қатары аз емес екенін айта кету керек. Мәселен, шаңыраққа бас сұғып, кіріп келе жатқан қонақ абайсызда сүрініп кетсе, үй иесі марқайған түрмен төрінен сыйлы орын ұсынады. Мұның түп төркіні «үйге күтпеген жерден байлық келеді, бақ дариды» дегенді білдіреді.
Үйде отырған қонақты саусақпен санамайды. Малды, қолға түскен тұтқындарды ғана саусақты шошайтып санайтын болған. Қазақта қыдырып, қонаққа келген жас баланы үйден құр қол қайтармайды. Бұл – сәбидің меселі қайтпасын, көңілі қалмасын, жүрегі суымасын, үйден ыстық ықыласы қалсын деген ырымнан туған ежелгі салт. Егер сәби үй иесінің жаман көзқарасын байқап, көңілсіз кейіппен қайтса, «бұл шаңырақтан – бақ, төрден – бақыт, дәннен – ырыс кетеді» деп ырымдаған.
Қонақ қонған түні мал төлдесе, оған шапан кигізіп, «ақжолтай қонақ» деп үлкен құрметпен шығарып салған. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген сөздің мәні осында.
Ырым-тыйымға біреу сеніп, біреу күмәнмен қарауы мүмкін. Алайда жақсылыққа ниеттеп, жақсыға сенуге бағытталғандықтан, оның адам баласына зияны жоқ. Қазақта сый табақпен екі кәрі жілік бірге тартылса, қонақ қуанады. «Оң жол болады, байлық келеді, бақ дариды» деп ырымдайды. Мұндайда адам жіліктерді еттен тазалап, мүжіп, өзі алып кетеді де, үйінің босағасына іліп қояды.
Қазақта кетік, сынық ыдыспен қонаққа ас бермейді. «Ыдыстың кетігінен шайтан қосарлана ас ішеді, қонақ қорланады, қонақтың жебеуші иесі шамданып, кәрін төгеді» деп ырымдайды. Қонақпен бірге үй қожасының өзі де астан ауыз тиюі керек. Бұл ырым арқылы астың адалдығы танылады.
Халқымыз үйге келген кісіге астан дәм татырмай жібермеген. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» еңбегінде: «Қымыз әкел, ас ауыз тигіз мыналарға!» деген сөздер кездеседі. Дәм ауыз тиюді дәстүрге де, ырымға да баласақ болады. Себебі, алыс сапарға, емделуге шыққан адам ауылдың үлкен үйінен дәм татып аттанатын болған. Бұл сол «Қара шаңырақтың киесі қолдасын» деген сенімнен шыққан.
Асты, дастарқанды қадірлейтін еліміз қастық қылған біреу туралы «дәм-тұзыма тапсырдым» деп айтатын болған. «Татқан дәмге қас қылған жігіт оңбас» деп өлеңдеткендей, шаңырақта астан дәм татқан адамның қастық ниеті болмауы керек.
Қазақтың қонақжайлылығына қатысты әдеп-ғұрып, дәстүр өте көп. Бүгінгі күні біразы ұмытылып, ауылдағы әр «қарашаңырақта» қалып қойғандай. Қонақ күту баба үлгісі екенін ескеріп, жаңа құндылықтарға сүйенген ғасырда жолымыздан жаңылмайық.

Дайындаған Дина БӨКЕБАЙ
09 қазан 2021 ж. 1 190 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 76

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930