Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жүректі жауынгер Үрмәш

Жүректі жауынгер Үрмәш

Біз бүгінгі күнде ұлан байтақ жерімізді аман сақтап қалған батырларды ұмытпауымыз керек.
Біз ешкімнен кем емеспіз. Батыр десе батырларымыз бар, халықты ауызына қарататын орақ ауыз, от тілді шешендеріміз бен қара қылды қақ жаратын билеріміз бар. Бірақ бізде соңғы кездері жаман дерт пайда болды, ол – өз ортасынан жиренушілік. Өз тарихын, өз тілін, өз ділін, дінін төмен санап, өзге біреулерге еліктеушілік. Өзінің табиғи болмысын бұзып, әркім болушылыққа әрекеттену. Бұл – халық болашағы үшін қауіпті дерт. Біздің қоғамымызда тіліне, тарихына, мәдениетіне немқұрайлықпен қарайтын ұрпақтың қалыптасып келе жатқаны жасырын емес. Міне, осындай жағдайда болашағымыз жастардың бойында отансүйгіштікті, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру үшін жанын пида қылып, жаулармен айқасқа түскен батырларымызды үлгі тұтып, солардың салып берген сара жолы мен дара жолын жадымызда мәңгі сақтауға міндеттіміз. Сондай батырларымыздың бірі – қасиетті Сыр бойы, Қазалының тумасы Үрмәш Түктібаев еді. Оны елге танытқан, ерлігін халыққа паш ету қарымды қаламгер Әлмамбет Әлішовтің еңбегі ұшан-теңіз.
Үрмәш Түктібаев 1917 жылы қазан айында дүниеге келген. «Алға» колхозында сауатсыздықты жою мектебінен 4 кластық білім алған. Ленин комсомолының мүшесі болған. Үрмәш ағамыз тумысынан өте қарулы болған, сол кездегі колхоздың ауыр жұмыстарына мойынсұнбай еңбек еткен. Ол 1938 жылдың күз айында Совет Армиясы қатарына шақырылып, өзінің Отан алдындағы борышын өтеп, 1941 жылдың 17 тамызында неміс фашистерімен соғысқа аттанған. Майданда жүріп партия қатарына мүшелікке өтеді. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. 1944 жылы Латыш елінің Нирза қыстағының маңында 3 күнге созылған қатты қанды шайқас болды. Жауды ілгері жылжытпау үшін пулеметшілер бөлімшесінің командирі, кіші сержант Үрмәш Түктібаев ерліктің орасан зор үлгісін көрсетті. Біздің жаяу әскерлеріміз жаудың оғының астында қалып көп шығынға ұшырады. Осы кезде алдыңғы шепте орналасқан пулеметші Үрмәш Түктібаев үлкен қайраттылық пен батылдық көрсетті. Қарша бораған оқ астында жүріп жаудың әлсіз шебін байқап қалған ол, өзінің орнын тез таңдап алды да, шабуыл жасаған фашисттерге қол пулеметімен оқ жаудырады. Көптеген неміс фашистерін жер жас­тандырды. Күш тең емес еді. Шабуыл жасаған жаудың саны көп болатын. Дәл осы мезетте Үрмәш жау оғының лаулаған отын кесіп өтіп, оқ жетер жерге бекініп алып, шайқасты жалғастыра берді. Фашистер оны орап өтіп тірідей қолға түсірмекші болды. Мұны сезген Үрмәш жауға қарсы оқты бората түсті. Дамылсыз оқ атудан қол пулеметі қызарып, отқа түскен көріктей болып кетті. Бір неміс солдаты арт жағынан жасырынып келе бергенде, Үрмәш оны пулеметінің дүмбісімен бір ұрып, жан тапсыртты. Фашисттер жан-жақтан: «орыс, беріл!» деп айқай салды. Үрмәш болса: «ештеңе де істей алмайсыңдар, жексұрындар, жеңіс біздікі болады» деп жауға жауап қатты. Оғы таусылған Үрмәш жаумен қолма-қол ұрысқа көшеді. Салмағы жарты пұттан асатын қол пулеметінің дүмбісімен жауға қарсы шығады. Осы шайқаста Үрмәш батыр жалғыз өзі жиырмадан астам неміс фашистін жер жастандырады. Ажалдың таянғанын сезсе де жау алдында бас имеді. Үрмәш ерлік жасап қаза тапты. Бірақ бекінген жерін жауға бермеді. Жаудың жиырмадан астам солдатын қол пулеметімен ұрып өлтірді. Үрмәш асқан ерлік жасап, қаза тапты. Үрмәштің денесі Латыш елінің Нирза қыстағындағы бауырластар зиратына жерленген. КСРО Жоғарғы Советі Президиумның 1945 жылғы 24 наурыздағы жарлығы мен Үрмәш Түктібаевқа асқан ерлігі үшін «Совет Одағының Батыры» деген ең жоғарғы атақ берілді. Ұлы Отан Соғысы тарихына есімі алтын әріппен жазылған батырлардың бірі осы Үрмәш Түктібаев. Латыш Рес­публикасы Министрлер Кеңесінің 1968 жылғы 25 қаңтардағы Қаулысы бо­йынша Нирза 8 жылдық мектебіне Совет Одағының Батыры Үрмәш Түктібаевтың есімі берілді. Сонау 1968 жылы мамыр айында Үрмәш батырдың қазалылық жерлестері Латвия еліне барып қайтты. Сапар барысында Батыр атындағы мектепте болып, Нирза қыстағындағы ба­уырластар зиратында жерленген Батыр жерлесіне гүл шоқтарын қойып қайтты. Сонан бері қаншама уақыт өтті. Ұлы алып империя КСРО келмеске кетті. КСРО құрамындағы республикалар өз тәуелсіздігін алды. Құндылықтар өзгерді. Балтық жағалауы елдерінде, Польшада, Европаны фашизмнен азат еткен Кеңес жауынгерлеріне қойылған ескерткіштер қиратылуда. Осындайда ойға келеді, зұлмат соғыстың зардабын көрген адамдар қалай тез ұмытылады. Сондықтан да бізді сонау Латыш жерінде Отан үшін ерліктің қайсарлық үлгісін көрсеткен қазақ батыры Үрмәш Түктібаевтың атындағы мектептің, ол жерленген ба­уырластар зиратының тағдыры ойлантады. Биылғы мерейтой аясында батыр жатқан елге іс-сапар ұйымдастырылса артық болмас еді. Бұл біздің елдігіміздің, ерлік дәстүрін қастерлегеніміздің, қазақтың қайсар батырларының рухын жаңғырту болып табылатындығы сөзсіз.
Үрмәш батыр қазақ деген халықтың данагөй халық қана емес, рухы биік батыр халық екендігін паш еткен ұлтымыздың ардақты ұлы. Сондықтан да Үрмәш батырдың ерлігі қазақ дүниетанымындағы батырлық философиясының бейнесі. Мұны айтып отырған себебіміз, батыр ағамыздың жасаған ерлігі жергілікті деңгейде ғана насихатталып жүр. Рас, батырдың атын иеленген ауыл бар. Қазалы қаласында үлкен көше берілген. Батыр дүниеге келген елді мекендегі №24 мектеп Үрмәш Түктібаевтың атында еді. Атында еді деу себебіміз жақында ғана белгілі болғандай бұл мектеп ресми түрде батыр атамыздың есімін иеленбеген екен. Жергілікті билік бұл мәселенің оңтайлы шешімін табамыз деп отыр. Біз бұған сеніммен қараймыз. Биылғы батырдың мерей­­тойын қандай деңгейде өткіземіз деген ой Асандардың ғана емес, бүкіл Қазалы халқын ойландыруы тиіс. Өткен жылы қазыналы Қазалы жерінде халық руханиятын еңсере көтеретіндей ауқымды іс-шаралар өткізілді. Азияның жолбарысы атанған Жалаңтөс баһадүрге, махаббатқа адалдықтың символы болған Бегім Анаға, тоталитарлық Кеңес жүйесіне қарсы Сыр бойынан алғашқы болып бас көтерген, ұлт-азаттық Асандар көтерілісінің құрбандарына арналып мемориалдық кешен ашылды. Республикалық деңгейде ақындар айтысы ұйымдастырылды. Ардақ­тыларымызға арналған іс-шаралардың өткізілуіне мұрындық болған облыс әкімі Қ.Көшербаевқа, Қазалы ауданының әкімі Н.Шамұратовқа, ауданның іскер азаматтарына халық дән риза. Сондықтан да біз Үрмәш батырдың мерейтойы жоғары деңгейде өткізілетініне сенімдіміз.

"ҚАЗАЛЫ" ақпарат
08 желтоқсан 2022 ж. 543 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031