Жігітте де жігіт бар...
Жаугершілік заманда ел жақтаған жігітті қыз қолдағанын білеміз. Онда да жұртшылық майданда «Аттан!» салып, ерлігімен көзге түскен, шекараның бүтіндігі үшін жанын аямаған азаматтарды ардақтаған. Ондай батырлардың дауда қара қылды қақ жарған әділдігі, Алты алашты аузына қарататын шешен болғанымен де тарихтан таныспыз. Қазақ мұндай ұлт мақтаныштарын жігіттің сұлтанына теңейтін. Қолға найза алып, жауға шабатын, сол арқылы азаматтығын дәлелдейтін заман өткен ғасырларда қалып кетті. Бүгінгі жігіттің сұлтаны ақыл-білімімен, спорттық сайыстарда білектің күшімен сыналып жатады. Дәл осындай дода жақында Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында өтті. Бұл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған шараның бірі.
Байрақты бәсекеге ауданға қарасты ауылдық округ пен мекеме қызметкерлері түгел қамтылды. Сайыстың бірінші кезеңінде жігіттер өздерін өлең жолдары арқылы таныстырып, алғашқы сыннан сүрінбей өтті. Одан әрі әрқайсысы жетік меңгерген өнерлерін ортаға салды. Жұртшылық «Жігітке жеті өнер де аз» деген тәмсілдің мәнін осы тұста ұғынды десек қателеспейміз. Ал мәселе білектегі күшке келіп тірелгенде көрермендердің кімге демеу білдіргені белгілі болды. Қол күрес сайысында да жастайынан спортты жанына серік етіп, салауатты өмір салтын ұстанғандардың бәсі биік болғаны жасырын емес. Бәрінен бұрын «Қыз-аруға сөз салу» кезеңінде жігіттердің беті қызарып, әртістік шеберлігі шыңдалғандар қазылар алқасын күлкіге қарық қылды. Айтпақшы, жігіт сұлтаны атанғысы келгендердің өнеріне мәдениет саласының ардагері Кенже-Әлі Асқар, жастар орталығының директоры Асылхан Дәрібаев пен аудандық спорт бөлімінің жаттықтырушысы Қуанжан Айдынқұлов қазылық етті.
Алқаның қорытындысы бойынша Дания Кенжебай мен Адай Арықбай атты ұстаздар үшінші орынды өзара бөліске салды. Ақтанбатырлық Мұрат Жанділдаев екінші орынға қанағаттанса, Жанқожа батыр ауылының азаматы Бақытбек Макеев бірінші орынды иеленді. Бәрінен бәсі биік болған №276 мектептің мұғалімі Бекжан Әбиев бас жүлдені жеңіп, «жігіт сұлтаны» атанды.
Көптен бері ұйымдастырылмаған мұндай шараны көрермен қауымның сағынып қалғанын байқау қиын болмады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ