Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран


Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында туған жерге сүйіспеншілікті нығайтып, өлкетану жұмыстарын жандандыруды да еске салды. Өйткені, тарих – өшпес өмір. Өткенді білмей алға жылжуымыз мүмкін емес.
Осы тұста ел азаттығы жолында азапты күй кешкен «Асандар көтерілісі» құрбандары мен оларға деген бүгінгі ұрпақтың сый-қошеметі туралы әңгіме өрбіткенді жөн көрдік. Бұл тұрғыда қалай, қайтіп жазсақ та артық етпейді.
* * *
«Туған жердің түтіні де тәтті» дейміз.
Мен де өзімнің осындай алтын бесігіме айналған Бекарыстан би ауылын ерекше қадір тұтамын. Атақонысымның тұла бойы тұнған шежіре. Дария бойындағы «Әлсейіт» қалқымалы көпірі тұсындағы биік тұғырға орнатылған ескерткіш-белгі алыстан көз тартады. Кейде ауылыма жолым түсе қалса, осы ескерткішке әдейі бұрылып соға кетемін. Сондайда менің жан-жүрегім ерекше тебіреніп, көңілімнің көкжиегін буырқанған ой-толқындары мазалайды...
Бастауыш кластарда оқып жүрген кезіміз. Сабақтан оралысымен түскі асымды ішіп бола бергенімде атам Қапар бөлмеге келді. Жүрісі асығыс. Қолына қамшысын алып: «Балам, кеше кешкілік қызыл қасқа баспақ өрістен келмей қалыпты. Ит-құсқа жем болып кетер, соны қарап қайтайық» деді маған.
Далаға шыққанымда жіңішке тірсек, жирен қасқасын ерттеп, жол жүруге дайын тұр екен. Ат арқасына қонған атам мені мінгестіріп алды. Маңайды жіті шола жүріп, ауылдан біраз ұзап кеттік. Қалың қурайлы алаңқай маңына жеткенімізде ат басын ірікті. Жерге түсіп жүрелей отырып, құран аяттарын оқыды. Yстін қағып орнынан тұра бергенінде балалық қызығушылықпен: «Ата, бұл не қылған жер?» дедім. Әлденені жадына түсіргендей біраз үнсіз отырғаннан кейін: «Қарағым, бұл аумақта кезінде әділдікті аңсаған арыстандай айбатты асыл азаматтардың жазықсыз қаны төгілген, «Асандар көтерілісі» болған. Қазір бұл әңгіменің саған қажеті бола қоймас. Кейін есейіп, ержеткен соң бәрін де түсіне жатарсың!» деп сөзінің аяғын жұтып қойды...
Содан бері де арада қаншама жылдар құс керуеніндей жылыстап өтіп кетті. Жұртымыз өз алдына енші алып, Тәуелсіз ел атандық. Бұрынғы бодандық бұғауында болған ата-бабаларымыздың арман-мұраты жүзеге асты.
Атамның сөзі шындыққа айналды. Сол шақтағы қоғамдық құбылыстың ыңғайына жығылып, сақтық жасап, кеудесінде құпиялап сақтаған атышулы қақтығыс жөніндегі деректер бүгінде баршаға белгілі болды. Оны сиырқұйымшақтандырмай ашық айтатын жағдай туды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев 1996 жылғы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің бес жылдығына арналған салтанатты жиында жасаған баяндамасында Кеңес үкіметі кезіндегі тоталитарлық жүйенің халыққа жасаған қысымына тоқтала келіп: 1929-1931 жылдарда шаруалардың 380 рет бұрқ ете қалған бүлігі мен көтерілісіне 80 мыңға жуық адам қатысты. Солардың ең ірілері Созақ, Ырғыз, Ақсу, Абыралы, Адай, Қарақұм және басқа да көтерілістер еді. Бәрі де қызыл армияның қарулы әскерінің күшімен аяусыз басып жаншылды» деп тайға таңба басқандай атап көрсетті.
Елбасымыз тілге тиек етіп отырған бас көтерілулердің қатарына біздің Қазалы өңіріндегі үш мыңға жуық шаруалар қатысқан «Асандар көтерілісін» де жатқызамыз.
* * *
1994 жылдары бұл тарихи оқиға туралы әңгімелер енді ғана шым-шымдап айтыла бастаған уақыттары туған ауылымда тұратын, аталмыш қантөгіске тікелей қатысқан Сағидан Үмбетов ақсақалмен жүздесіп, өткелекті өмірі туралы қалам тербеген едім. Дүрбелеңді оқиғаның куәгеріне байланысты жазған көлемді очеркім сол жылдары республикалық «Егемен Қазақстан», облыстық «Сыр бойы» газеті беттерінде де жарық көрді.
1910 жылы қазіргі Бекарыстан би ауылына қарасты Ақкөл деген жерде дүниеге келген Сағидан жеті жасында әкесінен айырылады. Жетімдіктің зарын тартып, ерте ержетеді. «Жаңа еңбек» серіктестігіне мүшелікке қабылданып, аянбай еңбек етеді. Уыздай ұйып отырған тұрғындарды Кеңес үкіметінің астық салығы әбден діңкелетеді. Тәртіп қатал: әрбір отбасы 300-500 пұт аралығында тапсырулары тиіс. Егер астығың жоқ болса малға болмаса басқа затқа айырбастайсың ба, бәрібір құтылуға міндеттісің.
Жаздың соңы – тамыз айының аяғына тақалған шағы. Жұрт «Бозқанақтағы» егіні мен бақшасын күтімге алып, алаңсыз тіршілік қамына кіріскен. Көрші ауылдағылардан «Аудандағылар елге тағы да астық жоспарын салыпты. Бірақ бұл жөнсіздікке шыдамаған 21, 22, 24, 25 ауыл адамдары қарсылық білдіріп жатқан көрінеді...» деген суыт хабар тарап кеткен.
Бұған он тоғыз жасар Сағидан өз қалауымен қатысуға тілек білдіреді. Сөйтіп, бұлар 23-ші ауылдан: Ақын Өтеуліұлы, Серік Әззатиұлы, Өмірбек Жасыбайұлы, Әлмағанбет Сырымбетұлы, Білдәш Бәсімұлы, барлығы алпысқа жуық жігіт сайдың тасындай іріктеліп жетеді.
Алғашқы күні жиналғандар дау-дамайсыз тарайды. Жиналған халық көтерілістің ұйымдастырушысы болып жүрген діни сауатты Иман Орынбетов мақсымды хан етіп, Әбдіхалық Иімбетовті оның орынбасарлығына сайлауға келіседі.
Шаруалар ертеңіне уәделескен мезгілде қайта жиналады. Бір-бірінен естіп құлақтанды ма, кім білсін адам қарасы кешегіден де көбейе түседі. Жиналған көпшіліктің қару-жарағының сиқы: қол шоқпар, кейбіреуінде садақ, найза. Алға кеткен тыңшылардың айтуынша мұздай қаруланған бір топ әскер Сырдария өзеніндегі «Әлсейіт» өткелінен өткен.
«Әлсейіттің» батысында екі шақырымдай жердегі екі гектарға жуық алапты алған бақшалық бар. Онда көкке бой созған терек, қарағаш өседі. Оның иесі шаруа баққан, басқа жұртқа қарағанда біршама күйлі тұратын Дүзубай деген азамат. Сондықтан көпшілік бұл маңды «Дүзубай ағашы» деп атап кеткен. Үлкен жол осы бақшалықтың іргесімен өтеді.
Бір сәт сол тұстан аспанға бұрқыраған шаң көтерілді. «Келе жатыр» деген күбір естілді. Іле «Аттан!» деген бұйрық та естілді. Алғашында үрей билеген әскер қаша жөнеледі. Көтерілісшілердің қаруы жоқ екенін сезген олар кідіріп, сақадай сайланған мылтықтан оқты жаудыра бастайды. Айнала шаң мен оқ түтінінен біреуді біреу көрмейтін тұманға айналады. Кісінеген жылқы, ыңырсыған адам дауысы естіледі. Талай жазықсыз боздақтар оққа ұшып шейіт кетті.
– Қарағым, «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген рас екен. Осындай қантөгістен оқ тимей, аман қалғаныма таң қаламын. Бір қуанарлығы, ауылдастарымның ешқайсысы мені тілінің ұшына алмады. Мен білетін Иман, Алмағанбет, Білдәш, Әбдіхалық сияқты көптеген арыстан жүрек азаматтар осы көтеріліс үстінде құрбан болды. Әрине, «Асандар көтерілісі» сол кездегі саясатқа кереғар. Алайда қара халықтың езгіге, әділетсіздікке шыдамаған бас көтеруін орынды бағалауымыз қажет, – деп күрсінген қарияның мұңды кейпі әлі көз алдымда.
Жалындаған жастық шағында халықтық көтеріліске қатысқан Сағидан Үмбетов ақсақал 1997 жылдың қаңтар айында 87 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Келешекте жас толқындар ата-бабаларымыз бастан кешірген осы бір нәубетті кезеңді әлі де терең зерттеп жатса, үкілеген үмітіміздің ақталғаны, аталар аманатының орындалғаны.
***
Кемеңгер халқымыздың «Адалдықтың арқаны ұзын» деген тәлімді тәмсілі «Асандар көтерілісі» құрбандарына арналып айтылғандай. Себебі, елімізде Тәуелсіздік таңы атқалы бері жазықсыз құрбан болғандардың ісі әділ де, адал екендігі дәлелденді. Рухтары ортамызға оралып, мәртебелері биіктен көрініп, ұрпақтар сүйіспеншілігіне бөленуде.
2000 жылдың күзінде Сырдарияның «Әлсейіт» өткелі аузынан зәулім ескерткіш қойылып, ас берілді. 2011 жылы көтерілістің 80 жылдығы аталып өтіп, ескерткіш-белгіге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 2016 жылы Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейтойында Әйтеке би кентіндегі «Тәуелсіздік» аллеясында шаруалар толқуына қатысушыларға тағы да ескерткіш орнатылып, бабалар рухы ұлықталды.
Аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі ұзындығы мен кеңдігі көңілге қонатын, КСРО Жоғарғы Кеңесінің үш мәрте депутаты болған, ауыл шаруашылығы саласының майталманы Қашақбай Пірімов атындағы көше бойында орын тепкен бұл сәулетті де әсем тарихи-мәдени нысан алыстан менмұндалайды. Келушілердің талғамынан шығып, жақсы әсерге бөлейді. Тас мүсіндер алыста қалған зұлматты күндерді еске салады. Оның ашылу салатанатында және бабаларды еске түсіруге арналған ғылыми-теориялық конференцияда «Асандар көтерілісіне» қатысушылардың ел мен жер қамы жолындағы мақсаттары мақтанышпен айтылды.
Кентімізден айбынды да айшықты ескерткіштің тұрғызылуы көпшіліктің көңілінен шығып, ризашылық сезімдерін туғызып отыр. Себебі бұдан былай туған жерге атбасын бұрып келген жерлестеріміз бен сәтін салып жолы түскен қонақтарымыз Сыр жағасындағы «Асандар көтерілісі» құрбандарына қойылған ескерткіш-белгіге сабылып, уақыттарын алмайды. Осы жерден-ақ әруақтарға бас иіп, перзенттік борыштарын өтейді.
Сонымен бірге киелі орынға мектеп шәкірттері саяхаттап келіп, алдыңғы толқын – аға ұрпақтардың өнегелі істері туралы тағылымды әңгімелер тыңдап, отансүйгіштікке тәрбиеленеді.
Бұл ел тәуелсіздігін жақындату жолында өз ғұмырларын үзген боздақ¬тардың өшпес ерліктерінің елге – мұра, ұрпаққа – ұран екендігінің айқын дәлелі.

Сахи ҚАПАР,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

16 желтоқсан 2017 ж. 3 988 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031