Бізге ортақ ақпараттық кеңістікті біріктіру заман талабы
Форумда Өзбекстан Туризм министрінің кеңесшісі Лола Рахманбаева сөз сөйледі. Оның айтуынша, түркі мемлекеттерінің ортақ ақпараттық алаңға ие болуы уақыт талабы және болашақтағы ең маңызды қадамдардың біріне айналып отыр. Спикер бұл бастаманың маңызын айта отырып“Бұған қол жеткізу үшін, әлбетте, бірыңғай ақпараттық арнаның қалыптасуы қажет. Яғни Түркі мемлекеттерінің ортақ ақпараттық үні болашақта пайда болады. Бұл үшін біз осы бағытта бірлесе әрекет етуіміз керек,” деді.
Лола Рахманбаеваның сөзінше, түркі елдері әлемге танылу жолында біріккен ақпараттық стратегияны қалыптастыруға тиіс. “Бүгінде біздердің ортақ әлемдік орталықтарда PR құралдарын меңгеру, ақпараттық технологияларды игеру, өзіміздің мәдени және туристік әлеуетімізді сапалы таныстыра білу - ортақ міндет. Бұл бағытта медиада қызмет етіп жүрген журналистердің еңбегі ерекше. Олар бізге жақын серіктес ретінде маңызды рөл атқарып келеді,” деді ол.
Спикердің айтуынша, негізгі мақсат- түркі елдерінің ақпараттық байланысын нығайту, коммуникацияны бір арнаға түсіру. “Яғни барлық мемлекеттер бір орталыққа тоғысып, сол жерден әлемдік ақпараттық кеңістікке еркін енуі керек. Бұл бір-бірімізбен ақпарат алмасуды жеңілдетеді және ортақ үн қалыптастырады,” деп атап өтті ол.
Лола Рахманбаева түркі мемлекеттерінің халықаралық танымдылығын арттыру бағытында нақты істер атқарылып жатқанын жеткізді. “Мен Қазақстанда да, Түркияда да, Әзірбайжанда да осы бағыттағы ілгерілеуді көріп жүрмін. Түркі елдері Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан,Түркия, Түрікменстан бәрі өз мемлекеттерінде бір-бірін таныту, ақпараттық ынтымақтастық орнату жолында жүйелі жұмыстар атқаруда,”деді ол.
Форумда айтылған бұл пікірлер түркі әлемінің ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыруда әлеуеті жоғары екенін көрсетіп, мемлекеттердің мәдени, туристік және экономикалық беделін бірлесе арттыруға бағытталған жаңа қадамдардың бастамасы болатынын айқын аңғартып отыр.














