Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тәрбиелік жыр нағыз – Бесік жырын жырлаңыз...

Тәрбиелік жыр нағыз – Бесік жырын жырлаңыз...


От жалынға оранған майдан даласында қарсы келген жаудан қаймықпай, батырлықтың символына айналған Бауыржан Момышұлы атамыздың өзі: «Менің үш қорқынышым бар. Біріншісі – бесік жырын айта алмайтын келіндердің көбеюінен, екіншісі – немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбеюінен, үшіншіден – салт-дәстүрін сыйламайтын ұрпақтың көбеюінен қорқамын», – деген екен. Осы орнымен айтылған дана сөз Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бас¬ты себепші фактор екеніне күмәнім жоқ. Себебі, қазақ халқы үшін рухани байлық салт-дәстүрі мен тек өзіне тән құндылықтарымен сипатталатыны анық. Газетіміздің өткен сандарында салт-дәстүрлеріміз хақында тұшымды ойымызды ұсынған болатынбыз. Ал, бүгін қазақы тәрбиенің ажырамас бөлігі «Бесік жыры» жайында қалам тербемекпіз.
Бесік жырының мәні мен маңызы қоғам арасында аз айтылып жүрген жоқ.
Қазақ халқы ықылым заманнан тәрбиенің озық үлгілерімен әлем халқы алдында еңсесін биік ұстап келеді. Себебі, қайсыбір ырым-тыйымын алып қарасаңыз да, адам бойындағы асыл қасиеттерді ұқтыратынын байқамауыңыз мүмкін емес.
«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады». Әңгіме бесік жыры жайында деп айттық емес пе, мұндағы бұлақ – бесік жыры. Қазақ баласы дүниеге келген сәтте тәрбиенің дәмін алғаш рет бесіктен көреді. Анасы бесікке бөлеп, зор махаббатпен ақ сүтін береді. Емізіп отырып сазды дауысымен бесік жырын жырлайды. Тұла бойы таза, күнәлі істен пәк сәбидің жадына осы сәттен бас¬тап қазақылықтың коды ене бастайды.
«Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», – деп таңдана жазған екен жер аударылып келген поляк революционері А.Янушкевич өз естеліктерінде. Әйгілі Затаевичтің «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай…» деуінің астарында көп сыр бар. Ал мұның басты себебі, баланың бесік жырын тыңдап өскендігінде жатыр. Нәресте барлық ақпаратты есту арқылы қабылдайтынын ескерсек, оған бесік жыры арқылы тәрбиенің іргетасы қаланады. Бар мейірім, махаббатты жеткізудің бірден-бір жолы осы. Сондықтан, сәби де құдды бір бесік жырының мән-мағынасын түсінетіндей, әуен естімесе тынышсызданып ұйқысы қашады. Ондай жағдайда аналарымыздың:
«Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем.
Жылама,бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін,
Байқұтанның құйрығын
Жіпке тағып берейін
Әлди, әлди, ақ бөпем»,– деп жүрегі елжірейді.
Ал, жаңа туған сәбидің денесі қандай да бір мәліметтер мен жамандықтан ада болады. Ғалымдардың құнды деректерінде бесік жыры айтылғанда сәбидің санасы әдеттегіден тезірек дамып, ойлау қабілеті жетілдіретінін айтады. Осыны о бастан білген, ертедегі аналарымыз бен әжелеріміз адамды кемелдікке әкелетін көптеген жақсы қасиеттерді жырына қосқан. Дәл осылай кішкентай шарана бесікте жатып, мидың таза кристалдарына жырдағы кейіпкерлердің үлгілі істерін жазып алатын көрінеді. Осындай дүниелерді ескеріп, әжелеріміз бесік жырын былайша әндеткен екен:
...Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің!
Бармақтары майысып,
Ою-өрнек ойысып,
Ұста болар ма екенсің!
Таңдайларың тақылдап,
Шешен болар ма екенсің!
...Құрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Қызмет қылар ма екенсің?!
Қолымыздан іс алып,
Бақытымызға жан балам,
Бізді бағар ма екенсің?!”
Бесік жырының тәрбиелік мән-мағынасын айтып тауысу мүмкін емес¬тей көрінеді маған. Бар айтатыным, ұрпағымыздың ұлы ұлт болуы үшін өте маңызды осындай салт-дәстүрлерімізді ұмытпай, оны келешек ұрпаққа қаз қалпында тапсыра білсек екен. Қазақтың әрбір үйінен бесік жырының әуені кетпесін дейміз.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ.
16 желтоқсан 2017 ж. 3 528 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031