Ұлттарымызға ортақ құндылықты бірге насихаттау керек
Ахмет Түзүн өз баяндамасында түркі дүниесінің әлемдік мәдениетке қосқан үлесі орасан екенін атап өтті. Оның айтуынша, түркі халықтарының дәстүрлі киімдері мен қолөнері сөзбен айтып жеткізгісіз бай мұра. “Мына жерде тұрған ұлттық киімдерімізге қараңыздаршы, оларды сипаттауға сөз жетпейді. Олардың артында тұтас бір мәдениет, ғасырлық дәстүр жатыр,” деді ол.Спикер түркі халықтарына ортақ әйелдердің ұлттық бас киімдерінің алуан түрлілігіне ерекше тоқталды. Әр бас киім жеке бір тарих, жеке бір күрес жолы. Ахмет Түзүннің пікірінше, Түркі дүниесінің Мәдениет фестивальдері қатарында міндетті түрде ортақ Түркі Әлемі Музыка Фестивалі өткізілуге тиіс. “Жас дарындарды танытатын, тіпті әлемдік деңгейдегі өнерпаздар шығатын үлкен мәдени алаң жасауымыз керек,” деді ол.
Сонымен бірге ол мәдениетпен сабақтас халықаралық спорт іс-шараларының да маңызын атап өтті. Венгрияда екі жылда бір өтетін Тұран Құрылтайы, әлемнің түкпір-түкпірінен түркі халықтарын жинайтын бірегей оқиға. Моңғолиядағы Наадам фестивалі, Түрікменстандағы Ақ Байрам, Якутиядағы Ысыах мейрамы, Татарстандағы Сабантуй, Түркиядағы 666 жылдық тарихы бар Kırk Pınar күрес сайыстары - мұның бәрі түркі мәдениетінің қуатын көрсететін іс-шаралар.
Ахмет Түзүннің айтуынша, түркі халықтарының алдында тұрған ең басты міндеттердің бірі өз мәдени мұрасын терең танып, оны әлемге таныта білу. “Біздің елдерімізге келетін шетелдіктер тек спорт немесе өнер үшін ғана емес, тұтас мәдениетті,тарихымызды, дәстүрімізді, рухани мұрамызды көру үшін келуі керек,” деді спикер.
Оның бұл ойлары форум қатысушыларына түркі дүниесінің бай мәдени әлеуетін паш етіп, осы мұраның жаһандық деңгейде насихатталуы қаншалықты маңызды екенінен хабардар етті.













