Ұлы даланың ұлылығы немесе жат әдеттен сақ болайық
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған үлкен ойдың бірі – ұлттық кодты сақтау. Елбасымыз өзіміздің ұлттық кодымыз деп тарихтың тереңінен тамыр алатын өнегелі әдет-ғұрыптарымыз бен жасампаз дәстүрлерімізді, рухымызды көтеретін ұлттық мәдениетімізді айтып отыр.
«Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деп атап көрсетеді Елбасымыз.
Шынында да абайламасаң адасуың, сақ болмасаң шатасуың түк емес. Идеологиясы мықты деп саналған Кеңес одағы да қайта құру мен жариялыққа жол ашылды деп адасты. Ақыры құлап тынды. Тізгінін босатып алған соң ата-бабасының дәстүріне емес, батыстың – өзгенің таңсығына құмартатындарды көбейтіп алды. Батысқа еліктеген орта буын өсіп шыққанда, кейінгі уақытта дін еркіндігі деген желеумен, жат ағымдардың жетегінде кеткендерге ие бола алмай қалдық. Олардың алды отбасыларымен бірге алыстағы Сирияға барып отқа ұрынды. Жаңа туған баланы жат жерге апарып, жат ағыммен улау – азғындықтың белгісі. Отанын да, отбасын да сатқан адамнан еш жақсылық күтуге болмайды. Бір ғана Сирия еліне екі жүзден астам шиттей бала-шағаны әке-шешелерінің өздері апарған дейді құзырлы органдар. Бұл тек анықталған, ресми деректер ғана. Ал алдау мен арбауға түсіп, өз өмірлерін тозаққа айналдырғандардың санын ешкім дөп басып айта алмайды.
Ал өз елімізде, бейбіт жерімізде тұрып адасып жүргендерді қалай түсінуге болады? Ақтөбе, Тараз, Алматы қалаларында орын алған террорлық оқиғаларды әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Жазықсыз адамдардың өмірін қиған қылмыскерлер мен қылмыстық топтар өз жазаларын алды. Алайда арам пиғылды адасқандар түбірімен жойылып кетті деп айта аламыз ба?
Бұны адасқандардың шектен шыққандары делік. Ал бір қарағанда тып-тыныш жүрген сияқты, ал киген-киімдері мен ұстаған әдеттері көзімізге қораш болып көріне бастағандардың қылығынан не түсінуге болады? Діни киіну осы екен деп оқушы қыздарына дейін хиджаб кигізіп, бет-жүзін бүркемелеп қоятындар ауылдан да, қаладан да табылады. Қысқа шалбар киіп, қаба сақал қоятындар да әке-шешелеріміз, ата-бабаларымыз ұстаған салт-дәстүрлерімізден бас тарта бастағаны. Оны айтасыз, өлген адамды сол күні көму керек, ас бермеу керек, еске алу жылдарында ат шапқызбау керек, бабалар жатқан кесенелерге бармау керек, келінге сәлем салғызбау керек дейтіндерді шығарып жүргендер де ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрімізге қарсы шығатындар. Жалпы, қара хиджаб, қара киім дегендер Иран, Ирак елдеріне, сол елдердің дәстүріне, керек десеңіз, олардың климаттық жағдайына келетін киімдер екенін ғалымдарымыз бұрыннан-ақ жазып жүр. Әр халықтың өз салт-дәстүрі, киім кию әдебі бар. Оған еліктеп, өз әдет-ғұрпыңды жоққа шығаруға болмайды. Біздің әжелеріміздің әдемі кимешегі мен ақ жаулығын ұнатпайтындар ұлтқа лайық ұрпақ өсіре алады деп айта аламыз ба? Нағыз қазақи дәстүрді атадан балаға жеткізіп отырған әжелеріміздің өрнекті өнегесі тәрбиеміздің темірқазығы емес пе?
Тағы да «Рухани жаңғыруға» жүгінетін болсақ: «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз», – дейді Елбасымыз.
Ұлттық құндылықтар дегенде бұрынғы өткен ғұламалардың да айтқандары еске түседі. «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзді Алаштың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы айтқан. Тілсіз ешқандай ұлт өз дәстүрін сақтай алмайды. Өз дәстүрін жоғалтқан халық, ұлт болудан қалады деген сөз де бұрынғы өткен данышпандарымыздан қалған. Елбасымыз да жат ағымдарға қарсы тек ел болып, ұлт болып күрескенде ғана төтеп бере алатынымызға назар аудартып отыр.
Иә, ата-баларымыз тілді де, дінді де құрметтей білген. Еш уақытта шектен шықпаған. Тілімен дәстүрлерін дәріптеп, діні мен имандылығын, ибалығын қастерлей білген. Ұлы даланың ұлылығын ұрпағына жеткізген.
Сәдуақас ЖҰБАТОВ,
Астана қаласы.