Тұран дала төсінде тұлпар шауып, бәйге алсақ...
2017-2018 жылдар болуы керек, Тасарық ауылында үлкен тасаттық берілді. Ауылға іргелес жатқан елдімекенде тұратын ағайын түгел атсалысқан жиынға келген мейманда сан жоқ. Ай-хай, пай-пайға басқан жанкүйерлердің шеті көз ұшынан көрініп, көкжиекке дейін созылып жатқандай еді. Мұндағы ат жарысқа жаяу үшін айшылық алыс жерден келгендерді де көз көрді. Денесін жел сығаламайтындай етіп тұлпарын киізге орап әкелген атбегілерге қарап, жануарға деген махаббатына қызыққаным есімде. Ал алып тұлпардың үстінде жас қырандай еркін қалықтаған балақайлардың жүзі нағыз қайсар мінездің қандай болатынын аңғартты. Бұларға қанат берген жүйрік тұлпар еді. Мұндай көрініс осы тасаттықтан кейін мүлдем сиреп кетті.
Иә, әңгіменің ашығы – Қазалы ауданында ат спорты кенжелеп барады. Басқасы – басқа, тұрғындардың атпен серуендеуге арналған иппадром ұйымдастырып беруін сұрап жүргеніне де аз уақыт болмады. Бірер жыл бұрын аудандық ішкі саясат бөлімі мен қоғамдық ұйымдар бірлесіп, Жеңіс паркінде «Жайлаудағы ауыл» көрінісін ұйымдастырғаны ғана есте. Жасыл желек арасында киіз үй тігіліп, көпшілік тамаша әсер алған болатын. Дегенмен жапатармағай келген жұрт жалғыз атқа мінуге кезекке тұрды. Қаржысы таусылған болу керек, жоба жылға жетпей тоқтады. Ал қазалылықтар атқа міну бақытынан тағы қол үзді.
Көктемнің алғашқы күндері Жеңіс паркінде тағы екі тұлпар байқалды. Кәсіпкер азамат бірін жайдақ, екіншісін ерттеп, жалға беріп отырғанын білдік. Бағасы – қолжетімді. Әттеген-айы сол, келушілердің талабына сай келмейді. Кезек күткен «шабармандардың» қауіпсіздігі ескерілмейді, арнайы алаң жасақталмаған. Дегенмен баласының батылын шыңдағысы келгендер мен емдік мақсатта ер тоқымсыз мінгендер бұған қарап жатқан жоқ. Тек аттар санын арттырса деген тілегі бар.
– Бала кезімнен ат шауып өскесін, кейде тақым қысып, алысқа шапқанды аңсап тұрамын. Демалыс күндері паркке келіп, мауқымды басып қайтатыным бар. Бірақ келушілердің қатары көп болған күндері уақытымыз күтумен өтеді. Осы кәсіпкерлікті дамытып, келушілерге ыңғайлы қылса, бұдан жерлестерімнің ұтары көп болар еді. Әуесқойлар үшін қауіп жоқ емес. Қалай дегенмен де ат спортынан алшақтамауымыз керек, – дейді кент тұрғыны Ерболат Тілекұлы.
Ауданда ат спортынан шаң шығармауы әуесқой атқамінерлердің ниетіне қолбайлау болып отыр. Дегенмен ауылдағы талай ағайынның қорасындағы жүйрігі баптаулы, шабандозы шыңдаулы жүр. «Көкпар басталды», «бәйге болады» деген хабар құлағына жетсе болды, «таблетка» көлік тауып, шақырған жерге сүт пісірім уақытта жетіп баруға бар. Ат баптағандарға мұндай хабар айтылмағанына аз уақыт өткен жоқ. Жауаптыларға қоңырау шалдық.
– Қазалы ауданының ат үстіндегі азаматтары көкпардан гөрі, ат жарысына көбірек бейім. Дегенмен елде орын алған жағдайларға байланысты бұл да тұралап қалды. Аудандық спорт бөлімі кәсіпкерлер мен спорт жанашырларымен бірге кемтікті толтыруды қолға алды. Жеңіс күні Бекарыстан би ауылында Көбек атаға ас беріледі. Сонда атжарыс ұйымдастырылып, аударыспақ ойынын да қоссақ деп отырмыз. Жүйрік аттар тыныққаннан кейін 21-22 мамыр Қашақбай Пірімов ауылында да ат шаптырылады. Оның бас жүлдесіне көлік тігілді деп естіп отырмыз. Жақында аудан басшысы Мұхтар Әуесұлы аудан көлемінде ірі бәйге ұйымдастыру жөнінде ой қозғады. Мұны біз қуаттай кеттік те, жұрт «Көктөбе» атап кеткен Әбдіраман төбесінде аламан, тай, құнан, тоқ бәйге жарысын өткізуді қолға алдық. Қазіргі күні аудан бюджетінен 3,5 миллион теңгеге сұраныс дайындап жатырмыз. Іс мәресіне жетсе, қазалылықтар үлкен бәйгенің куәсі болғалы тұр, – деді спорт бөлімінің басшысы Орысбек Жәмшейітов.
Әрине, ат спортына байланысты сайыстың көптеп ұйымдастырылуы жануарға қызығатын жұрттың қатарын арттырады. Көп ұзамай арнайы ипподром салуға ниетті азаматтар да табылып қалар. Бастысы, қазақ мәдениетінен ажыратып қарауға болмайтын ат спортының ауқымын кеңейте беру керек екені әркімге түсінікті.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ