Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Білім жиған бойына

Білім жиған бойына

Сыр топырағы талай талант пен тау тұлғаларға жарық дүние сыйлады. Ақыны мен батыры, ән мен жырға қанып өскен өнерпаздардың қанат қағуы – осыған дәлел. Өзі өлсе де аңызға толы ғұмыры жұрт жадынан өшпеген жүз жылда бір туар азаматтардан да кенде емес. Қасиет пен киенің иесі, парасатты пайымымен өз замандастарынан озық болған тұлға – Пәуедин Сыдықұлы. Ол туралы журналист Жұлдыз Әбділдә «Перілер құпиясы», кейін ақын, журналист Шәмшия Жұбатова «Темір үйдің тұрғыны» деген кітап жазды. Екі туындыдан да бұл Пәуедин Сыдықұлын құдіреті күшті, әулие кісі ретінде танимыз. Алайда бүгін айтулы азаматтың өз заманында көзі ашық, көкірегі ояу болғанына, еуропалық білім алғанына қатысты жаңа қырын сөз етпекпіз.
Қазалы ауданының Қостам елді мекенінде дүниеге келген әулиенің анасы Рәһилә Қосбармаққызы мен әкесі Сыдық Екзекұлы қарапайым шаруа болған. Сыдық ахун ағайынды төрт баланың ішінде көпшіліктің көзіне ерекше түсіп, сауатты молда болған. Елдің малы топалаң болып қырылған тұста дем салып, аман алып қалатын. Осындай ерекше қасиетіне айналасындағы жұрт сұқтанып, көз тиіп, жастау кезінде өмірден өтеді.
Сыдық пен Рәһилә өмірге екі перзент әкеледі. Пәуедин 11 жастан асқанда қарындасы Пәкизада жарық дүние есігін ашқан. Екеуінің анасы да тегін адам болмаса керек. Діни сауаты жоғары Рәһилә Құран хатым етіп, уағыз таратқан. Ол жайлы ақын, ұстаз Ғалия Орынбасар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, алғаш рет «Рәһилә ахун» атты кітап шығарған еді. «Менің қайын атам – әулиенің туған нағашысы. Ниет етіп, әулие туралы зерттеп жүргенмін. Пәуедин бабамыз жақындарымның түсіне еніп, «Ғалияға айт, алдымен анамды жазсын» депті. Осылайша алдымен Рәһилә ахунды жаздым, кейін әулиенің өз қолжазбаларын арнайы аудартып, өз атынан жинақ етіп шығардым», – дейді ұстаз.
Қарақалпақстаннан білім алған Алтай Ишан деген кісі елге келіп, үлкен мешіт ашады. Көп түйемен кітаптар әкеледі. Бала Пәуедин сол кітаптардың біразын алып оқиды. Ишан мұның алғырлығына қызығып, білімге баули түскен. Ишанның руы – Көбек. Ол осындай дана, білімдар азаматқа Зиба деген қызын бергісі келеді, алайда Пәуедин үйленбейді. Оқуға құштар жас ұшатын құстай талпынумен жүреді. Жасы он беске келгенде пойызға мініп, Орынборға оқуға кетпек болады. Ғалия Орынбасардың айтуынша, Пәуединнің туған нағашысы Қосбармақ деген бай кісі болған. Яғни, әулиенің Әнес, Әбу, Әбубәкір, Күнім, Сыдық, Сәдуақас, Рәбиға есімді нағашылары бар. Содан кетуге талаптанған жасты Әбудің қызы көріп қалып, ұстап алады да:­
– Кіп-кішкентай боп қайда барасың?, – дейді.
– Оқуға барамын.
– Оқуы несі, шырағым? Әке-шешең біле ме кетіп бара жатқаныңды?
– Ешкім білмейді. Өзім білім алуды мақсат етіп, қашып барамын, – дейді әулие. Осылайша нағашысы жолдан көріп, үйіне алып қайтады. Бірақ білімге құштар бозбала бәрібір қашып кетіп, оқуға аттанады.
Алдымен Ақтөбеде оқиды. Одан әрі асып, Орынбор, Мәскеу қалаларында болады. Жүрген жолында, әр барған сапарында ілім жинап, іздене түседі. Ағылшын, француз, фин, неміс, барлығы жеті тілді жетік меңгеруге күш салады. Ал замандастары үйінде КСРО-ның, жарты шардың картасы ілініп тұратынын, әулиенің өзі үнемі поэзия, проза жанрында түрлі кітаптар оқып отыратынын айтады.
Қарындасы Пәкизада жылға жуық уақыт бұрын 94 жасында дүниеден өтті. Зерттеу жұмысына тікелей қарындасынан ақпарат алған Ғалия Орынбасар анасы жайлы кітап жазылып біткен соң, төте жазуды түсінетін сауатты адамға әулиенің өз қолжазбаларын аудартуға кіріседі. Байқағанымыздай, күнделік түріндегі қолжазбаларында бірде бір жын-пері жайлы жазылмаған. Ішіне үңілсек, «Қазақ хандарының кереметтері», «Орысқа қарсы көтеріліс», «Арал теңізі, Сырдария бойынан шыққан билер», «Әйтеке би, Мойнақ би» сынды тақырыпшаларды, сәйкесінше, тарихи даталар, көтеріліс пен халықтан қатысқандардың тізімін көре аламыз. Яғни, Пәуедин сол кезеңде Қазалы, Арал маңында болған барлық тарихи оқиғаларды қағазға түсіріп отырған.
Сонымен бірге әулиенің еуропалық білім алғаны оның оқыған кітаптарынан білінеді. Киіну стилі де өзгеден ерек болыпты. Ол ылғи орысша, медицина, әдебиет, тарихқа қатысты еңбектерді оқып, санасына сіңірген. Бірде Қаражан Сансызбаев есімді қазалылық дәрігер өзі науқастанып, кімге көрінерін білмейді. Сонда жұрттан естіп біліп, Пәуединге барады. Өзі теміржолда бас дәрігер болғанына қарамастан, дертіне дауа таппай қиналған екен. Сонда әулиенің үйіне барса, кәсіби медициналық кітаптарды көреді. Кескініне қараса – алба-жұлба киінген, жұпыны адам. Бұл кез әулие Кеңес үкіметінен қашып, қудаланып жүрген тұсы болса керек. Сонымен алдына келген науқастың емін біліп, қағазға жазып береді. Қаражан Сансызбаев оған сенбей, Алматыға аттанады. Қалада жүріп, бір профессорға арнайы соғып, дертіне дауа сұрайды. Алайда профессор да, әулие де бірдей ем-дом жазып берген екен.
Айта кету керек, 1931 жылы Пәуедин әулие кеңес үкіметіне қарсы саяси қылмыскер ретінде сотталған. Яғни, өмір бойы КГБ-дан, кеңес үкіметінен қашып күн кешкен. Содан болар соңғы жылдары оның жұпыны киініп, азып-тозып кеткені айтылады. Сан салада білімді болған әулие – азаттық үшін саяси, рухани тұрғыда күрескен Алашорда қайраткерінің бірі.

Дина БӨКЕБАЙ
20 қараша 2021 ж. 1 205 0