Тарихи тұлға – Сырлыбай хан
Қазалы жерінде өткеннен сыр шертіп, көне тарихтан тін тарқататын қасиетті орындар көптеп кездеседі. Солардың бірі, ел құрметтеген Сырлыбай хан ескерткіш кесенесі. Қазақ хан деп ел билігінің бұйдасын ұстаған басшыны айтады. Есімімен хан деген құрметті қосымшаның бірге айтылу сыры неде? Тақырыпты зерделедік.
Қазақ тарихында, соның ішінде Кіші жүзден шыққан бірнеше Сырлыбай есімді хан өмір сүрген. Біз сөз етіп отырған Сырлыбай Шабақұлы туралы көп деректер сақталмаған.
Ауданға қарасты Өркендеу ауылдық округі тұрғандары өздері тұратын жерге жақын орналасқан тұлғаның туғанына 200 жылдан астам уақыт толған дегенді айтады. Осыған орай Сырлыбай ханның жалпы өмір сүрген уақыты 1818-1896 жылдар деп болжанады.
Өткенге үңілсек, 1806-1824 жылдары Хиуа ханы қазақ қоныстарын жаулап алады. Бұл тұста Кіші жүз ханы Әбілқайыр қапыда қаза тауып, 1824 жылға дейін Хиуа шахы Мұхаммед Рахим, Аллақұл Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойындағы Жаңақала және Бабажан сарттың қамалдарын салдырғанда, жергілікті тұрғындар жиі-жиі шабуылдап, олардан салық мөлшерін көптеп өндіреді. Алдындағы малы, азық-түлігі, бағалысының барлығынан айырылған халық кедейшілікке ұшырап, тіпті өз балаларын құлдыққа сату амалына дейін барады.
Елден жиналған малды Хиуа жеріне айдап жеткізу өзіне жүктелгенде Сырлыбай небәрі 13-14 жас шамасында болады. Тапсырылған ісін тиянақты, тындырымды орындаған қағілез баланы байқаған хиуалықтар оны кері жібермей, өздеріне қызмет істеуге пайдаланады. Сол жерде бірнеше жыл тұрып, Хиуа бектерінің сеніміне кіреді. Ел басқару ісін меңгереді. Осында ханның көмекшісіне дейін көтеріледі. Кейіннен Қарақалпақстанның Шымбай жерінде Хиуаның кіші хандығын құрып, хан атанады.
Осы тұста екі нұсқадағы мәлімет кездеседі.
Бірінде Хиуа ханы қазақ жеріне өзінің үстемдігін күшейту үшін «Сырлыбай, сен еліңе барып хан боласың» деп, арнайы құжат дайындап, нөкерлер мен жеткілікті қаражат бөлдіреді.
Сырлыбай билікті қолына алғаннан кейін өз халқының жағына шығып, Хиуа бектерінің құлдығынан азат етуге атсалысады.
Сырлыбай Жанқожа батыр мен басқа да елдің қамын көксейтін ру басшыларымен жолығып, бірлестікте жұмыс істейді десе, келесісінде Жанқожа: ««Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!» деген. Сырдың халқына Якупбек бастаған хан мен Бабажан сарттың зұлымдықтары өтіп барады. Біз оны өлтіреміз. Бұл аласапыранда саған да зиян келуі мүмкін. Елге тезірек қайт» деп хабар жібереді», – делінген.
Сырлыбайдың ұрпағы, ардагер ұстаз Шарафадин Алтынбайұлының мақаласында мынандай жолдар кездеседі.
«Сыр бойында Аллақұлы шахтың Қуаң бойынан салғызған Құртөбе, Сырдың сол жағалауынан тұрғызған Қожанияз бекінісі бүкіл әскерімен бірге Сырлыбайдың астыртын хабары арқылы Жанқожа батыр қолымен талқандалады. Үш жылдан кейін Жанкент маңындағы Бесқала қиратылып, Бабажан қазыққа отырғызылып, масқара күйде өлтіріледі.
Бұл жағдай Хиуа шахының ашу-ызасын туғызады. Сырлыбай осы жайттарды жіті бақылап, Сыр бойы қазақтарының жазықсыз жапа шеккенін жеткізеді. Ұзамай екі елдің ішкі-сыртқы мәселесін жетік білетін ол Шахтың бас кеңесшілігіне тағайындалады. Бас кеңесшілікте болған уақыттарда өзбектер мен Мары арасындағы мемлекеттік дауды басуға да қатысады», – дейді.
Мұнан соң Сырлыбай туған жұртына оралып, Жанқожа батыр бастаған қалың топпен орыс әскерилеріне қарсы Арықбалық шайқасына шығады.
Қазалының құрметті азаматы Мырзахмет Толыбаевтың айтуынша, Сырлыбай хан қазіргі Өркендеу, Бозкөл, Кәукей, Тасарық елді мекендеріндегі Жиеней руын біріктіреді. Алғашында жоғарыда көрсетілген рулардың биі, кейін болыстық құрылымда болыс болғандығын айтады. Хиуа, Қоқан, Ресей империясына қарсы күресте аямай жан берген перзентін халқы да қадірлейді.
Соңында қалған ұрпақтары Нұрқожа, Нұрман, Нұралы, Тобажан күйдірілген кірпіштен қайтыс болғанда әкелерінің басына кесене тұрғызады. Сырлыбай хан кесенесін 1938 жылы Кеңес үкіметі жандайшаптары қазына іздеп, қиратады. Және онда астыртын саясат болғаны да ұғынықты. Кесенені 1998 жылы ұрпағы Бегалы Әйтбембетұлы қалпына келтіреді.
Дайындаған Алтын МЕЙІРХАН