Ұрпағы ұлықтаған ұлы тұлға
Қазалыда Сыр өңірі халқын Қоқандар мен Хиуалықтардың қоқан-лоқысы мен Ресей патшалығының саяси езгісінен қорғауда өз ықпалын жүргізіп, елдің бірлігі мен тірлігін сақтаған тұлға Сырлыбай хан Шабақұлының 200 жылдығына арнап, ұрпақтары рухани-танымдық шара ұйымдастырды. Оған республиканың әр түкпірінен баба ұрпақтары мен қонақтар жиналды.
Сырлыбай Шабақұлы қазақтың Әлім тайпасы Кішкене Шектінің Жиеней руы, Қазанбай аталығынан шыққан әйгілі тұлға. Ол XIX ғасырдың 40-60 жылдары Хорезм шахының бас кеңесшісі, Шымбайдың кіші хандығының бас уәзірі, ханы, Жанқожа батырдың мыңбасы, Жиеней руының биі, болысы болған.
Осындай тарихи тұлғанының 200 жылдығына орай өткізілген шараға алыс-жақыннан жиналған көпшілік алдымен Қуаңдария арнасындағы Нұрқожа Сырлыбайұлы салдырған көпірде бас қосты. «Бұл көпірді салдырарда Нұрқожа атамыз арнайы Орынбордан қарағай бөренелерін алдыртқан екен. Ғасырдан астам тарихы бар көпір атамыздың көзіндей. Оны уақыт талабына сай жаңалап, жөндеп отыру біздің азаматтық борышымыз», – деді Сырлыбай ханның шөбересі Бегалы Әйтбембетұлы.
Бұдан соң баба ұрпақтары мен қонақтар Сырлыбай хан кесенесіне аялдап, рухына тағзым жасады. Кесене ішін аралап, тарихи тұлға туралы естеліктер айтылды. Еңсесі биік, шығыс сәулет өнерінің үлгісімен салынған күмбезді кесенені 1897 жылы хан ұлдары Нұрқожа мен Нұрман Оңтүстік шеберлерін жинап салдырған. Тарихи-архитектуралық ескерткішке 1997, 2008 жылдары ханның ұрпағы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазалы ауданының құрметті азаматы Бегалы Әйтбембетұлының қаржысымен Қызылордадағы Ескерткіштерді қайта қалпына келтіру шеберханасының меңгерушісі Біртай Бижанұлы бастаған топпен бір рет, одан кейінірек соңғы архитектуралық тәсілмен екінші рет реставрация жасалған. Қазір кесене Қазақстан мемлекетінің қорғауында. Сырлыбай хан кесенесінен кейін Жанкент қалашығында болып, тарихи орынмен танысты. Жанкент ауылында арнайы дастарқан жайылып, қонақасы берілді, баба рухына құран бағышталды.
Түстен кейін баба есімін ұлықтауға арналған рухани-танымдық шара өз жалғасын тапты. Қазалы қалалық мәдениет үйінде режиссер Серік Пірімбаев дайындаған «Сырлыбай хан» атты 1 актілі 2 көріністі пьесаны тамашалауға жиналған көрерменнің қарасы көп болды. Әділдіктің ақ туын жықпай, ел-жұртының сый-құрметіне бөленген Сырлыбай Шабақұлының өмір жолын баяндайтын пьесса жұртшылықтың көңілінен шығып, өнерпаздар зор қошеметке бөленді. Шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов ата-баба ерлігін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсете білген Сырлыбай ханның шөбересі Бегалы Әйтбембетовке, айтулы шараның өз деңгейінде өтуіне білек сыбана кіріскен Шарафадин Алтынбаев пен барша ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Өз кезегінде Бегалы Әйтбембетұлы өнерпаздарға алғысын жеткізіп, сыйын ұсынды.
Заманында сахилығымен алашқа аты танылған Сырлыбай ханның ұрпақтары да атадан қонған жомарттық қасиеттің қанда барын дәлелдеді. Әсерлі кештен ерекше көңіл-күймен шыққан халық «Ағайын» мейрамханасындағы дастарқан басында қайта қауышты. Бұнда баба туралы, оның ұрпақтары жайлы келелі сөз, пайымды пікір, ақжарма тілектер айтылды, бата берілді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетілді. Республика көлеміне танымал жыршы-термешілер Марат Сүгірбаев, Күнсұлу Түрікпен, Тұрар Айдос жырдан шашу шашты. Кәрібаев Найзабек Башарұлының кітап болып басылған «Сырлыбай хан» атты дастаны жиналғандарға таратылды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА